Қоштасу (әкесімен қоштасуы) (2-бөлім)
Нұрым Шыршығұлұлы · 87 жол
Ата деген алтыным,
– Аман ба, – деді, – жарқыным?
Алыстағы шатақ, жақынның
Сұрады бізден әр сырын.
– Қауіпті, қатер жылым – деп,
Білдіртті сондай ақылын.
«Жан ата, қалай айттың?» – деп
Бармады сұрар батылым.
Бір табақтан дәм татып,
Ауырмай тұрып, қасында
«Ағузыбіллә алһам» деп
Оқыдым аят басыңа,
Келіп тұр балаң қасыңа.
Алпыс жас ғұмыр сүргенің
Қожаназар, Балдаман,
Хақтың ісі қалай деп
Көңілді басып зарлаған,
Ақ көңілді Түрікпенбай
Қиналып жанын қарнаған.
Боқсары мен Исағұл
Ағайын бұл да қамдаған.
Айтжанның ақыл, ниеті
Жақындық етіп аңдаған.
Атаны мен нарларын,
Аямады барларын,
Бар ма еді жерің арнаған.
Қарындас, халқың қаулысы
Жоқты барға жалғаған.
Ниеті түзу атамның
Бұйырған жері осы еді,
Алысқа көңілім бармаған.
Дүние кімнен қалмаған,
Нелер жанды алмаған?!
Дүниенің қызығы
Әркімдерді алдаған.
Қайғырғанмен қайтейін,
Осылай бұйрық болған соң
Жаратқан Жаббар Алладан.
Сабырым еді саламат,
Құдайға шүкір, қанағат.
Аман-есен келгенім,
Жақсы еді бұл бір ғаламат.
Қайғылы қаза тап болып,
Хабарың болды жаманат.
Артыңнан, ата, барармын,
Дүниеде қалдық аманат.
Шайқылардан шарапат,
Қайғылы өлім көп көрген
Жүрегім болды зарапат.
Пайғамбардың сүндеті –
Бала іздену әкені,
Бермесін Құдай қатені.
Алдыңа салып өсірген
Біз едік шырын әсемі.
Топырағы бізден болар деп,
Жоқ еді жұрттың қапері.
Дүйсенбі күні қаза етті
Иманды құлдың әсері.
Бұл бір күні дүние өттің,
Жапырағың күйзелттің.
Ақ пен қара танытып,
Артыңда калған балаға
Ғылымның жөнін үйреттің.
Екі-үш ұлың жас қалды,
Неғылып оны сүймессің.
Бұл сәбилер дұға етсе,
Оттарға түссең, күймессің.
Алладан әмір келген соң,
Артыңда біз бір дұғашы.
Тап қылма күнге шығасы.
Маңғыстаудың қара ойы
Атамның қалды мұрасы.
Тататын суың болсын да
Зәмзәмнің бұлақ жырасы.
Өзіңді Хаққа тапсырдым,
Сөзімнің, ата, расы.
Аттандым, ата, аман бол,
Тап болмағай тарлық жол.
Ораза менен намазың,
Алла қабыл ойласа,
Ізгі жолдас саған сол.
Сыраттың қыл көпірі
Алдыңнан болсын қара жол.
Асыра тартып ойлама,
Білгенге пікір – сана сол.
Жолы бір жырақ, жүгі ауыр,
Құдай, өзің пана бол.