Адай тегі (1-бөлім)
Қашаған Күржіманұлы · 1841–1929 · 164 жол
Қызықты болсын құрмаңыз,
Қызықтамай қарап тұрмаңыз.
Құзырыңа келіп сөз айтсам,
Сөзіме зорлық қылмаңыз.
Бұл жиналған кәптің ішінде
Нелер бар да, нелер жоқ:
Билігі көп би де бар,
Қайраты қалың ер де бар,
Елеуреп тұрған жас та бар.
Халық, қалағаның сөз болса,
Шеберің сөзді астарлар.
Тауып айтсам, дұрыс дер,
Таппай айтсам, бұрыс дер.
Бұ сөзімді тыңдаңыз,
Жиналған бай мен мырзаңыз.
Әділ айтсам, Аллам дос,
Әзіл айтсам, шайтан қос,
Әзіл деп, сөзім бұрмаңыз.
Құлақ салып тыңдасаң,
Құрттай ғана шыдасаң,
Мен сөйлейін бабамнан,
Қандырайын хабардан.
Атамыз Алшын, Қыдуар,
Үдіреппіз төрт баладан.
Төрт баланын ең кішісі
Қыдырқожа бай екен,
Төрт түлігі сай екен,
Мал, перзенті көп екен.
Бай демектің мысалы
Содан қалған сөз екен.
Бақыт пен дәулет қамаған,
Екі әйелі бар екен:
Есімі Жанби, Тотандай.
Бай екі сұлуды қоса алды-ай,
Артынан арнап және алды
Бір күң мен үш тоқалды-ай.
Біреуі қыз, он еркек
Бала болған екен бабамнан,
Жанби мен Тотан анамнан.
Есентемір шеттен келген ер екен,
О да Байұлыға саналған.
Бір күні байдың қыз бен келіні
Отырған екен ерігіп,
Көңілдері желігіп.
«Саяға шығып келмесек,
Отырамыз ба, – деп, – езіліп,
Бойымыз келсін жеңіліп!» –
Қызылды-жасыл киініп,
Кигеніне сүйініп,
Қызбалықты көрініп,
Өңкей кербез бөлініп,
Шыққан екен далаға.
Дарау деген ағаш бар,
Ағып жатқан бұлақ бар
Төгіліп жатқан саладан.
Сол бұлақтың шетінде,
Күнге бағар бетінде
Жапырағы гулеген,
Миуалы жеміс түрленген,
Бұтақтары гүлденген.
Саясы салқын самалды,
Саясында салқындап,
Қыз-келіншек демалды.
Бәйтеректің түбінде
Төгілген жеміс теріп жеп,
Рақаттанып кідірді,
Ұйқыға көзі ілінді.
Ұйықтап, көзі ілінсе,
Байдың қызы Қанбибі,
Шымырлаған бір нәрсе
Тұла бойға білінді,
Төмен қарай жүгірді,
Құрсағына кідірді.
Қанбибі шошып оянды
«Не болды, – деп, – ой, Алла-ай?!»
Жан-жағына қарады,
Қарап тұрса, нәрсе жоқ,
Көңілін қасірет қамады.
Хазірет Қызыр пайғамбар
Қыдырып жүрген күн екен
Қанбибі жатқан шамадан.
Одан хамила болынып,
Құдіретке жолығып,
Біздің асылымыз содан жаралған.
Бұл сөзді жалған десеңіз,
Кітапты ашып көріңіз.
Хазіреті Айса пайғамбар
О да атасыз туған екен анадан.
Әкесіз туғандарды мен айтайын,
22 Жүкті болу
Кешегі Дүйім Баян кеткен соң,
Алты жыл анық өткен соң,
Ар-сар болып жүрегі,
Қанға толып білегі,
Шыңғыс туды Арқардан.
Оның туған тұқымы
Патша болып таралған.
Осы бір сөздер көңіліме
Бұрынғы өткен үлкеннен
Қағида болып қалынған,
Шежіре болып жазылған.
Тілім түзу бағытты,
Көңілім зерек қалыпты.
Аңдаған жақын, алысты,
Болжаған қисық, шалысты
Бұрынғы қарт атамның сөздерін
Құлағым естіп, көргенін
Осындай құралды жерге келгенде,
Шығарып жүрмін жарыққа,
Шариғат қарап, жол пәмдеп,
Мұсылманға үмбет деп.
Атасын анық білмеген,
Айтса болар мүрдет деп.
Сол кешегі байдың қызы Қанбибі,
Барған жерін айтайын,
Анау Әзіреттің Алатауында
Ағып жатқан бұлақ бар.
Бұлақтың атын айтайын,
Қарашаңдақ, Шадыра,
Түркістан менен Алғи-Нұр.
23 Шыңғыстың тегі туралы аңызды айтып отыр
24 Кәпір
Анық жүрген аттыға
Алты күндік жер дейді
Құндыздың қара теңізі.
Сол төрт бұлақтың
Аяғы барып құяды.
Бәйтерегі мұрадай,
Қарағай, қайың тал емес,
Шегіршін, жөке тағы емес,
Абзалы асыл шынардай.
Жапырағы жазық айнадай,
Сымбаты сұлу найзадай.
Аш-арық келсе тойынған,
Жемісі болды пайдалы-ай.
Көлеңкесінің күн беті
Алтын шайған бағдардай.
Саясында тұрған адамның
Сусыз мейірі қанғандай.
Байдың қызы Қанбибі,
Тоғыз ай, он күн болғанда,
Мерзімді күні толғанда,
Құпиялап бір күні
Шақырды жақын жеңгесін,
Құрбы-құрдас теңдесін.
Өсек айтар жаманның
Жолатпады өңгесін.
«Әуелде біткен жері, – деп, –
Сонда қалар ма екен тәні, – деп, –
Жеңгелер, маған ерің, – деп, –
Қиналды менің жаным», – деп.
Бәйтеректің қасында,
Нұрбұлақтың басында
Қанбибі сұлу туады.
Қасындағы жеңгелер
Баланы пәктеп жуады.
Қара күске орады,
Көмуге көзі қимады,
«Өлтірсек, болар обал, – деп, –
Етпелік бұған залал! – деп,
Тапсырып хаққа аманат,
Сақтағай, – деп, – саламат»,
Жеңгелері сақтанды-ай,
Орады жібек, мақпалға-ай.