Атамекен
Қашаған Күржіманұлы · 1841–1929 · 235 жол
Әлеумет, барда арыным,
Айтқанын өткен кәрінің
Барынша айтып берелік,
Жеткізе алсақ сарынын.
Көзім көрген адамда
Абыл, Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тақтағым.
Осылай деп маған үйреткен
Тарихтың ескі ақпарын.
Қазақ бір деген ел едік,
Қайырлы халық атанған.
Үш қожаның тұқымы
Өсіп-өнген қатардан:
Үйсін, Арғын, Алшын деп,
Үш жүз болып атанған.
Әзіреттің кең ойы,
Алты судың кең бойы
Атамыз қонған жер екен.
Көршілес елдер жау болып,
Ойлағаны дау болып,
Кетіпті бір кез берекем.
Алғыр судың бойында
Алшын деген аз ауыл
Қытайменен жау болып,
Көшіпті, салып қарауыл,
31 Қазақ рулары Қыдырқожа, Нәдірқожа, Сәдірқожа деген үш ағайынды
адамдардан тарапты-мыс деген аңызды айтып отыр
Аттың мініп жарауын.
Көтеріп көшкен іргені,
Жиынды ноқта, сіргені.
Қарттар мен ерлер жиылып,
Ортаға салған білгенін.
Айтулы ерлер бар екен
Жүйріктері баптаулы,
Найзалары саптаулы,
Сауыттары сақтаулы.
Қозы жауырын көк жендет
Қорамсақпен қаптаулы.
Ерлердің сойы бар екен
Бірінен бірі мақтаулы.
Жауларын жасқай ұрысып,
Біртіндеп төмен жылысып,
Үдере қазақ көшкенде,
Үйсін, Дулат – Ұлы жүз,
Мұнарланған тау бойы
Қаптата малын салған жер.
Арғын, Қыпшақ, Жаппастар
Орта жерде Сыр бойы
Өзінің қалап қалған жер.
Саланың бойы салқын деп,
Күнелтсін ұрпақ, халқым деп,
Арқаның кең даласын
Жайлады қазақ баласы.
Сырдан төмен салада,
Еділ, Жайық, Жем, Сағыз
Елек, Қобда саласын
Мекенденіп кетіпті
Кіші жүздің баласы.
Темірдің басы құба бел,
Сол жақта қалды бөлініп
Әлім аға бөлек ел.
Еділдің басы – Мыңтөбе,
Жайықтың басы – Орал тау,
Електің басы – Есенбай,
Қобданың басы – Шоңмұрын,
Жемнің басы – Мұңалжар.
Қонысқа солай тараған.
Елдің көбі қалды бер жақта,
Азы өтті ар жаққа –
Нарынның анау бойына,
Ішкі Ордаға – хан жаққа.
Бұл қонысқа келгелі,
Билердің жиып құралын,
Әбілқайыр, Нұралы,
Бөкей мен Жәңгір хан болған,
Халықтың басы даң болған.
Бер жағында кешегі
Баймағамбет, Әлен мен
Төресінген Төлендер
Біріне бірі жармасты,
Айдаһардай алжасты,
Әл-қуатты барласты.
Арандай ашып ауызын,
32 Ақтөбе облысына қарайтын мекен
33 Ру аты
34 Бөкей ордасы
Бірін бірі жалмасты.
Біріккен бидің кеңесі,
Ақсақал, биі, төресі
Халықты алдап, қамдамай,
Көрінді жұртқа албасты.
Адай деген ел едік –
Абайсыз өскен алшаңым,
Тәксіз өскен тарпаңым.
Ерлерім өрдей қасарып,
Жаратып сұлу ат мінген,
Ебейдей төсі салынған,
Егеудей тісі жанылған,
Шеңбердей белі бүгілген,
Еңіреудей көзі үңілген –
Қоғадай жалын төгілтіп,
Шортандай баурын жаратып,
Жорық пен тойда жасанып.
Әзіреттің ойынан
Қаншама айлар көшкенмен,
«Қашқын ел – олжа» дескенмен,
Талауға тағы көне алмай,
Мал-жанын қиып бере алмай,
Атырау жайлап, Жем көшіп,
Атан, нарын теңдесіп,
Арғымағын жемдесіп,
Үстіртке қарай беттеген,
Маңғыстауға жетпеген.
