Ыбырай мен Құдайберген айтысы
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 109 жол
Үкілі Ыбырай:
Есіктен кіріп келдім басып қадам,
Он үште сөз сөйлетті қақтағалам.
Ассалаумағалайкүм үлкен аға,
Қызығың құтты болсын, тақсыр бабам.
Асқар тау қиядағы белден келдім,
Тасыған дария бұлақ көлден келдім.
Көкшетау дуанындағы атым Ыбырай,
Татуға зəмзəм суын шөлдеп келдім.
Құдайберген:
Уағайлейкүмассəлем, Ыбырай аға,
Миһарбан дидарынды көрдім жаңа.
Адамға бір ғанибет дидарласпақ,
Елу жылда — ел, жүз жылда — қазан жаңа.
Үкілі Ыбырай:
Көкшетау дуанында атым Ыбырай,
Патшаға сөз сөйлеуші ем бір жылымай.
Алдыма ешбір адам шыққан емес,
Шықты ма жер астынан мына сұмырай?
Құдайберген:
Ыбеке, сұрасаңыз, затым Қыпшақ,
Арғы атам сұрасаңыз, Сейіт болмақ.
Баулының тоқсан екі бұлбұлы едім,
Сайрасын мартабаңда тіл менен жақ.
Үкілі Ыбырай:
Ия, балам, сен мəз болма ішпей-жемей,
Жол берген əркім маған кімсің демей.
Кереку, Омбы уезі маған мағлұм,
Жазбайтын қолын бүйтіп сорлы кедей.
Құдайберген:
Ыбеке, ел қаралау сізге жөн бе,
Барыпсыз мырза болып біздің елге.
Жерің жоқ кінə қояр мырзаларға,
Керек пе мырзаларға сіздей делбе.
Қатты-қатты сөйлесем, дұшпан дейсің,
Бөгелсем балалықтан, пысқан дейсің.
Кетпесін бүйте берсең миың шіріп,
Қартайса кəрі бүркіт тышқан жейсің.
Үкілі Ыбырай:
Ия, балам, шықтың сөзге мына дайын,
Мен саған көрсетейін сөз ыңғайын.
Симаған тіл-аузыңа ақын болсаң,
Үш ауыз кеңесім бар, мен сұрайын.
Құдайберген:
Аспанның бауыры жазық бір кең дала,
Жаратқан ғарып қылды құдай нана.
Ақын боп сөзден қашсақ жүреміз бе,
Ыбеке, кеңесіңді сұрап қара.
Үкілі Ыбырай:
Ия, балам, тыңдап отыр сөзді барлап,
Мен саған ұқтырайын сөзді ыңғайлап.
Мұхаммед пайғамбардың заманында
Бір ғарып дарияға салды қармақ.
Дарияға сол ғарыбың қармақ салып,
Алыпты дариядан нені қармап?
Құдайберген:
Ыбеке, түсіп кеттің бұл мінезге,
Жоқ па еді жұмбағыңыз бұдан өзге!
Моллалар шариғатқа қарап отыр,
Қалмасын бір жаласы соңыра бізге.
Сегіз жыл мектеп жүзін көріп едім,
Кітаптан көрініп тұр біздің көзге.
Қамыстан күркесі бар бір кемпір-шал,
Бір түнде жайнамазға жатып жылар.
Жылағанда мал бер деп жылаған жоқ,
Құдайдан жалбарынып бала сұрар.
Алла емес, түсінбейтін айтқан сөзге,
Тілегін қабыл етті сол бір кезде.
Дейтұғын Зейнілғабиден бала туды,
Нəрсесі қармақ салған сол емес пе,
Дыбыста зират көпір дəл қасында,
Күмбезде Зейнілғабиден тұр емес пе.
Үкілі Ыбырай:
Ия, балам, нағып болды саған оңай,
Құрылған мен емес пе сөзге тоғай.
Симаған тіл-аузыңа ақын болсаң,
Қонады бір ағашқа дəл үш торғай.
Екеуі ұшса, бірі қозғалады,
Бірі қалып, екеуі жоғалады.
Ия, балам, бұл жұмбақты шешіп берсең,
Осыдан ақындығың сыналады.
Құдайберген:
Ыбеке, бұл сұрағың мін емес пе,
Əгеркі шешіп берсем жөн емес пе.
Екі торғай дегенің ол екеуі —
Ұйықтап барып ашылған көз емес пе.
Жалғыз бір торғай дегенің қаза келіп,
Кеудеден шығатұғын жан емес пе.
Үкілі Ыбырай:
Он алты дария бар кез кермеген,
Ішпеген онан пəнде кез келмеген.
Он алтысын қақ жарып жүзге бөліп,
Жартысын пенделерге өлшеп берген.
Білейін, иə, балам, жүйріктігің,
Бекінді бұл кеңесім қайсы жеңмен?
Құдайберген:
Ыбеке, адам жоқ қой кəсіп тыйған,
Пəндеңіз кең, сарайда дүние жиған.
Он алты дария бар дегеніңіз
Аятпенен бекіткен он алты имам,
Жасымнан сөйлер сөзге болдым құмар,
Сөйлесем жүйріктермен көңілім тынар.
Үш ауыз сөзбен бөгелтем деп еді ғой,
Ыбырайды тақсыр, төре үйден шығар.
Үкілі Ыбырай:
Есерлер аз табысқа жынданады,
Əзілге жөнді мəзір кім табады.
Айтысқан ақындарды қуа берсең,
Дүниеде сенен басқа кім қалады?