Қоштасу (қадірлес қызы ұзатылғанда айтқан қоштасу толғауы)
Нұрым Шыршығұлұлы · 81 жол
Жүйрігің көрсе дуды желігеді-ай,
Құландай желге шапқан елігеді-ай.
Ел-жұртпен қоштасатын шағың жетті,
Асыл ең көрісетін келіп ұдай.
Қырымның жұрт жиылған қызығындай,
Бедерің бес жасыңнан тұр бұзылмай!
Қып-қызыл екі бетің алмадайын,
Базарда бұлы қымбат қырмызыдай.
Бай болсын, мырза болсын бұлаңдаған,
Жүйріктің жері бар ма сыналмаған.
Сейілдеп серуенге шыға келсең,
Қорынып, қасыңда ешкім тұра алмаған.
Асылдай ақ күмістен айырулы-ай,
Қасиетті бір мінезің абиұрлы-ай,
Ақ бетің ақ жауқазын айға меңзес,
Бұқардың бұлы қымбат ақ ұнындай.
Тең бар ма пікірліге, жас та болса,
Сайқылық қызға лайық, қызба болса,
Аты әйел кейбір шабаз еркек тайлас,
Жігіттен өнері артық, қыз да болса.
Құдайым берген ақыл, келбетпенен
Пенде жоқ бұл өмірде кез келтпеген.
Жарлы, бай, жақсы, жаман ала жасап,
Адамды бір-біріне теңгертпеген.
Үстем қып мерейіңді бой сақтама,
Басыңнан өтер дәурен көлбектеген.
Кешікпей біреу алар ықтиярыңды,
Жинаған қазынаңды еңбекпенен.
Бұл сөзді неге айтты деп айып етпе,
Мінезім жеңіл еді елбектеген.
Бір гүлсің бақшадағы ашылмаған,
Науқаның әзір күнге басылмаған.
Көтеріп дәрежесін қанша айтсам да,
Жауаптың бұлын білмес нәсілі жаман.
Сөзімнің өзге нарқын біле бермес,
Болмаса өздеріңдей асыл жаннан.
Жарлы, бай, жақсы, жаман ала жасап,
Еркінше еліктірген қапыл заман.
Дәулетті өзгелерді көрсем-дағы,
Періште көрінеді басың маған.
Ак бетің әйнегіндей Орынбордың,
Шашың бар панарындай жайған тордың.
Гауһардай екі көзің дөңгеленген,
Ақ жүзің жүйесіндей жоғарғы һүрдің.
Бал жалап, шекер жеген бір бұлбұлсың
Рақатын көрген талай айдын көлдің.
Үлгісін көріп өскен асыл жердің
Баласы аяулы ата асылымсың,
Азбаған тұқымындай алтын зердің.
Бір түні қара лашын кетсе қағып,
Кетерсің көркін алып рулы елдің.
Ажары ақ бетіңнің айға меңзес,
Бұл дәурен бір күн-ақ-ты қайта келмес.
Пендеге шыны қаза келген күні,
Дүниеден қосын түзеп, кім жөнелмес?!
Ерке өстің ата-енеңе жасыңда, қыз,
Бұл күнде қосылғайсыз асылға, қыз.
Қуалап дүние түбін, малды ойласаң,
Бір күні өтер дәурен қапылда, қыз.
Сермесең неге қолың – соған жетер
Тұрғанда қызыл шарқат басыңда, қыз.
Елжіреп іші-баурың елді ойласаң,
Бір жүрген қатар құрбы, теңді ойласаң,
Көл болып көздің жасы көп жыларсың,
Тетелес аға менен жеңге ойласаң.
Басыңда қызыл шарқат боп тұрғанда,
Сол күнің болар дәурен, енді ойласаң.
Басыңнан өтер дәурен пелде-пелде,
Отырсың жөнейін деп бөтен елге.
Көрген жан таң қалғандай бір бала едің,
Тәрбиең сай келетін рулы елге.
Қалған жол аға-жеңге, ата-анадан,
Ойлапты осы ақылды көңіл делбе.
Дүниеде ешбір адам түк ойламас,
Уақытында болып өтсе сендей пенде.
Дабысың дауылпаздан еш кем емес,
Жайылар әлде даңқың әрбір жерге.
Сыйлаумен жасы үлкеннен алғыс алсаң,
Жеткенше қор болмассың басың жерге.
Алыпты Адам Ата Хауа ананы,
Жарқыным, кетемін деп жылай көрме.