Елді сағынғанда
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 39 жол
Мүдіртпе қызыл тілімді,
Көңілге алып білімді.
Айтып бір халқым өтейін,
Өсіп бір өнген жерімді.
Аса самал қоңыр жай,
Есмырза өзен, көлім-ай.
Шілдеде келіп жайлайтын,
Қоңыр салқын көк орай.
Тізілтіп бие байлаған,
Қызыл, жасыл киініп,
Қыз-келіншек жайнаған,
Ерлер қайда сондағы-ау.
Айтар созге тоймаған.
Колчак деген жау шығып,
Қазақты жерден айдаған.
Қайырмасы:
Өзен-суың бал татыр,
Ақ шабағың май татыр,
Қайткен-сүйткен жерім-ай
Атығай мен Қарауыл,
Артта қалдың, елім-ай...
Қызыл аяқ жас бала,
Сексендегі кемпір-шал,
Өмірі байлық көрмеген,
Сондай сорлы жəне бар.
Мынау шалың кім дейді,
Бір құдайым білмейді.
Безіп байдан партияға,
Оның аузын тілдейді.
Жалған дүние, тағдыр-ай,
Күтіп алдым зарменен.
Одан басқа дəрмен жоқ,
Бұған қылар пəрмен жоқ.
Қайырмасы:
Өзен-суың бал татыр,
Ақ шабағың май татыр,
Қайткен-сүйткен жерім-ай
Атығай мен Қарауыл,
Артта қалдың, елім-ай...