Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Топан (2-бөлім)

Қашаған Күржіманұлы · 1841–1929 · 160 жол

Қызыл күрең зат алды.
Ауылдағы қатындар
Өзі барып, базардан
Қымбатына мата алды.

Қара бешпент, ақ көйлек
«Мынау кімнің қатыны» атанды.
Сахарадан ауылы көшкенде,
Сиырға жүгі сыймаған,

Арқалап жанын қинаған,
Бұл уақыттар болғанда,
Кәрі қоспақты мал демей,
Түзеді нармен қатарды.

Күрпішатқа үнменен
Болмаса егер первый чай,
Третий астық, кантон чай,
Арам астай жиреніп,

Аузына зорға апарды.
Сорпаны төкті майменен,
Сусыны қанып шайменен.
Қалаға келген билері

Арақ ішіп елірді,
Кеудесі бұған семірді.
Папиросы шегулі,
Тиіссіз жерге дәулет төгулі.

Етпеді шүкір қанағат,
Тап болмай кайтсін ғаламат.
Қайыры жоқ кілең қаста бай,
Айдаған малға қуанып,

Қой, қозыға жұбанып,
Қалалы жерде мырзасы
Қос арғымақ пар жегіп,
Тарантас арба туарып,

Кәршөндікке қамалып,
Шалқыды талай мас болып,
Нәпсісін шайға суарып.
Нешелер дариямын дегеннің

Талайы қалды енді суалып.
Құтырынған бір құйын
Кетірді-ау жаман ел күйін.
Қара дауыл соқты да,

Үй қирады бесінде.
Келер деп мұндай уақиға
Болмады жұрттың есінде.
Ғаламат болды айтқандай

Жұманың ақшам кешінде.
Таудан биік сеңдерді
Бұлтпен бірге көшірді.
Адамның алды жатқанда,

Көз ұйқыға батқанда,
Терезеден су құйды,
Биіктен келіп сең үйді.
Қызылды-жасыл су жүрді.

Сұрапылдың желі зулады,
Зілмәнкенің үстінен
Ұлтарақтай қара жер таппай,
Қол ұстасып жұрт шулады.

Садақа айтты сасқанда-ай,
Зілмәнкенің басынан
Мұз жапырып асқанда-ай.
Мылтықтың атқан оғынан

Бір де осал тимеді,
Құтылмады қашқандар.
Екпінмен мұздар соққанда,
Кәршөндіктегі мастардың

Кеудесі кетіп, бас қалды.
Түкірігі жерге түспеген
Тәкаппарлар мұзды жастанды.
«От ішінде сақта» деген сөз

Қайсысын аман сақтады?!
Ғаламат мұндай болған соң,
Таңертең тұрып қараса,
Кейбіреу жетім жас қалды,

Талайлар мұзды жастанды.
Біреулер қалды атасыз,
Біреулер қалды анасыз,
Біреулер қалды баласыз,

Біреулер қалды жалғыз қарасыз.
Аюдан мықты білекті,
Қабыландай батыр жүректі,
Кесті деп Алла тілекті,

Ел айрылды ерінен,
Сөзіменен дем берген,
Адасқанға жөн берген,
Ақылгөй абзал көлінен.

Кербездер кетті керілген,
Бір басуға ерінген.
Пір параны мұз алды,
Біреулердің белі сынып майрылды,

Біреулердің қанаты сынып қайрылды,
Бір атадан біреулер
Жалғыз қалып, қайғырды.
Талай кетті бозбала,

Талай сұлу қызғалдақ,
Талайдың кетті әсемі.
Таспағанға тасқанның
Бұ да тиген әсері.

Қырғауылдай қызыл нар,
Алшаңдаған асаулар,
Азбарда тұрып жем жеген,
Аяғын әсем сермеген,

Кербездер мінген ат кетті.
Байлардың жиған тырнақтап,
Сарала деңмент қылып бау,
Мұра деп салған зат кетті.

Әкімдер кетті мөр алған,
Бақытпен байтақ ел алған.
Білдірмей келген апатты
Қайсысы соның көре алған?!

Қайыры болсын артына,
Талайлар солай жоғалған.
Ғаламат болды айтқандай,
Әркім қалды татырап.

Уақиға болды қауыста,
Алдында өтті ақырап.
Бәйтеректер жығылды,
Төгілді суға жапырақ.

Бір параны мұз алды,
Бір параны жел алды.
Аяулы талай жандардың
Ит пенен қасқыр жеп,

Кеуделері қызарды.
Бір атадан жүзден көп,
Бір атадан мыңнан көп,
Көме алмай, жерде тоң қалың,

Арбамен үйді сатылап.
Ғаламат мұндай түс болды,
Алтындар азып мыс болды.
Әлпештеген арудың

Кеудесіне қара құс қонды.
Ғаламат болған күн болды,
Көз көрмейтін буалдыр
Қараңғы тұман түн болды.

Орыстың баржа кемесі,
Мықтап қаққан шегесі
Бір соққанда дауыл күл болды.
43 Сасып қалу

Су тасқыны тау болды,
Таудай толқын жау болды.
Соққан желдер күш болды,
Мұндай заман түс болды.

Түн ортасы болғанда,
Желдің түбі бұрылған,
Бәлеге қашқан ұрынған
Малынан пайда көрмеген

Қанағатсыз Қарынбай,
Барын жоқ деп құрынған.
Жұлдызды жатқа санасақ,
Қисап етіп қарасақ,

«Мың тасқанға – бір тосқын»
Бар емес пе еді бұрыннан?!
Кейіндегі бозбалалар,
Налымаңыз, шырағым,

Күндердің күні болғанда,
Көк дария көл болса,
Бай мен жарлы тең болса,
Суда – балық, қырда – егін,

Бәле-бәтер жоқ болса,
Диқаншылық көп болса,
Талаптың күші сел болып,
Кетерсіз-дағы ел болып.

Қашаған Күржіманұлы өлеңдері

Барлық 35 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері