Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы
Қашаған Күржіманұлы · 1841–1929 · 54 жол
Қырмызыдай кейпің құбылған,
Көрікті, көркем бала едің,
Базарың баста құрылған.
Қайын жұртқа барғанда
Ұзартып жүрме тіліңді,
Ұстатып жүрме мініңді.
Жақсы адамдар онда бар,
Ақылы алуан білімді.
Жақсының алды көше деп,
Қайнағаң мен атаңның
Алдынан жүрме кеселеп.
Үйіңе келген қонаққа
Шытылмасын қабағың,
Толы келсін табағың.
Ауыл үй түгіл, ел мақтар,
Сыртыңнан естіп қазағың.
Қырыққа жасың жеткенде
Келін менен баланың
Билігіне таласпа,
Ақылыңнан адаспа.
Олай-былай ауысса,
Ауыл үймен санаспа.
Мырзалыққа батыл деп,
Шығарар ердің атын деп,
Сонда сенің, шырағым,
Даңқың кетер алашқа.
Елу жасқа барғанда
Бәйбіше болсаң балқыған,
Қас-қабағың шалқыған,
Қолыңда болса, шырағым,
Қос бауырдақты қос жүзік,
Бәйбішелік те бір қызық.
Алпыс жасқа келген соң,
Төсегіңді сал да жатып ал,
Биліктен басыңды сатып ал.
Ақыл ойлап пікір ет,
Құдайыңа шүкір ет.
Жетпіс жасқа келген соң,
Өліміңді ойлай бер,
Қай күн келіп қалар деп,
Қай күн құрық салар деп,
Самай шашым ағарды,
Бұл өлімнен келген хабар деп;
Таласпаңыз билікке,
Дүниясы құрысын,
Қазымыр болған жаман деп.
Жасың барса сексенге,
Сексеннен артық жасама,
Айып етіп сөксең де.
Сол сексеннің өзі де
Төс сүйегіңді тыржитып,
Кеңірдегіңді қыржитып,
Жауырыныңды күржитіп.
Семдіріп кетер бөксеңді...