Қоштасу (әкесімен қоштасуы) (1-бөлім)
Нұрым Шыршығұлұлы · 142 жол
Жаратқан Ием оларды –
Шамшы менен Қамарды.
Ғұмырсыз құлдар көп өтті,
Жан барында шалқ етіп,
Құруға керек базарды.
Асылы нұрдай балқыған
Қиюға болмас ажарды.
Керуен жөнеп кеткенсін,
Сындырып болмас назарды.
Лаухы менен Махфұздан
Берейін, білсем, хабарды.
Бір төбенің басында
Бақпаған кімдер мазарды?!
Ғазірейлі періште
Әкелген күнде қазаңды,
Мәңкүр-нәңкүр періште
Ерікке қоймай шараңды,
Тергеуге келер жазаңды.
Алһам бір аят оқыған,
Алла, бір қабыл ете гөр
Ертең де, кеш те азанды.
Тамұққа жолдас етіпті
Қайырсыз туған сараңды.
Аққа жолдас етпегей
Асылы басқа харамды.
Жақсыға жолдас етпегей
Ниеті бұзық жаманды.
Әуелі Тәңірім жаратқан
Он сегіз мың ғаламды.
Бұлардан соң жаратқан
Лаухы мен Махфұз, Кәләмды,
Атамыз Сафи Адамды.
Тоқсан құрсақ көтерген
Жаратқан Хауа – анаңды.
Пейіштерден белгі етіп,
Жұмақтан берген тағамды.
Дүниеге келіп бұлардың
Аты бір қалған заман-ды.
Алысқа кетіп келмейсің,
Аңғардым, ата, шамаңды.
Сіздер түгіл, өткізген
Мұхаммед досты, жаранды.
Ниеті түзуі жандарға
Жақын еткей араңды.
Несібең үшін жөндегей
Лаухы, Махфұз, Кәләмды.
Ата бір деген асқар тау,
Балам деп бізді, басқарды-ау
Он сегіз мың ғаламды,
Ғазірейіл періште
Бәрін де қолдан атқарды-ау.
Тәуекел хаққа сиынып.
Ізденіп едім қарттарды-ай.
Қайырлы болсын заманың
Артыңда қалған жастарға-ай.
Ақыл бір таппай ойланып,
Келуші едік сасқанда-ай.
Сермесем, қолым жетпейді,
Жұлдыздай болдың аспанда-ай.
Жан ата, сені сағынсам,
Оңғарып Алла көргізгей
Қиямет күні мақшарда-ай.
Заманнан заман оралған,
Ойлап тұрсам сан алуан.
Адам – ата, Хауа – ана
Дүниеге келіп жоғалған.
Хазіреті Омар, Оспаннан –
Бұл дүние қалған солардан.
Зұлқарнайын Ескендір
Патшалар өтіп жол алған.
Он сегіз мың ғаламға
Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Мәртебелі хан болған.
Есендік күнде аңқыған,
Саламат күні шалқыған,
Ерік кете бастан келе алмай,
Атамыз Адам осылай
Өлмей қалған жоқ екен
Әуелгі түрлі заманнан.
Әуеліде Мұхаммед
Құдайымның достысы –
Бұл да кеткен екен қазадан.
Мұндай да мекен тұтынып,
Дүниеге келдік жаңадан.
Құдай үшін Ибраһим
Құрбан шалған арадан.
Алла деп Хаққа тапсырып,
Айрылған жалғыз баладан.
Тоқсан құрсақ көтерген
Қалыппыз Хауа – Анадан.
Бес-алты ауыз сөз сөйлеп,
Неге керек көп сөйлеп,
Қысқартайын сағадан.
Маңғыстаудың ойында
Шақпақ-Ата, Қараман,
Ол туыпты Шопан-Атадан.
Әуелде Жаббар жасаған
Біреу – ерте, біреу – кеш
Келе жатыр қашаннан.
Арқадан іздеп шыққаным
Ағайын тума халық едің.
Көкірегім болса шат,
Көрейін деген алқа едің.
Әркімді елден айырған
Азалдан мына «қоян жыл»
Құданың құран сөзінде
Ізденуге шарт едім.
Маңғыстаудың ойында
Жолығысып қайтарға
Жасы бір жеткен қарт едің.
Іздеген атам Шыршығұл
Дүйсенбі күні дүниеден
Сапар шекті жылқы жыл.
Құдай деген құл түгіл,
Ардақты біздей ұл түгіл,
Хазіреті Кенған, Жүсіп те
Атасынан айрылып,
Алаң болған, біз түгіл.
Маңғыстаудың ойында
Балапаның өргізіп,
Көрсетіп едің көп қызық.
Біз ізденіп келмесек,
Жайын мұның кім білер,
Алланың әмір еткен күн
Ойлаған едім бір кідір.
Мен келсем, атам бар екен,
«Шырағым аман ба екен?» – деп,
Бір көруге зар екен.
Атаға шырын бала екен,
Балаға шырын ана екен,
Баланың көркі ата екен.
Тарығып келдім дегенде
Қайыспас қара нар екен.
Торығып келдім дегенде,
Ақыл табар дана екен.
Борандар шулап, жел соқса,
Басымда тұрған пана екен.
Атасы барда арман жоқ,
Ордасы толып отырған
Ортасында хан екен.
Қанша қайғы шексем де,
Уақыты болған қаза екен.