Әсеттің Ешен қазіретке айтқан өлеңі
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 108 жол
Келе ме ән порымы өлеңдетпей, нөсерлетпей,
Ұйытып тыңдағанды әсерлетпей.
Жүйрікті жәй екен деп ойламай ма,
Артында қалып қойса шауып өтпей.
Шариғат өлең күнә деп айта ма,
Сұмдықтың мұнда болған сырын шешпей.
Өлеңді айтар ақын жөнін біліп,
Келіншектей бізбен тартқан жібін іліп.
Домбыра ішегіндей сыңғыр қақса,
Қисынды келсе тегі мөлдір сүзік.
Жоғалтып балта сабын түстің ізіне,
Бір туып сұлу мүсін әнде күліп.
Өлшеулі кез секілді бір міні жоқ,
Мөп-мөлдір айналайын судан тұнық.
Кейбіреу өлең қуар үзіп-жұлып,
Қисынсыз қыңыр сөйлер алып-жұлып.
Білмейді сөздің нарқын, істің жөнін,
Басы – доп, көкірегі – бейне тұлып.
Жан емен бота тірсек, бос белбеулі,
Әр сөзім жарқылдаған алтын дүзік.
Тыңдасаң әнші әнін бір жасарсың,
Аққудай шалықтаған айдын жүзіп.
Тыңдаса Ешен қазірет өлеңімді,
Берейін жорғадайын біраз жылжып, –
деп, Әсет аз кідіріпті. Сонда Ешен қазірет үндемей түнеріп
отырып алыпты. Әсет онан ары қазіреттің қитығына тие:
Өлең бір дөңгелеген майда жорға,
Қисыны қиюласар әрең зорға.
Өзіңді сөз нарқын білер деп отырмын,
Сөз салтым қор болмасын деп надандарға.
Жаралдың адам болып, мал емессің,
Ілінбе қазіретім шықпас торға,
Мысалы надан адам молламен тең
Не пайда байлығынан арам олжа.
Қазысы әділ болса нысап еткен,
Алладан шапағат болар жұрттан дұға.
Қазірет сабыр-тақат біраз тоқта,
Молла адам сенен басқа елде жоқ па.
Құс торға, балық ауға, батыр жауға
Желіккен желді аяққа тыйым жоқ па.
Аллаға күпіршілік іс қылмадым,
Қалайша келе мені тарттың сотқа.
Отырған өлең тыңдап көп халайық,
Күйер ме тегі мынау жалалы отқа.
Алтын-күміс жамбыға дұға саттың,
Не үшін қарамайсыз бар мен жоққа.
Аллаға кім күнәлі, кімдер адал,
Төрелік айт, қазылық осы топқа.
Залалұм анфусақұм деген аят,
Ей, қазы! Осы өлеңде бар ма, жоқ па.
Ассабр шайтан деген әзіл сөз бар,
Бессабр рахман деген қайда?
Күнәсіз боламын деп ойлай көрме,
Саттың ғой дінді апарып әрбір жайға.
Алдап-арбап біреудің малын жесең,
Діні қатты демей ме, тілі майда.
Өмірден кімдер өтпейді міне осылай,
Біреу жылда, біреулер келер айда.
Сауықты сен құрасың менен бетер.
Тамағың тоқ, қайғың жоқ, төсек майда.
Жалғыз қалып барасың, сояуланып,
Сиреп қапты жолдасың, олар қайда?
Әулие-әмбиелер өтті-кетті,
Халықтан алған емес олар пайда.
Өмірде сырғақтаған сан қия бар.
Қысқасы жеген астан жан қиналар.
Уасунел хамуасы хабрхақ –
Деп өтті әулие мен әнбиелер.
Моллаға уажып екен тағылым жаймақ,
Жігіттер, уәдеден болма тайғақ,
Залалұм Әнфусақұм деген дейін,
Шығады өз бойыңнан сегіз айғақ.
Мал-басың қалыс болар мақшар күні,
Қосылып күңіреніп жанған күлі,
Айдаған бізді күнә ошағына.
Демей ме Ешен молла бізді құлы.
Ми айғақ басқаратын басыңдағы.
Бола ма Алладан да жасырғалы.
Мойныңа қарыз болып жазылады,
Халықтың саған берген асылдары.
Сен бүгін паңсығанмен көзіңе ілмей,
Келерсің сонда кімге бас ұрғалы.
Пәни дүниеде паңмын дегеніңмен,
Қашан саған күнә таңба басылғалы.
Сегіз мүшең кектенер кегім бар деп,
Жегені рас қазірет тегін мал деп.
Тіл сөйлеп, көз – куә, құлақ құптап,
Қол шығар ұстағанда мен де бар деп.
Мақшар күні бейшара қалың харап,
Тауыса алмассың жегенді-алған түгел санап.
Құрт-құмырсқа кейде шаян болып,
Алған малың жатады түгел талап.
Сауап сұрап, қыдырып дос-жараннан.
Дұға тілеп ғарбының бар ғаламнан.
Қатын кетер қақсатып бір қарамай.
Мейір болмай берерлік өз балаңнан.
Адал еңбек тер төксең пешенеден,
Бағың жанар толықсып еселенген.
Өзің айтшы, қазірет, қазылығын,
Шәриғатқа өзіңдей шешен емен.
Өлең – қазына, алтындай қаза білсең,
Өрісің кең болар халыққа жақын жүрсең.
Өлең – еңбек, күнә емен мұным рас,
Өлең – ғибрат деп білем айта білсең.
Батырлық бойда емес, ойда деген,
Мінді емеспін ертеңді ойлар деген.
Халқың айтсын қазірет жақсылықты,
Тілегі шын пәк молла деген, –