Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай – Қази (4-бөлім)

Қашаған Күржіманұлы · 1841–1929 · 177 жол

Кел, Қазижан, елге қайтайық,
Ағамен қош-қош айтайық.
Қареке, кетіп барасың,
Көрерміз бе енді біз жарық?
Біздер шулап жылаймыз
Құс ұшпастың құба шөлінде.
Орақ, Мамай хан болған
Он сан Ноғай елінде.
Жолдасыңды жауға тастасаң,
Халыққа қайта көрінбе.

Ұйқыда жатып түс көріп,
Бір ғаламат іс көріп,
Ат бермей қалдым сынарға.
Атам Орақ, Мамайдың
Сүйегін тұтам асылдай
Келген жері бар ма еді.
Барса, жауын қашырмай?!
Сол атаның орнын алдырма,
Етіңе қажау салдырма.
Буыршын мен бесті атан
Құладын құсқа да шалдырма!
Айналайын Қазижан,
Еділ қайда, ел қайда?
Болып тұр ма, қарағым,
Сенің де көкірегіңе жел пайда?
Қайсыбірің мінерсің
Айналдырған бір тайға?!
Ойлап-ойлап қарашы.
Орынсыз қалып шұнайма!

Сонда Қазидың айтқаны:

Апырмау, қалай сөйлейсің,
Мен артыма, апа, қараман.
Семірген атам жарадан.
Көкемді жалғыз жіберіп,
Мұнда неғып қаламын?!
Ауырып өлсе бір жерде,
Сүйегі қалмай ма далада?!
Атадан жетім қалдырды
Құдіреті күшті Жасаған.
Жер тебіренткен Орақты

Сұм қара жер асаған.
Көкемді жалғыз жіберіп.
Мені қара баса ма?!
Мұнда қалып, мен енді
Не бұйымға асамын?!
Шыққанмен жаяу елімнен,
Қоштасқанмын шығарда
Асу асқар беліммен,
Мамыр үйрек, қаз бен қу,
Шағалалы шалқар көліммен.
Мен саулық баста тұрғанда
Қорқа алмаспын қалмақ ерінен.
Ажал нәубет келген күн
Қай пенде қашып құтылған
Алланың қазған көрінен?!
Апеке-ау, қалай сөйлейсің,
Мен де бір белгілі туған перімін,
Мен көкемнен тіпті қала алман!
Мен бойына біткенде
Жеріген Анам арамнан.
Көкемді жалғыз жіберіп,
Мен кең қонысқа қарай тіпті бара алман.
Және мен құладын құсқа көз салып,
Қанжығама қаранғам.
Неғылып шыдап тұрармын
Жіберіп тұлпар қарамнан?!
Ноғайлының ерлері
Түсімде торға оралған.
Торға қалды оралып,
Келер жылы болғанда
Екі құс барды соңынан,
Шалқұйрықтарын таранып.

Торға қарай құстар түйілді,
Қанаттарын қомдап, шүйілді.
Неге жаздым торды деп,
Тордың иесі күйінді.
Осы сапар қайт, аға,
Сұраймын сізден бұйымды.
Тындамасаң айтқанды,
Шығарарсың жаудан шиіңді.

Сонда Қарасайдың берген жауабы:

Азып туған кілең боқ шіркін,
Мұндай сөзді сөйлемей,
Апаңменен елге қайт.
Қазижан мен Қибатым,
Жер тепкілеп ырғиды
Байлаулы тұрған Ғиратым.
Алла берсе тілекті,
Шығарармын жаудың биратын.
Қазам жетсе – өлермін,
Қазасыз болсам – келермін,
Бітпеген болса ажал ширатым.
Және айтамын сіздерге:
Ажал жетсе – өлермін,
Атам Орақ, Ер Мамай
Бүлдірмеген жаудың нелерін?!
Бөрі тиген қойдайын
Ортасынан бөлермін.
Мен – бір қайнаған қара бұлтпын
Желге қарап өрлеген.
Жаудан қорқып тұрар ма,
Асыл болса ер деген?!

