Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әтембекке айтқаны

Нұрым Шыршығұлұлы · 113 жол

Айтса да мен айналман
Көлденеңнің сөзіне.
Әшкере болған ісің бар
Жиылған жұрттың көбіне.
Айдыннан ұшқан аққудай
Келіп қондым еңменіп
Әтекеңнің төріне.
Қанатым талмас, тау қайтпас,
Еркіндеп келіп қонған соң
Дарияның сіздей көліне.
Айрылсақ сізден қонғандай
Елсіз де жердің шөліне.
Жауһарлы болат секілді,
Қарасам, тақсыр, өңіңе.
Әділет ісің болғанмен,
Қарамай айтам көңіліңе.
Сіз бір туған ақсұңқар,
Ұшар деп келдім жөніне.
Атадан туған төртеуің,
Хан ұлдары секілді
Деңгел еді көркемің.
Төртеуің қатар тұрғанда,
Осы бір байтақ қазақта
Бар ма еді сенің өлшеуің?!
Араңа шайтан кіре алмай,
Өсіп еді өркенің.
Айырған алтын секілді
Нұр сәулелі жүздерің.
Қарасам бүгін, өзгеріп,
Солғын тартқан өңдерің.

Атаның асыл баласы,
Араздықпен өштесіп,
Айрылар болған жөндерің.

Ақылды беріп ашуға,
Шайтан болды ергенің.
Ел жабылып сұраса,
Бір тілегін бермедің,
Әтеке, емес білгенің.
Өлгенше қалмас есіңнен
Жаманнан қорлық көргенің,
Сол болар сіздің өлгенің.
Тең атаның баласы,
Теңдесім сіздер болмасаң,
Аразы мен татуы
Не керек маған өңгенің?!
Сол себептен келгенім,
Қағбаға тауап еткендей,
Иіліп сәлем бергенім.
Талайдың тауын қайырып,
Тек өзіңді жөн дедің.
Халықтан жеке туғандай,
Адамды тең көрмедің.
Өнер қонған кеудеге
Жеделдес мен де бір інің,
Қолынан дәмді көп татқан,
Татулықпенен отырып,
Аға менен жеңгенің.
Ел қазығы едіңіз,
Бақытына болған пенденің.
Хақ кәләмнің жолында
Тәубасы қабыл болмайды

Такаббар болған менменнің.
Адасып, көнбей ерлерім,
Айрылар болды елдерім.
Алыстағы дұшпанға
Алынар сүйтіп белдерің.

Сен – ақсұңқар құстың баласы,
Тұғырда тұрар талпынып.
Дәреже қонған басың бар,
Бақытың аз күн артылып.
Өзіңнің тума, халқыңның
Тілегін бермей келесің,
Тұрса да күнде сарсылып.
Халықтың көңілін қалдырма,
Зар боларсың бір күні,
Есікті кетсе сарт ұрып.
Теңдесім, сізге айтамын,
Озалдан бақытың жөн алған,
Үйіңе келген қонағың,
Пақыр да болса төр алған,
Жауабыменен сөз алған.
Халықтың мен де бірімін,
Бұл бетіңді таста деп,
Тілегім осы сұранған.
Дұшпаныңды қас көріп,
Ашуыңды дос көрсең.
Бұл тілекті бермесең,
Айтқаныма көнбесең,
Сағынып аңсап аға деп,
Енді сәлем бере алман.
Менен бұрын сен өлсең,
Құрметтеп қолдан көме алман.

Енді қайта оралып,
Босағаңды көре алман.
Атаның ұлы азар ма
Бастары түспей базарға?!
Жасақты жау көрінсе,
Ер ойланар шабарға.
Жалғызбын деп жасқанбай,
Жолығып соған қаларға.
Жаманға барда бұйым сол,
Басыма тарлық түсті деп,
Жұмсасаң, бармас хабарға.
Адасты шайтан азғырып,
Адам Ата, Хауа Ана
Жәннаттан шықты каңғырып.
Осыларды үлгі етіп
Мен айтпасам, кім айтар
Көңіліңді мендей қалдырып?!
Төріңе шықпас жаманды
Би етерсің алдырып,
Ақылыңды шалдырып,
Сусынын шәйға қандырып.

Нұрым Шыршығұлұлы өлеңдері

Барлық 21 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері