Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Таза бұлақ

Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 56 жол

Бар екен таудан аққан таза бұлақ,
Түк ел жоқ маңайында қылған тұрақ.
Жағалай біткен ағаш жапырақты,
Жайқалып күн мен желден тұрған қорғап.

Шілденің тас қыздырған ыстық күні,
Мөп-мөлдір суы салқын, әйбат түрі.
Шыныдай жалтыраған тазалығы
Көрініп айнадай боп жатқан түбі.

Жиһангез үш жолаушы келе жатқан,
Шөлдеген ыстық күнде таңдай қатқан.
Кез болып бақытына әлдеқалай
Су ішіп, мейірі қанған сол бұлақтан.

Рақат сусын қанып, жан жайланып,
Қарап тұр аққан суға қайран қалып.
Көреді суағардан жазулы тас,
Жағалап жоғарырақ жүрсе барып.

Үшеуі мұны көріп қалды тоқтай:
«Жапанда жазуы бар неткен тақтайө!»
Жазылған оқып көрсе, сөзі мынау:
«Болсаң бол, ей, жолаушы, бұл бұлақтай!»

Саудагер екен бірі үшеуінің,
Тыңдаңыз сондағы айтқан сөзі мұның:
— Япыр-ай! Бұл жазылған ақыл екен,
Вткізбей ағар бұлақ күні-түні.

Алысқа бармақшы ол тынбай ағып,
Қосылмас өзге бұлақ бұған неғыпө
Зорайып ақырында өзен болып,
Суынан пайдаланар тамам халық.

Меніңше, мұнан мұрат, мағына сол:
«Кәсіп қыл, жалқауланбай, талапты бол.
Бұлақтай мақсұдыңа сен де жетіп,
Басыңа тигізерсің пайдаңды мол».

Екінші ғалым екен аса зерек,
Ол айтты басын шайқап, назданып бек:
— Бұл сөздің мағынасы сіз айтқаннан,
Меніңше, болса керек тереңірек.

Бұл сөзден ғибрат сол адамзатқа:
«Тегін қыл жақсылықты, пұлға сатпа.
Бұлақтай кез келгенге даяр болып,
Міндетсіз біліміңді тарат халыққа».

Жас жігіт жолаушының үшіншісі,
Әдемі көрер көзге көркем кісі.
Тоқталып еш нәрсе айтпай тұрып еді,
— Не ойлайсың, сөйле, мырзаө! — деді өзгесі.

Бұл жігіт берді жауап сонда тұрып:
— Орнында ақпай бұлақ тұрса тұнып,
Шөп-шалам, шаң-топырақ, селеу басып,
Сарқылып қалар еді әлі-ақ құрып.

Жұрт құмар бұлақ таза болғандықтан,
Жазудан мағынам сол менің ұққан:
«Көңіліңді бойыңменен таза сақта,
Пәктікпен артыларсың сонда жұрттан.

Ақ пейіл, таза жүрек, жүзің жарқын,
Секілді мөлдір бұлақ суы салқын.
Болғандай дертке шипа жаны сүйіп,
Шүбәсіз пайдаланар болсын халқың».

Міржақып Дулатұлы өлеңдері

Барлық 89 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері