Үкілі Ыбырай мен Доскей айтысы (1-бөлім)
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 151 жол
Үкілі Ыбырай:
Кім келіп, кім кетпей жүр бұл жалғанға,
Тілегім — кез келтірме пейілі тарға!
Сəт түсіп жігітшілік қызу күнде,
Бір ақынмен айтыстым Атбасарда.
Əрбір айтқан өлеңім халқыма аян,
Сараңдарға біткен мал шаққан шаян.
Байды сабап, жарлыны жаншып өткен,
Кеше, он екінші жыл да өтті “тақыр қоян”.
Өлеңге жастан қанық менің ойым,
Мəжіліс, алты алаштың, көрдім тойын.
Сол жылы Есен — Мөржан асыраған,
Бірі қалмай қырылды-ау, елу қойым.
Қойым өліп, көңіліме түйін толды,
Дуылдап жүрген жерім жиын болды.
Елу қойдан бес саулық қалмаған соң,
Бойды жазу ақынға қиын болды.
Ойладым Атбасарға барайын деп,
Айқайды жиын топқа салайын деп.
Қараған Атбасарға он бір болыс,
Жиырма-отыздың, тұяғын санайын деп.
“Біз жатпайды,— деген бар, — қап түбінде”,
Ойладым талай сынап қалайын деп.
Жел сөзден егер жазған нафқам болса,
Бұйырғанын мен жиып алайын деп.
Жасымнан өнер бітті қызыл тілге,
Пенде қуып жетпейді өткен күнге.
Атбасарда үйіп қойған ақшам бардай,
Белді буып жөнелдім тəуекелге.
Тізгінді тəуекелге түйіп алдым,
Өзімде жоқ, жұртта бар, жиып алдым.
Ылғи кастөм-трико қайдан болсын,
Жай, ақшанан кенептен киіп алдым.
Аралап, əрбір елдің дəмін таттым,
Қызыл тілмен халқымның бабын таптым.
Самекеден қалаған қара қалпақ,
Шекесіне қос буын үкі тақтым.
Шаш сəндеуді білмей-ақ салбыраттым,
Құлағымнан түсіріп жалбыраттым.
Пері ме, диуана ма, бақсы ма? — деп,
Айтқандай, көрген жанды таңырқаттым.
Сол кезде өткір сөзбен əнім ұнап,
Құм-қайрақ тастан аққан мен бір бұлақ.
Бегəлінің баласы Кенжеболат
Мінгізді көптен таңдап жүйрік кер ат.
Жақсының сыбағасы — жая-жамбас,
Сөзіме қалай, халқым, мейірің қанбас.
Ат бағудан басқаға мұқтажы жоқ,
Жаныма бір қарт адамды қылдым жолдас.
Өзімді жолдағы елге таныстырдым,
Қызыл тілді халқыма жағыстырдым.
Жеткенше Атбасарға сайран етіп,
Бес шапан, жиырма теңге қағыстырдым.
Біреудің біреу алмас бақ, ырысын,
Өлеңмен қандырайын құлақ құрышын.
Сералы, Мырзалыдан сөз сөйлейін,
Ыбырай сол жөнімен бара тұрсын.
Ойласам мына дүние жалған екен,
Опасыз талайлардан қалған екен.
Есенгелді — Мөржанға шөп шықпай қап,
Сиырын сол жылы Есілге салған екен.
Күйлісін жазғытұры айдап келіп,
Қотыр мен көтеремі қалған екен.
Қалған малдың хабарын білейін деп,
Жанына бір жолдас ертіп барған екен.
Шырағын кей пенденің жандырмаған,
Қас жақсы айтқан сөзден тандырмаған.
Аққошқар, Сайдалы аулына барған жерде
Сералы, Мырзалыны қондырмаған.
Базарда пұл болады піскен қауын,
Қызыл алма алады көздің жауын.
Қозған, Қақсал, Төртуыл əдеті сол,
Желілеп байлап, базарға сауар сауын.
Қона алмай Атбасарға барған екен,
Наданның құлшылығы жалған екен.
Жөні келсе бұл елді бір ұялтып тастайын деп,
Бір тай мен бес саба қымыз сатып алған екен.
Дəулетін Сыр суындай сапырыпты,
Дұшпанға айдаһардай ақырыпты.
Əлменбай, Қара, Бұзау, Мағзұм болыс,
Сол төртеуін қонаққа шақырыпты.
Сол күні маған пəтеріне келсін депті,
Біздің қылған құрметті көрсін депті.
Үйде, түзде дəміміз бұйырмай ма,
Келіп сау-саламаттығымызды білсін,— депті.
Базарға халық толып соғылысқан,
Тұс-тұстан өрен-жаран құйылысқан.
Төрт-бес болыс бас қосты дегенменен,
Əр жерден, саңлақ ақын жиылысқан.
Одағы ата аруағы асып жүрген,
Көп жүйріктің көңілін басып жүрген.
Өр Алтай Омар болыс қол астында,
Доскей деген ақын бар деп қашып жүрген.
Одағы сөйлейді екен жүйе-жүйе,
Оған да артық тіл берген жаппар ие.
Ығысып өз елінен мұнда кепті,
Жаласы жабысқан соң елу бие.
Елінен кемшілікті көрді деген,
Жапқан жала кемшілік берді деген.
Өр Алтай Қозғанымен кіндігі бір,
Есімсейіт қолына енді деген.
Жақсының кім жүрмейді панасында,
Қармақ салдым мұхиттың саласына.
Төрт-бес болыс бас қосты дегенменен,
Одағы кірген екен арасына.
Жақсыдан кім жүреді күдер үзіп,
О да жүрген əр топта бұйрық сүзіп.
Біздің болыс, Қарауыл, Мағзұмнан,
Ат орнына алыпты алтын жүзік.
Осылай тыңдатайын сөздің түрін,
Тегістеп айтып болмас мыңнан бірін.
Ертеңіне базарға мен де келдім,
Бұл жиын тарқапты ғой бір күн бұрын.
Біреуді біреу білмес жүрген жайға,
Шықса да атым Қарауыл — Атығайға.
Мəмбеталы, Балқожа, Жаналы мен
Құлыбекұлы жыр айттым Қалманбайға.
Шат болып Қалманбайдан күліп шықтым,
Нəсібіме жазғанды іліп шықтым.
Алдым да билерінен сегіз теңге,
Өзінен бір кер дөнен мініп шықтым.
Жақсылар келіп жатыр — өңшең қыран,
Біреуі Ертіс болғанша, бірі Нұраң.
Мəмбеталы, Балқожа, Жаналы мен
Есімсейітті іздедім кешке таман.
Əр елден де бар екен өрен-жаран,
Жоқшылық көрген жанның күні қараң.
Бұзау болыстың алдына барып едім,
Ол байлады көпейірек құла құнан.
Шіркін сөз келе жатыр кезек-кезек,
Жақсыны əркім сырттан қылады өсек.
Пəтерге алған төрт үйдің ішін сəндеп,
Бəріне де тастапты кілем төсеп.
Келістіріп сөйлейсің, өнерпазсың!
Сөзімде қата болса, сөкпе жазым.
Қолында алтын сағат жарқ-жұрқ етіп,
Бұрқылдатып тартады папиросын.
Сəрке қажы қақпадан есік ашты,
Ағасы Жаманкөз ғой елге басшы.
Солармен топта тұрған таныс екен,
Тұра кеп үшеуімен амандасты.
Есімсейіт:
Байқаймын жігітім, сен гүлсің, — деді,
Қадіріңді тек құрбың білсін, — деді.
Ақ қамзол, қара қалпақ, шашың ұзын,
Мен сені танымаймын, кімсің, — деді.
Үкілі Ыбырай:
Есеке, Арғындасаң жақыныңмын,
Қызыл тілден жүлде алған батырыңмын.
Атығай, Қарауылға аруақ шашқан,
Ыбырай бесті жүйрік ақыныңмын.