Сүйінбай мен Қарғаның айтысы (мысал айтыс)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 83 жол
Сүйінбай:
Ассалаумағалайкум, қара қарға!
Ұялап, ұя сапсың биік жарға.
Шуылдап, ертелі-кеш бас қатырдың,
Арыз тыңдар еліңде биің бар ма?!
Қаңқылдап, екеу ара дес бермейсің,
Еншіге бөліспеген үйің бар ма?!
Қой бағып, ешкі қуып қалжыраған,
Бір жұтым мен сорлыға суың бар ма?
Қарға:
Уағалайкумассалам, Сүйінбайым,
Белгілі біз пақырға сенің жайың.
Бір жұтым суды бізден сұрасаңыз,
Аллаға мың шүкірлік мен қылайын.
Сүйінбай, жастайыңнан қозы бақтың,
Жазуына кім қарсы жазған хақтың?!
Шыбын талап, маса жеп, байғұс бала,
Абиырыңды жапырақпен әрең жаптың!
Сені жеген жауызға біз қас болып,
Тор салып, қақпан құрып, талай қақтым.
Мен-дағы сен секілді сорлы жанмын,
Баяны, тұрағы жоқ жүрген аңмын.
Сүйкімсіз түрімізге ісіміз сай,
Ісіне жаратқанның мен де таңмын.
Егерде арыз тыңдар биім болса,
Ақ сарайдай іші кең үйім болса,
Бала-шағам шаттанып жүрмес пе еді,
Су берер саған, достым, күйім болса.
Қарға деген ел едік қарқылдаған,
Қар жауып, боран соқса, жалпылдаған.
Ауызбірлік бізде де болушы еді,
Үлкен айтса, бас изеп мақұлдаған.
Біздің де ішімізден жуан шықты,
Бөлінген ру басы уан шықты,
Шау қарға, қара қарға, құзғын қарға,
Деп атап, таңба басты Дуан мықты.
Руға бөлінген соң үшеу ара,
Мықтылар жеке шықты бізден дара.
Сойыл соқ, садақпен ат, қылышпен шап,
Деп айтты әмір беріп біздің қара.
Қан ақты, үшеу ара соғысқан соң,
Ай мен Күн аспандағы тоғысқан соң.
Береке, бірлік деген бізден кетті,
Ағайынды үш мықты қағысқан соң.
Жарлының біз секілді соры қайнап,
Құл болдық бас еріксіз қолды байлап.
Біздің елде би де көп, биік те көп,
Бос жүрген, қансыраған киік те көп.
Ашынып кеттім білем, ей, Сүйінбай!
Қайыршы, жетім-жесір, күйікті көп.
Сорлымын, соның бірі – мені қара,
Өзім сау тұрғаныммен, ішім жара.
Жазуы жаратқанның солай шығар,
Ісіне құдіреттің бар ма шара?!
Сүйінбай:
Естідім хал-жайыңды, қарға жаным,
Есіркер менің-дағы бар ма халім?
Ел ішінде көп екен құзғын-құмай,
Қан сорғыш, тілі майда өңшең залым.
Күн көру осы күні оңай емес,
Теңдік-ау біз пақырға болар елес.
Қазанның, қайда барсаң, құлағы төрт,
Егін сап, бірлік құр деп, берем кеңес.
Бой жеткен ханышаға өлең айтып,
Керегенің көзінен сырласамыз.
Дүние өсіп тұрған бір бәйтерек,
Кетеді құзға құлап ырғасаңыз.
Қарғажан, мен айтайын сөздің шартын,
Ән айтып, күй тыңдайды менің халқым.
Бас кеспек болса-дағы, тіл кеспек жоқ,
Шындықты айт, өлсең сақтап беттің арын.
Қарғажан, саған қояр біздің тілек,
Өлмек емес мәңгілік адал жүрек.
Дүниеге күліп келсең, күлдіріп өт,
Соны сенен сұрайды достың ерек.
Қарғажан, қозым кетті шыңға таман,
Қайырып түгендейін есен-аман.
Жоғалып я біреуі, бірі өлсе,
Орнайды басымызға ақыр заман.
Қарғажан, қош болып тұр есен-аман,
Аман-саулық біліп тұр, келсе шамаң.
Немесе, мақшар күні кездесерміз,
Күн туып көрісетін болса заман.