Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалышқа көңіл айтуы (1-бөлім)

Нұрым Шыршығұлұлы · 150 жол

Сөйлей гөр, тілім, көмейім,
Бұлайша демей, не дейін?!
Көрген алаш көз салар,
Көлденеңдеп желейін.
Аяйын ба жел сөзді,
Бізге берген жорғалық,
Тұрмайын енді бұлданып.
Сан Пайғамбар, сахаба
Машахат шеккен құлданып.
Солардан қалған сұм дүние,
Тұрғаның ба тұл қалып?
Бала деген базарды
Сағынғанмен не пайда,
Бетінен сүйер күн қайда,
Осы күнде бір барып.

Барып сүйсең бетінен,
Тіріде қалмас есіңнен.
Кәләм бір Құран Шарипте,
Жиырма тоғыз әріпте,
Лаухы менен Махфұзда
Періштелер жазыпты
Алланың әмір бұйрығы –
Азды-көпті өмір жас,
Уақыт бітпей тұра алмас.
Басыңнан дәурен бір өтсе,
Қайтадан дәурен құралмас.

Әуелі Алла жаратқан
Ағузы менен алһам бар.

Уақытың жетіп барсаңдар,
Жұмақта сарай дарқан бар.
Құданың сөзі Құранда,
Бұл сөзіме нансаңдар.
Олардан кейін жаратқан
Арсы менен күрсіні.
Дүнияны қызық демеңіз,
Қырмызы қызыл түлкі-ді.
Шаттық үшін жаратқан
Ойын менен күлкіні.
Бұл дүнияға келген жан
Бір Құдайдың мүлкі-ді.

Ертеңді – кеш алуға,
Әзірленіп отырмыз
Уақыт болса, баруға.
Сауда берген садақа
Себепкер дейді даруға.
Қырық парызға қиналмаң,
Жарайды дейді қаруға.
Періштеміз белгілі
Бізді тергеп жазуға.
Пенденің ісі бикүнә
Алладан болған ажалға,
Қайғырып қатты налуға.
Жасында кеткен сәбилер
Қайымның мақшар күнінде
Атасы менен анасын
Түсірмейді дейді тамуға.
Жанында шарап бар дейді
Шөлдесең, ішіп қануға.
Әзірейіл хабар еткен күн

Ылажың болмас қалуға.
Жаратқан жандар көп екен
Бұрынғы өткен заманда.
Түсінік түркі сөзім бар
Кейінгі қалған адамға.
Жолдасым жомарт періште,
Қорғалап жүрміз панаңда.
Хақтағала бұйырды
Қағаз жаз деп қаламға.
Ажалды күні ақ киік
Айдамай түсер аранға.
Қайырсыз өткен Қарынбай
Үлгісі қалған сараңға.
Алла деп тәубе етпеген
Дүниясы кеткен қараңға.
Сәжде – сауап қылмаған
Жаймаған қолын азанға.
Алладан болған әмір бар
Атамыз Сафи Адамға.
Өнерің ғилым болсын деп,
Қайымнан бергі қадамға.
Атасы бірге туды деп,
Арашалап ала алмас
Өзіңнің іні, ағаң да.

Жасында кеткен сәбилер –
Қайымның мақшар күнінде
Сол дейді нағыз балаң да.
Жасаған Ие Алладан,
Бұл дүние кімнен қалмаған?!
Сираттың майдан жолына
Пендесі болмас бармаған?!

Алланың досты Мұхаммед,
Хазіреті Нұх тағы
Мұсылманды қамдаған.
Намруд-Шадат отына
Ибраһим еді жанбаған.
Құдай үшін үй салып,
Бір ниеттен танбаған,
Жалған сөзге нанбаған.
Дүйсенбі күні алуға
Алласы қалап арнаған,
Бәйтілланы салдырып,
Медина, Мекке тұрғанда,
Ғарафаға кажы етіп,
Халық кеңес құрғанда,
Сояйын десе, қара жоқ,
Алла ісіне шара жоқ,
Жалғыз ұлы Исмағұл –
Оны да шалған құрбанға.
Себеп болар ма екен деп
Қиямет күні бір жанға.
Қырық жыл қашып қиналып,
Ақтық ісін барлаған,
Қорқыт атам – ол қорқып,
Құдайға жылап зарлаған.

Ағузы, алһам бір әліп
Лаухы менен Махфұзда,
Жазылған екен шығарып.
Ғаламдар айтса, тыңдалық,
Жалған емес, бұл анық.
Қараңғы жерде қабір бар,
Иманды кұлға тым жарық.

Құдайымның дұшпаны
Тәкаббар болған бұлданып.
Бес жасына келгенде,
Бесті бедеу мінгізіп,
Қасыңа ертіп қыдырдың,
Бұ дүнияда құлданып.
Бақида базар деп кетті,
Бұл пәниден құр қалып.
Құшақтап біраз сүйгенің
Алладан болған мырзалық.
Алладан әмір бар болып,
Елу мың ерен жар болып,
Қайым – мақшар күн болмай,
Көруге күн жоқ бір барып.
Кімдер өтіп, кім қалған,
Ойласаң мына сұм жалған.
Жүйрік өткен жүлде алған,
Ата-анадан үлгі алған.
Патша Құдай, мырзасың,
Жаратқан жанның жұмыласын.
Дәуіттің ұлы Сүлеймен
Алып құшқан мың қатын,
Құрмет етіп бір басын.
Бұған да Алла бермеген
Дүнияның перзент-қымбатын.
Расулалла дегендер
Бұл сөзімді тыңдасын.
Халқың қатты қайғырған,
Мұңайып құрбы-құрдасың.

Нұрым Шыршығұлұлы өлеңдері

Барлық 20 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері