Тоғыз ауыл (Байбоз – Жанбоз) (2-бөлім)
Нұрым Шыршығұлұлы · 152 жол
Шыбындай жаннан баз кешіп
Енді қарап тұрмайды,
Құланақтың сыртында
Араласып жәумітпен,
Соғыс етті әрнешік.
Ол ұрыспай нағылсын
Ардақтап өскен ұл үшін,
Арулап сүйген қыз үшін,
Елсізде қалған құрбы үшін,
Тарығып тұрған мұңды үшін.
Аттанған күні Төлен би:
«Мен садақа, – деген – жұрт үшін!»
Сол сапарда бір берді
Орақ та Мамай, Қарасай
Кешегі ердің үлгісін.
Үлескенде кімде бар еді
Сыбағаға он беске тиген жүз кісің?!
Мақтанса, біздің Адай мақтансын!
Алып кеткен дұшпанның
Түсіріп қалды бұлдысын
Соғыс еткен аз кісің.
VII
Аз еді көпке жолыққан,
Бедеулері бектің зорыққан.
Айналдырған қырық жігіт
Кешке дейін соғысқан.
Еш те көмек болмады
Былайғы Мұңал, Тобыштан.
Ертеңнен кешке соғысып,
Тастады жәуміт олжасын,
Қорғаумен болды өз басын.
Біздің Адай баласы,
Өлгеніңе өкінбе,
Өлгенің шәйт болғасын.
Алуға әлі келмеді
Асыл қару заттарын.
Түс қайтқанда болжады
Қырғыншылық тапқанын,
Өз жанына батқанын,
Ер шайқының атқанын,
Сол күні жәуміт бір тапты
Қияметтің мақшарын.
Біздің Адай баласы,
Өлгеніңе өкінбе,
Не көрмеген бастарың?!
Ата-баба істерін
Үлгі тұтып сөз қылар
Кейінгі туған жастарың.
VIII
Бурабайқұдық шыңырау –
Ноғайлының қазған құдығы
Сол жәуміттің қашқан жер,
Ақыл бір таппай, сасқан жер,
Жауды қара басқан жер,
Ер шайқының атқан жер,
Екі жүз елу жәуміттің
Қатарынан жатқан жер.
Еснияз батыр ішінде,
Адайдан төрт ақсұңқар
Бір жерде шәйттік тапқан жер.
Сол кісінің ішінде
Ықылас пенен Төленді,
Қабыл батыр сол өлді.
Адайдан төрт ақсұңқар
Бір жерде шәйіттікке жөнелді.
Сегіз жұмақ бір үйін
Мекен етер ол енді.
Еснияздай батырдың
Орнында тұяқ қалмады.
Ойлап тұрсам, пенденің
Бір арманы сол енді.
IX
Адай деген жұртымның
Хиуа еді базары.
Ат үстіне мінгенсін,
Үстіне келген дұшпаннан
Қайтқан жоқ еді назары.
Кейінгі қалған Адайға
Тасболат батыр, Тілеген
Жетісті сонан хабары.
Сол хабарды есітіп,
Екі жүз кісі қол болып,
Бәйменбет, Тайлан ақсақал
Қуып шықты жолданып.
Маяның ұлы Бәйменбет
Айтыпты ақыл мол салып,
Атасы Әнет болғалы
Тұқымынан бар еді
Арылмаған жорғалық.
Құланды қақтан қайырған
Ерлерімнің қайраты
Бұл дүниеге болды анық.
Тілеген аяқ, тел жүріс
Тентектер іштен тыйылып,
Тататұғын түз нәсіп
Әркімге сонан бұйырып,
Бақытты Мыңбай бас болып,
Дұшпанымен қас болып,
Самның шеті Жарқұдық
Тағы да барды жиылып.
Х
Сол кісінің ішінде
Еркек қоян қабақты
Шабайдың ұлы Сүгір бар,
Қашаннан сондай дүбір бар.
Жазғаны Құнанорыс демесең,
Сегіз арыс Адайда
Онан өтер кімің бар?!
Ол кісінің ішінде
Әбілғазы, Көтібар,
Мың бір әлем досы бар.
Аттанған күні ерлердің
Жолдасы еді осылар.
Амантұрлы батырдың
Атасы шайқы Ер Бекет
Аян берді түсінде:
«Оңбас, – деп, – балам, ісің-ді,»
Айтқан тілін алмады.
Аттанған қолдан қалмады.
Желбіретіп ту байлап,
Желіктіріп ат сайлап,
Елден шыққан шалғайлап,
Бөтен жерге маңдайлап,
Хан тірсегі деген жерменен
Дәукескенді жағдайлап.
Күркіреуік атаға
Жорықшыны келтірді
Бес күн жүріп Тәңір айдап.
Ат үстіне мінгелі
Кетпеген қолдан намысы.
Қазасына тап болды
Сарттың қазған жабысы.
Амантұрлы батырдың
Ағайыны жоқ екен
Ат құйрығын саларға,
Сүйегіне барарға.
Шабайдың ұлы Ер Сүгір
Шаппады десе, нанар ма?!
«Бергей, – деп, – Алла тілекті»,
Тоқтатып алып жүректі,
Үшке дейін ұрынды
Түтеп тұрған қамалға.
Қияметтік дос үшін
Шабайдың ұлы Ер Сүгір
Басын салды базарға.
Амантұрлы батырдың
Дәл жүректен оқ тиіп,
Ордан болды жазымы.
Қазасына тап болды
Сарттың қазған қазуы.
Айтқанменен не пайда,
Алланың солай-дағы жазуы.