Қалышқа көңіл айтуы (3-бөлім)
Нұрым Шыршығұлұлы · 137 жол
Жетім менен жесірден.
Жалғыздар жатыр жапанда,
Жарылғай көрші, Ие Алла,
Ғарапаға қажы етіп,
Бір Құдайдан дәме етіп,
Кетіпті Нұржан сапарға.
Мәдинеде Мұхаммед –
Сонда барып жатарға.
Қайым мақшар күн болмай,
Келе алмас біздің қатарға.
Алланың үйі – ақ мешіт,
Келер деген соған көңіл бар
Атасы қалған мұқамға.
Атасы сарай салдырып,
Таудың тасын алдырып,
Алдырған тасы лағыл-ды.
Басына әйет етің деп,
Жыңғылдан астау салдырды,
Сусынын шайменен қандырды.
Шатыланып жүрген Қалыштың
Қайғымен басы қаңғырды.
Қайғы деген қатты дерт
Ішін оттай жандырды.
Әкім болып ел билеп,
Лебізіне жұртты нандырды.
Онан да пайда көрген жоқ,
Кешегі Нұржан жалғызы
Бір көруге зар қылды.
Шалықтап жүрген күніңде
Шаршаған, Қалыш, шамаң бар.
Қайғың күшті, дертің зор,
Аллаға қандай шараң бар?!
Нұржан сапар етті деп,
Бұ дүниядан кетті деп
Хабар айтқан адам бар.
Жалғыздың мұңы жаман деп,
Тілектес болған адамдар.
Қайғыңнан хабар есіттің,
Қайғысыз елдің қамын жеп,
Сапардан келмей, кешіктің.
Ішінде Нұржан қалыпты
Алтын сарай мешіттің.
Бір күні Қалыш түс көрген:
Түсінде жатқан зынданға
Аңдамай келіп түскеннен,
Құдайлап қайтқан еліне,
Мекен еткен жеріне.
Шағынуға шама жоқ
Жолдас, құрбы, теңіне.
Алладан әмір болған күн,
Адамның болмас ебіне.
Кешегі кеткен Нұрберген
Арасат майдан күнінде
Шыққан еді тап болып
Тарихтың кеңіне.
Жараның ұшқары айтпайды,
Келген адам кезіне.
Жайлы жерге жата алмай,
Бұйрықты дәмін тата алмай,
Нұрмағамбет молласы,
Бірге жүрген жолдасы,
Хақтың ісін айтуға
Батылы жетіп айта алмай,
Аманияз, Тілеке –
Олар да шыққан хабарға,
Алыс та болса барарға.
Хақтың ісі болғансын,
Қарамас адам ажарға.
Қалыштың көңілі бұзылды,
Түскен соң басы базарға.
Қайғырған халқың қасыңда
Қарындасқа жолды деп,
Бос қалғанға ұқсайды
Нұрбергеннің орны деп.
Есіткен жерден еңіреп,
Қайғысы көп-ті бегірек.
Амантай ишан басына,
Ақ мешіттің қасына
Қойғызды халқың белгілеп.
Белгісін көріп жығылды
Асасымен жер тіреп,
Мекке менен Медине
Кетсемші деп тентіреп.
Құдайымның өз мүлкі,
Неғылса да еркі деп.
Жасы үлкен ағасы –
Ішінде Досжан данасы,
Қайғысыз елдің қамын жеп
Жүр еді Қалыш панасы.
Қайырылғанға ұқсайды
Оң жағынан қанаты.
Бәйнеке туған елінен
Бүтін еді жағасы.
Үйрек ұшып, қаз қонған
Келіспей кетті сабасы.
Керуен келмес, білемін,
Айдасаң тұрып, шамасы.
Кімдерге сайғақ болған жоқ
Саздау жердің ағашы?!
Кімдерге сарай болған жоқ
Қара жердің қабаты?!
Мәриям ана секілді
Нұржанның туған анасы.
Анасының асылы,
Малы менен басына
Туғаннан дәулет дарыған.
Тілеумағанбет нағашың
Уызында жарыған.
Дұшпанды қуған шулатып
Жайықтың екі жағынан
Дұшпанның атын атауға
Қорқамын жұрттың заңынан.
Онан туған Мәтжан бар
Талай ханнан дәм татқан,
Отырып бірге тағынан.
Қысылған күн маңынан,
Кетпейді халық жанынан.
Болат найза бұралып,
Өзінің ұшпас сабынан.
Туып еді Нұрберген
Сары алтынның қабынан.
Адамды адам айырмас
Алланың берген бағынан.
Ұшырды Алла, қайтерсің,
Ойнайтын күліп шағынан.
Бұрынғы өткен ата-ана,
Хақтың ісі болмаса,
Жер астында жата ма?
Пайғамбардан бата алған
Отыз үш мың сахаба,
Өткен Хауа анамыз,
Уақыт болса, барамыз.
Алып қалар адам жоқ,
Келсе бір күн қазамыз...
Сол жандардың бәрі жоқ,
Осыны, Қалыш, енді бір
Өзіңіз байқап қараңыз.