Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жалғызтау

Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 252 жол

«Бісміллə» — деп бастайын,
Жадымда алып алланы.
Бісміллə жүрсе аузыңда,
Жан тəніңнің қорғаны,
Дəулет пен бақ, ауру, сау,
Бір алланың пəрмені.
Шешен деп айтса, біреуді,
Аузына құдай салғаны.
Тіл жақсысын бермесе,
Пəнденің нешік дəрмені?
Қайырсыз пəни сұм дүние,
Баяны жоқ жалғаны.
Жеріне жетіп шаппаса,
Ешкім бабын таппаса,
Жүйріктің кетер арманы.

Жүйріктіктің белгісі,
Артында үлгі қалғаны.
Қас ақымақтың белгісі,
Қиюсыз сөзге нанғаны.
Жомарттықтың белгісі,
Мұхтар жи нашар алғаны.
Жұрты келсе үймелеп
Кетпесе дұшпан кимелеп,
Маңдайдан шырақ жанғаны.
Дариялықтың белгісі,
Шөлдеген мақұлық тойғаны.
Қорқақтықтың белгісі,
Айтқан бір сөзден танғаны.
Ақсүйектің белгісі,

Бергенін қайтып алмайды,
Қайырылып көзін салмайды.
Сүйегі тату кей жаман,
Айтқан бір сөзге нанбайды.
Ақырғы күнім нешік деп,
Хақ мұсылман зарлайды.
Өлерін кəміл білген жан,
Жұмақтан орын қамдайды.
Таупықсыз болса пендесі,
Сүйместен ұлын қарғайды.
Аллаға мойын қойған жан,
Бұл сөзімнен аңдайды.
Аманат тұр жаныңыз,
Жазуда риыздық дəміңіз,
Қайсыңды ажал таңдайды?

Өлімге дауа таппаған,
Оплотон, Хакім, Даниэл,
Табармыз деп салған бал,
Алланың ісін кім бұзар,
Пəнделіктен не дүр хал.
Илəиел ғаламен,
Тұғирлық жолға өзің сал.
Еһтияр жүзі екі жол,
Жанға айтты, бірін таңдап ал,
Тəніңнен жаның шыққан соң,
Артыңда қалар жиған мал,
Бұл дүниеден пайда жоқ
Болсаң да патша Даль мен Зал.

Жаңғалақтың белгісі,
Айтқанға кетер тоқтамай.

Парақордың белгісі,
Ит аузында соқтадай.
Жеті атасы бергенді айт,
Ұлы-қызын көргенді айт.
Тұрайын неғып мақтамай,
Жақсының сөзі алтынды,
Адал сөз бұзбас халқыңды.
Ағайының мол болса,
Дəулеті шалқар көл болса,
Қара ағаштай барқын-ды.
Ағайын аузын қақпаса,
Бойыңнан мінді таппаса,
Топта бір жүзің жарқын-ды.

Кей жақсының мінезі,
Аялаған мақтадай.
Аузынан бөтен шықпайды,
Қиюы келген қақпадай.
Артыңда жатып қалың жол,
Дұшпанға салсаң салқынды.
Дəулеті келте ер жігіт,
Баулы құстай талпынды.
Бұл күнгі кеңес малды да,
Қалмады қуат жарлыда,
Бұрынғы тəртіп сарқылды.
Арғымақтан жал кетіп,
Мəстекке кілем артылды.
Ер боп өткен атам деп,
Мен не ғып жайға жатам деп,
Талайдың беті шарпылды.
Томар судан көз шығып,
Бұрынғы дария тартылды.

Томар су дария көл болды,
Ойпаң өсіп, дөң болды.
Көлде жүзген қоңыр қаз,
Қара құсқа жем болды.
Қойыңды баққан қызметшің,
Көбейіп алып, ел болды.
Атыңды ерттеп, ас ішкен,
Өзіңменен тең болды.
Уағадалы бір жан жоқ,
Қылған бір қайыр сел болды.
Мəстектен жүйрік көбейіп,
Тұлпардан жүйрік кем болды.
Осындайда көрген соң,
Теріс азу қайран сабаздар,
Ақылы кетіп, мең болды.
Жер жүзіне қазақтың,
Ақылы ауды сайлауға.
Бай малын шашып бақ үшін,
Қызығына тоймауға.
Мал мен сатып бақ алып,
Адалды қоям дегенге,
Жібермеді таңдауға.
Болыстық билік бақ беріп,
Жыландай келді арбауға.
Күш-қуатыңды алуға,
Əуелде келген алдауға.
Денеңнен қуат кеткен соң,
Келе ме тілің қарғауға?
Жапырақты жайқалтып,
Жорға мініп тайпалтып,
Көшуші едік жайлауға.
Жүрер жолың бекініп,

Енді түстік қармауға.
Керегін кəпір алып тұр,
Жеріңе қала салып тұр.
Тастаған байлап құлындай,
Зират, молаң қалып тұр.