О күндерде біздің ел
Бір жерді мекен етпеген.
Жатса да тұрса малының
Қонысы естен кетпеген.
Маңғыстауды жайлаған,
Жұрт орнына қарасақ,
Талай ел болған жер екен.
Хорезмнің бектері:
«Шашырап бізге, шеткері
Қазақ деген қашқын келді, – деп, –
Тілекті Алла берді», – деп,
Ауылды тонап, малды алып,
Күң мен құл ғып жанды алып,
Тұтқынды қорлап кесектеп,
Қазақтың көрсе жабысын,
Қуалады есек деп.
Бұл хабарды есітіп,
Біздің ерлер күйінді.
Жата алмады үйінде,
Сауыттарын киінді,
Ат шаптырып жиылды.
Ақпан деген айтулы
Қарт батырдың үйінде
Ететін болды түйінді.
Жиналыстың ішінде
Ерлер де бар қайратты
Қытайға шапқан кешегі,
Аждаһәдай айбатты,
Жауын талай жайратқан,
Садақтың оғын қайратқан.
Сонда Ақпан батыр айтыпты:
«Оң сапар бергей, Құдайым!
Мен де Алладан сұрайын.
Осы топтың ішінде
Дабылы күшті ерлер бар,
Қайраты асқан шерлер бар,
Миманасы тасқан дұшпанды,
Жер тістеткен жерлер бар,
Хорезмнің бектері
Босқын ел деп шеткері,
Әйелімді күң қылып,
Жас баламды жылатты,
Қылышын бізге сынапты,
Бұған қайтіп шыдайын,
Жолымды қылғай лайым!»
Ақпан деген қарт батыр
Ер басына қос атты –
Жетелетіп жүргізді
Жауға мінер бос атты.
Қабырғадай саз болса,
Жапалақ жауған қар болса,
Айшылық жолға айдаса,
Бұйдасын іркіп мойымас,
Азықтарын айшылық
Өңкей нарға қоса артты.
Жетектегі аттар жарады,
Шекесінен қарады.
Киік пен қашқан құланды
Соғып алып барады.
Бес жүз әскер ауыр қол,
Бастығы Ақпан батыр сол,
Көпті көрген көнеге
Қараңғы тұман түнде де
Сапар шегіп, жол жүрсе,
Табылады екен сара жол,
Бірнеше күндер өтеді,
Қаратөбе, Манаты
Деген жерге жетеді.
Маңғыстауың сол күнде
Қалың нулық жер екен.
Бозарыстың түбінде
Қарашағыр, Шадас құдық,
Ордың бойы ел екен.
Ерлер барлау салады,
Жарықта байқап алады.
Қалың елді еңселеп,
Таң алдында барады.
Желпіндіріп ту байлап,
Ерлерім тұрды ат сайлап,
Көгалаң таң болғанда,
Шақырды ұран айқайлап.
Құлақты сүрен шалады,
Ат дүбірі жарады,
Мұңдық болған көп тұтқын,
Елінің көріп ерлерін,
Қуанып, естен танады.
Бақырауық бектердің
Салтанатын тәрік қып,
Олжаға елді қарық қып,
Шалқұйрығын дүбірлетіп,
Ерлерім айдап барады.
Бір күн, бір түн өтеді,
Сәске мезгіл болғанда,
Анық түске толғанда,
Екі-үш жерден ту байлап.
«Жекпе-жек!» деп айқайлап,
Мың жарым кісі ауыр қол
Артынан қуып жетеді.
Екі жақ та айқасып,
Ұрыстың болды ұлысы.
Қатар-қатар тұрысып,
Саржаның тартты кірісін.
Бөріктер ұшып торсылдап,
Біреулер қалды қорсылдап.
Қай жақтан да ер өлді,
Аз өлмеді, көп өлді.
Күннің көзі тұлданып,
Батысы мен шығысы,
Басылып ұрыс, көнерді.
Шоқысында Қарақұс,
Шығанақ теңіз тұсында
Жағалай жатқан көп оба
Солардан қалған жер еді.
Жылдардан жылдар өткенде,
Маңғыстаудай қонысқа
Адайды айдап келеді.
Сұрасаңыз, бозбала,
Бұл ақиқат сөз ғана.
Шежіренің сүрлеуін,
Кәріден естіп білгенін,
Осылайша әр жерде
Қашаған айтып береді.