Үкілі Ыбырай мен Доскей айтысы (2-бөлім)
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 142 жол
Есімсейіт:
Өлеңші, тіленшімен пақыр деймін,
Өлеңіңді оңды-солды сапыр деймін.
Өнерің, өлеңшімнен асқанда ал,
Қайда кетті, əлгі Доскей, шақыр деймін.
Үкілі Ыбырай:
Есеке, көп келгенмін Атбасарға,
Танысайын деп келгем жақсыларға.
Өлеңге, өлең сата жүргенім жоқ,
Өзімде өлең деген он екі арба.
Есімсейіт:
Байқаймын жігіттікте сен бір гүлсің,
Қадіріңді тең құрбың ойлап білсін.
Өнерің болса тартынбай тобыма түс,
Қорғалап қашам десең, мейлің білсін!
Үкілі Ыбырай:
Есеке, Атбасарға көп келгенмін,
Жақсылардың сарқытын жеп көргенмін.
Айтысып өлеңшімен азаптанбай,
Ат пен шапан киемін деп келгенмін.
Есімсейіт:
Бүйте берсең бұл жиын тарар деймін,
Сенің үнің əр жерге барар деймін.
Сен қолыңа шалғы алып шөп шаппайсың,
Бір түніңе үш сом ақша жарар деймін.
Үкілі Ыбырай:
Есеке, сенің сөзің шекер мен бал,
Өлеңшіге бек мұқтаж ғой дүние-мал.
Аталы созге арсыз тек таласады,
Олай болса үстелге бəйгемді сал.
Дедім де сөзді қайта бастай бердім,
Мəмбеталы сөзімді қостай берді.
Əлгі айтқан өз сөзінен ұялғаннан,
Он үш теңге алдыма тастай берді.
О да жүрген бір топтың ақыны екен,
Қызыл тілден жүлде алған батыр екен.
Өлеңші жиын жерде жай табар ма,
Болысқа өлең айтып жатыр екен.
О да көрген жасынан жиын топты,
Он бесінен өңгерген қу дөңбекті.
Есімсейіт шақырған соң тоқтала ма,
Қолтықтап төрт-бес жігіт алып кепті.
Сұлудай үйден шығып керіледі,
Аяқты бір басуға ерінеді.
Есіктен кіріп келіп айқай салды,
Қырықтарда жас шамасы көрінеді.
Доскей:
Уа, інішегім, жүрмісің, есен-аман,
Сені тақ-тақ жаратқан қақтағалам.
Қай ру, қай нəсілден боласың сен,
Əуелі нəсіліңді білдір маған.
Үкілі Ыбырай:
Төрт Момындап келгенде қалың Шормын,
Елім бай, шалқып жатқан көлден молмын.
Келген бұлт төбесінде қақ айрылған,
Атығай, Қарауылдай елден болдым.
Доскей:
Інішегім, сөйлейсің ғой əрбір тұстан,
Шын ақын көз екенсің қолды қысқан.
Қоян деген зымыстан жұт боп еді,
Жаным-ай, елің қалай, биыл қыстан?
Үкілі Ыбырай:
Артық созып шешпейік ұзын бауды,
Ойға алып тоқтатайық нəпсі жауды.
Жалпы елдің іргесі аман қалып,
Жұт болды əр жерінен ала жаулы.
Доскей:
Уа, інішегім, жақсы болсаң құйрық қанат,
Бас қостық мұнда келіп жақсы сағат.
Құдайберді, Бейімбет, Қойлы, Сағатай,
Аман ба, Кəдір, Бағыс сау-саламат?
Үкілі Ыбырай:
Доскей ақын, сұраған елің аман,
Мені тақ-тақ жаратқан қақтағалам.
Ит жүгіртіп, құс салған нешік ерлер,
Көрінген асқар-адыр белім аман.
Көрінген сіздің жерде бел аман ба,
Қоңыр қаз төстеп ұшқан көл аман ба?
Майлы тондай ажары жылтыраған,
Бесқозының мекені, жер аман ба?
Бегендік, Шегендік пен Қозған, Қақсал,
Төртуыл мен Қарақойдай ел аман ба?
Жасыдан Орта жүзге аты шықкан,
Мейрам мен Жаманкездей ер аман ба?
Доскей:
Уа, інішегім, сөйлейсің сөзді қамдап,
Бас қостық осы арада тəңірі оңдап.
Біздің елде тоқшылық жұт болған жоқ,
Базарлап жүр ғой əне, өңшең саңлақ.
Үкілі Ыбырай:
Ол рас, ер-тоқымы жер кесіп жүр,
Біздің елдің мырзасы жөндесіп жүр.
Бір ер-тоқым жетеді қайсысыңа,
Мейманың сусын таппай шөлдесіп жүр.
Доскей:
Сəрке қажы алдында биік төбем,
Есімсейіт дарияда алтын кемем.
Қашан біздің елдің мейманы шөлдеп еді,
Алжасты жалған айтып мынау неден?
Үкілі Ыбырай:
Ой, Доскей, тілің бар ғой сараңдаған!
Нəпсің бар аш күзендей жалаңдаған.
Табаның жалғыз сағат жерге тимей,
Қашқынсың əрнəрсеге арандаған.
Аққошқар мен Сайдалы ауылына
Барғанда Сералыны қондырмаған.
Доскей:
Өлеңге дəл өзіңдей мен де құмар,
Өлеңменен ертермін ұмар-жұмар.
Бар еркегі базарға кетіп қалып,
Ұрғашы қадір білмей жүрген шығар.
Үкілі Ыбырай:
Мен шықтым Қарауыл мен Атығайдан,
Түрлі кеңес естірсің, Ыбырайдан.
Бар сауынын базарға айдап сауып,
Алдымда күйің аумас сұмырайдан.
Доскей:
Жібермейін дедің бе намысыңды,
Көрсетейін дедің бе шабысыңды.
Бір аулымнан өреді он мың қара,
Салыссаң, салысып көр арысыңды.
Үкілі Ыбырай:
Өнермен таныстырдым оң мен солды,
Дəулетке көре алмассың менен молды.
Кеше арналып көшкенде алтын артқан,
Естіп пе едің, Атығай Қосшығұлды?
Доскей:
Осылай мақтандың ба, Ыбырайым,
Мені тақ-тақ жаратты бір құдайым.
Аяқты жерді басқан малды айтсайшы,
Тасыңды жерде жатқан не қылайын?
Үкілі Ыбырай:
Ыбырай Қарауылдан нəсіл еді,
Өлең айтсам мұрадым қасыл еді.
Кеше Мағзұм болыс ат бергенде,
Атқа балап алған ед алтын жүзік,
Ол тас емей, атаңның басы ма еді?
Доскей:
Ой, шырағым, өлеңшіге ұнау керек!
Ағасының сөзіне шыдау керек.
Келмей жатып бетімнен тырналама,
Əдеппенен ел-жұртты сұрау керек!