Түйесін іздегені
Нұрым Шыршығұлұлы · 21 жол
Жоғалды бізден түйе қисық өркеш,
Көріпті күні кеше үдерген көш.
Міндім де кер бедеуге, іздеп шықтым.
Таба алмай елге қайттым, еңбегім еш.
Әлеумет, күні бүгін жиналыпсың,
Түйені о бейнелі көрдіңіз бе,
Қараймын әрбір жерден түсіп енді,
Түйенің білінбейді жосығы енді.
Келгенде жас елуге болып жоқшы,
О дағы бізге Алланың қосуы енді.
Ақ тұмсық, мұрыны бар томпағырақ,
Арасы екі өркештің алшағырақ,
Өзі де биік емес, талпағырақ.
Кез келсе, ойпаң жерге түнейтұғын.
Жануар бір мінезі жалтағырақ.
Жануар бір мінезі құспайтұғын,
Алдынан келсе кісі ұстайтұғын,
Арасы екі өркештің сөгіліңкі,
Шудасы тізесіне төгіліңкі,
Шуылдап шу дегенде жүре бермес,
Жүрісі жануардың сабылыңқы.