Мешбет пен Жабықбайды татуластырған сөзі
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 43 жол
Жалғанның кім келмеген сапарына,
Келіп дәм, жер жүзінен татарына.
Көл орны, орда орны құр тұрмайды,
Бұл сөз бар бұрынғының мақалында.
Қызайлық лабашіде кісі болған,
Кемдік жоқ абырой мен атағында.
Бұлғыншы, Жәнет болса, Далданбайлар,
Жаралған жақсылардың қатарында.
Игі сәт, Қалендер де кісі болған,
Өзінің бойға лайық мақабында.
Жарқырап жай тасындай жарып шықтың
Соңғы жас сіздер орнын басары да.
Жабықбай, Мешбет мырза, Дарабоздар,
Жұрт бақтың туыпсыздар ашарында.
Екеуің қатар жүрсең нені алмайсың,
Таңғалам бірлігіңнің нашарына.
Өнеге қандай жүйрік жон-жосыққа,
Бұларға бірлік қылса шен босап па?
Бурадай анадайдан шегінісіп,
Сыймай жүр екі қошқар бір қосаққа.
Жараспас жақсылардың адасқаны,
Бұлардың немене екен таласқаны?
Кім білсін аз ба, көп пе өмірлері,
Тірлікте жақсы емес пе жарасқаны.
Таңданам, қайран қалам екеуіңе,
Қалай деп бір-біріне жақ ашқаны.
Жақсының қайтуы да тез болмай ма,
Бір кезден болса дағы адаспағы.
Ханы да, қазы да екеуің жұрт аспаған,
Бұрынғы бабаларың жол бастаған.
Ғибрат бұрынғыдан алмай ма екен,
Бақыттан бірліксізді кем тастаған,
Арасын қай жақсының шен ашпаған.
Арман ғып айрылған күн опық жеме,
Пендені тағдыр жемір жеп тауысқан.
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ»,
Пікірің қалай сіздің, екі арыстан?
Екеуің жігіңді ашпай берік тұрсаң,
Ұялас төменбісің жолбарыстан.
Мұншалық тәрбиелі, тату туып,
Япырмау, мінездерің неге ауысқан?
«Тірлік күші бірлікпен болады» деп,
Сіздерге бірер ауыз айтқан нұсқам.