Нұрым мен Жаскілең
Нұрым Шыршығұлұлы · 139 жол
Жаскілең:
Руың сенің сары Адай,
Әлімім елге ағадай.
Әлімім жұрттың асылы,
Ақ күмістен тазадай.
Жазымдықпен жеңбесең,
Тарттырармын, Нұрым, жазаңды-ай.
Аржағың, Адай, белгілі
Мен айтамын, сен тыңда
Есетімнің ерлігін.
Өтіп кетті демесең,
Мен білмеймін Есеттің
Әзіретіғалидан
Бір кішкентай кемдігін.
Бір ерлігі Есеттің
Тәуекелмен іс еткен –
Арыстандай төрені
Өлтірген Орда ішінде,
Өлшеу бар ма күшінде?!
Адай, Әлім болғалы
Елеңдетіп тең мінген
Екі бірдей жорғаны.
Өтірік айтпа, рас айт,
Адайыңда бар ма еді
Тап Есеттей болғаны?
Біздің Әлім ішінде
Әлібек пен Достан бар,
Жетімдегі Қостан бар.
Көшкен күні желіде
Ұмытылып қалып боздаған
Жүз аруана, тоқсан нар.
Байлық жағын сұрасаң,
Әнеки, сондай жоспал бар.
Қарағұл мен Дауылбай
Құлындатып қулықтан
Жүз биені байлаған,
Мыңнан жылқы айдаған.
Мен көрмеген Есеттен
Артық ерің қайда бар?
Әлімнен озған Тайшыбай,
Байлық жағын қоялық
Біразырақ айтып-ай.
Қорықсаң, Нұрым, шақыршы
Әулиең мен шайқыңды-ай.
Көп ұзатпан сені мен,
Күні бүгін алмаса
Бергенін Құдай қайтып-ай.
Біздің Әлім мырзасы
Қырмызы қызыл асылдың
Талайын жүздеп алдырған.
Айналасына алтын зерлер салдырған,
Салтанатын сүйтіп оздырған.
Құдіреті күшті Құдайым,
Шын қаһары келген күн
Он сегіз мың ғаламды
Сыйғызған жалғыз қауызға.
Ескілікте болмаса,
Жаңалықта кімің бар,
Айтатын алып ауызға? –дейді.
Сонда Нұрым айтыпты:
Жасаған Жаббар, Жан Ие,
Жұмыла бәрің әнбие,
Маңғыстаудың ойында,
Көлденең шыңның бойында
Үш жүз алпыс әулие,
Шын күнәлі болмасам,
Осы жерде бір сүйе.
Маңғыстауда берекет,
Әнеки, сонда керемет.
Кетсе, кемін толтырған
Адайда бар Ер Бекет!
Садуақас сахидан
Біздің Адай елінің
Жомарттығы кем емес.
Көлденең қазақ баласы
Адайға тіпті тең емес.
Анау барып көрсеңіз,
Маңғыстаудың қара ойы,
Әулиесі қойдай күңіренген,
Адам қияр жер емес.
Сенің айтқан Есетің
Мақтайтұғын ер емес.
Менің жалғыз көргенім,
Жаскілең, жалғыз сен емес.
Шамасыз жерге шарқ ұрып,
Досқа күлкі, пақыр-ай,
Дұшпанға болдың келемеш.
Анау Көкаланың құмында
Әлімді қойдай шулатып
Біздің Адай шапқанда,
Тегін олжа тапқанда,
Бердібекке тиіп еді
Алпыс кілем ағалық.
Әлімге сонан қалып па еді
Батырлық пен даналық?!
Күні бүгін болғанда,
Өтірік айтып мақтанған
Мынау пақыр Жаскілең,
Бұған қайтіп наналық?!
Есетің сенің ер болған
Кешегі бір кезеңде
Ұлық пен төре шуылдап,
Бөрідей түскен артына.
Діні үшін емес, күні үшін
Таныс болған орыстың
Гүбірнатыр сортына.
Байұлы деген халқымнан,
Дұшпандасқан зарпынан
Адай деген ауылымның
Аруағы асты Алшыннан.
Ерлерім қолда барында
Қос арғымақ талпынған.
Бір аттанып шыққанда,
Біреуінің дәл басы
Мың кісіге шарп ұрған.
Бір мырзаның үйінде
Сексен-сексен құлы бар.
Сексен құлдың қасында
Сексен күңнен жұбы бар.
Бір мырзамның үйінде
Жүзден інген боздаған.
Шынын айтып мақтасам,
Кедейімнің үйінде
Мыңнан саулық қоздаған.
Арғын менен Алшында
Бізден байлық озбаған.
Жерің бар ма, Жаскілең,
Кедейліктен тозбаған?
Бір мырзамның белінде
Ақ күмістен қыны бар.
Сары ала тон, қылыш бау
Мың биенің пұлы бар.
Қаруының өзінде
Бір кісінің құны бар.
Адайымның дәулетін
Кәні, шамаң келсе, жұлып ал.
Жеңілетін Нұрым жок,
Біраз жатып тыным ал,
Көзіңнің ұйықтап шырымын ал.