Қиындықтың белгісі,
Атаң қонған жер қалса,
Көз үйренген көл қалса,
Бір жағынан бөлініп,
Ағайын-туған, ел қалса.
Қатты-тəтті сейлескен,
Құрбы-құрдас тең қалса,
Шыға алмайсың бұлқынып,
Кəпірдің құрған торынан.
Қайырылып келіп қонарсың,
Тартып бір қалса бауынан,
Өз еркің болса өзіңде,
Құлан да кетпес қағынан.
Кім еркімен кетеді,
Айырылып жеке табынан,
Тағдырда жазса болмайды,
Істің бір қара ағынан,
Қойдай шулап жөнелдік,
Атамыз қонған тауынан.
Көңілге кірді жабырқау,
Осы ма бізге таңырқау?
Оқ атпай, қылыш шабыспай,
Мұнысы несі, япырмау?
Қиындық көрсе бір адам,
Кемшілік соның басында-ау.
Алыстан төбең көрінген,

Көрінумен хабар берілген,
Қош, есен бол, Жалғызтау!
Бауырыңда қыстап, жаз жайлап,
Атамыз қонған тау едің,
Жел жағымда пана едің,
Ешкімнен көрмей кемдікті,
Бетімен өскен жан едім,
Мүліктенген бұл тауды,
Атамыз өтті билеген,
Мүдірмей топта сөйлеген,
Бір құрықтық ағашқа,
Сұрамай ешкім тимеген.
Мейманамыз тасты ма,
Болды ма бір іс сүймеген?
Сылымадай шауып балтамен,
Бір сұмдық көрдік бүй деген.
Меңге түсті кемшілік,
Алланы хақ деп бірлеген.
Қолы шебер, тіл шешен,
Атамды жұрт жоқ білмеген,
Жұрт иесі сұлтан да,
Маңайға батып келмеген,
Бір нəрсеге бет қойса,
Жалғыз тəңірім жөн деген,
Тəңірінің берген кезінде,
Талайларды емдеген,
«Жалғызтау», сенің себебің,
Елдегі жүйрік жорғадан,
Қалған жоқ шығар мінбеген.
Осындай болып тұрғанда,
Талай жақсы күндеген,
Қамалып келіп, жау кəпір,

Жан-жағыңды күрмеген,
Жайылып жатқан кең күнде,
Кімнің бір малы жүрмеген,
Кімдер келіп кірмеген,
Қала қылып жеріңді,
Жүндей түтіп еліңді,
Сылымадай шауып өлтірді,
Аты атанған еріңді.
Көп екен күнің көрмеген,
«Жансуыр», «Бұлақ», «Суылдақ»,
Жұрт жиылған жер едің,
Төре, қара дуылдап,
«Шалқар» көл сенің ығыңда,
Бағусыз қара қыбырлап,
Топырағың — алтын, суың — бал,
Жұрт кетпейтін тұғырлап,
Осындай болған жерлерім,
Көкіректің қозғап шерлерін,
Енді кеттік, «Жалғызтау»,
Табысқан қойдай шуылдап.
Қош, есен бол «Жалғызтау»,
Табысқан қойдай шуылдап.
Қош, есен бол «Жалғызтау»,
Сыртыңда биік мұнар бел,
Суынды ішіп, шөбің жеп,
Күнелткен сенен қанша ел.
Ол заман қайтіп келмейді,
Соғып бір өткен ол — бір жел.
Ел мен жер еске түскенде,
Көзімнің жасы болар сел.
Мына сұм дүние алдаған,
Адамзаттың талайын,

Кім еркімен бұзады,
Қондырған ата сарайын.
Атаң қонған сарайдың,
Кім кетер қиып панайын,
Басына келген біледі,
Қиыны мен оңайын.
Біздерден сізге аманат,
Кейінгі қалған ағайын.
Кейінгі қалған зираттың,
Алып тұр кəпір маңайын,
Зиратты олар қорласа,
Алла берсін сазайын.
Зиратты қорлап жүрмесін,
Аманат сізге тағайын.
Қош, аман бол ұрықтар!
Аққан бір бұлақ тұнықтар,
Тауды айналған бұлттар,
Саған біткен қарағай,
Құйылған шамдай құрықтар,
Жалмауыз жалған сұм дүние,
Қайсыңызға тұрақтар?
Риыздық дəмің біткен соң,
Күннен күнге ажал жуықтар,
Қарағай, қайың, терегің,
Көп еді сенің себебің,
Сыпырған тас па ағашың,
Талайдың көріп өнерін,
Пенде ұлық бұзар ма,
Бір алланың дегенін.
Еһлұмға патша болсаң да,
Алла бір салса, көнерің,

Көретұғын күн болар
Талапты ердің жігерін,
Еркін жүйрік талмайтын,
Жіберсең алып шідерін.

Үкілі Ыбырай өлеңдері

Барлық 62 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері