Сөз ақыры
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 40 жол
Жақындап келді сөзім тамамына,
Ұсындым сынаушының назарына.
Орынсыз хатам болса көрсетіңіз,
Ғибрат еске түсіп аларыма.
Бұл сөзді жазғаным жоқ ақын болып,
Халық тентек, жалғыз өзім мақұл болып.
Қайғы мен хал мүшкілін білдіргенім,
Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып.
Қазақтың өзім дағы баласымын,
Білемін сол себепті рәсімін.
Хәйламен қақпан құрған жауды көріп,
Теріс пе сізге келіп сыр ашуымө
Мұсанниф һәр халықтан өткен сайрап,
Заманның кемшілігін айтқан зарлап.
Үзілмей данышпандар шығып жатыр,
Милләтке жаны ашып, ғамын ойлап.
Орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов,
Крылов, Тургеневтер кеткен өтіп.
Қартайып бұл уақытта Толстой тұр,
Взіне мәсіләктес ерлерді ертіп.
Қазақта бұлар теңдес бар ғой шешен,
Халықтан мойны озып болған көсем.
Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев
Сөзінде хата бар ма сынап көрсеңө
Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,
Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.
Оқыған ғибрат алып жас жігіттер —
Һәммәсы өз халқына қызмет еткей.
Оралдан Әбубәкір молла шықты,
Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты.
Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр,
Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсіп о да шықты.
Бұлардың һәрбір сөзі файдаға асқан,
Һүнерін хатқа жазып халыққа шашқан.
Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға
Ғажайып хикмәттің кілтін ашқан.
Бұлардан басқа ақын көп, сөз бұлдаған,
Бергенді мақтап, сараңды жамандаған.
Есімін оның үшін жазбаймын мен,
Болған соң хадимлардан саналмаған.