Атам Орақ, Ер Мамай
Қасарған жауға кел деген,
Мен – бір жез бұйдалы нар тайлақ
Сүйретіп жез бұйдасын,
Желге қарай өрлеген.
Және мен – жез шынжырлы құнан піл,
Сүйкенермін барып қалаға.
Тәңірім берсе тілекті
Сонда біздей жетім балаға!
Сен апакеңмен елге қайт,
Алды-артыңа қарамай.
Мұнша жерге келгенсін,
Кеткенімді халық білген соң,
Енді елге қайта жүгіріп,
Мен бір доп ойнауға шыққан бала ма?
Айналайын інім-ай,
Қызғалдақтай қызыл гүлім-ай,
Енді ауылға мен қайтсам,
Ұят болмай ма мұным-ай?!
Алып келермін Қосайдың
Тоғыз сусар қара тоны мен
Тоғыз күң мен тоғыз құлын-ай,
Ұйтқыған жүрек басылмас
Бір тайпа елге ұрынбай.
Сендер айтқан түстерді
Мен де көргем бұрын да-ай.
Бірақ атам Орақ, Ер Мамай
Талай түскен тіркеуге.
Мұнан да келген аман-сау,
Мұрындығы жырылмай.
Сен апаңмен елге қайт,
Мен кетейін енді бұрылмай.

Осы сөзді айтып, Қибат пен Қазиді елге қайтарып, өзі
көк тарланмен тартып кеткен екен. Көктарлан әрі арық,
әрі кәрі, әрі бапталмаған. Соған қарамай, әуелгі екпінімен
шаңды шаңға ілестірмей, Қибат пен Қазидың көзінен
ғайып болады. Әрі-бері шапқаннан кейін, тұлпардың ек
піні қайтып, тек желе шоқырақтап отырады. Содан ба
тыр тұлпардан күдерін үзеді. Тұлпар екпінмен елден он
екі күндік жерге ұзап кеткен екен. Қарасай: «Бұл мені
енді елге де, жауға да апармайтын болды, мені далаға
қалдыратын болған екен», – деп қылышты суырып алып,
бір жерді белгілеп алып, «соған дейін шапсаң-шабасың,
шаппасаң басыңды өзім-ақ алайын», – деп тебініп жіберіп,
шаба жөнеледі. Осылай шауып келе жатқанда, бірте-бір
те тұлпардың шабысы үдей бастайды, Қарасай байқап
қараса, екі құлақтың түбі, сауыры терлей бастаған екен.
Сөйтіп шауып келе жатып, тұлпар үш рет үш қаптай ішін
дегі тезегін тастап, ішін тазартады. Батыр мойнын бұрып,
аттың сауырына қараса, сауырдан ақ көбік жаңа шығып
келе жатыр екен. Ақ көбікті көрді де, батыр тақымын
қысып, тұлпардың басын қоя береді. Сонда тұлпар
бүктеледі, жазылады, шапқанда артында ошақтай ізін
қалдырады. Шаңды шаңға қосқандай, ұшқан құстың ал
дын тосқандай, құйрық-жалы аспанға көтеріліп, шуылдай
береді. Тұлпар шауып жерде келе жатыр ма, ұшып көкте
шауып келе жатыр ма – бұл батырға белгісіз болады. Сон
да батыр аттың шабысынан қауіп етіп, тұлпардың басын
тартайын десе, әл бермейді. «Апырай, бұл қалай болды,
алдымнан асқар тау шығып, соғар ма екен немесе дария
болып, соған салып кетер ме екен», – деп аттың шабы
сынан сескенеді. Сөйтіп келе жатқанда, алдынан бір төбе
кездесіп, соның өріне қарай шауып үстіне шыққанда, ба

сына әлі келіп, атты тоқтатып, секіріп түсіп, жетелеп жүріп
қараса, баяғы өзінің жас күніне қайта түскендей екен.
Бұрынғы жамандықтың біреуі жоқ, шекесінен қарайды,
аяғын кербез басады, баяғы тердің бірі жоқ, шауып келе
жатқанда кеуіп кеткен екен. Міне, көк тарланның ащы
тері кетіп, тұлпар қалпына түсіп, батырдың тұлпарға риза
болған жері екен. Батыр шаршап тұрып, алдына көз салса,
көп қара көрінген екен. Бірақ Қарасай оның жау екенін
немесе ел екенін, немесе алдыңғы кеткен қол екенін біле
алмайды. Батыр сонда өзінен-өзі қапа болады. «Не де бол
са, бара көрейін», – деп атқа мініп, тұлпарды қараға қарай
қоя беріп келе жатып айтқаны екен:

Қашаған Күржіманұлы өлеңдері

Барлық 35 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері