«Ассалаумағалайкөм, жиылған көп...» (2-бөлім)
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 173 жол
Сонда ақынның шариғат сөзін Құранның аятымен
дәлелдеп, өмір шындығын жанды түрде діннің қағидасы
бойынша айтып, ақырында және аятты қосқанына дән
риза болып Ешен қазірет алтынмен зерленген қойын
сағатты ұсынып:
– Мынау менің «тәбәрігім», күтіп ұста, – деп батасын
беріп, басқа байларға және қазы мүриттерге ишарат етіп
ті. Сонда Мыраутбай бір топ шағи, Қасен бір топ дүрия,
Сары қали қажы Ләмбектен шапан және бір ат атапты.
Ал, сол жолғы жыйында екінші реткі кезек Халдайларға
келіп, отырған жұрт шылық жамбылдағы халдайларға
және болыстарға барып өлең айтып, оларды да өлеңмен,
әнмен риза етуін ұйғарыпты. «Сонда мен халдайда дүңші
(аудармашы, хатшы) едім», – деп қырғыз Сәмбілей деген
қария (1967-жылдарда қайтыс болған) 1930-жылы жатқа
айтып бергенде, Бейсенғали Садықанұлы жазып алған
екен. Сондағы Әсеттің Халдайларға айтқан өлеңі:
Саламат, амансыз ба Халдайларым,
Бақ бітіп жарқыраған маңдайларың.
Екі елдің берекесін бірлестіру –
Мен білсем бұдан бөтен бар ма ойларың.
Қос халдай Мәнжу ханның ұрпақтары,
Елімнің қадірменді ұлықтары,
Екі елдің арадағы еркелері,
Сермесе айға жеткен құрықтары.
Түзетіп бұқараны жолға салған,
Бар болса оғаш-қисық қылықтары.
Тұқымы ақсүйектің бекзадалар,
Секілді гауһар тастың сынықтары.
Елімде екі етілмей орындалған,
Шығарылған әділдікпен бұйрықтары.
Жері кең, халқы мол мәнжу ханым,
Әйгілі дүниеге халқың қалың.
Еженнің ен жерінен қоныс алып,
Саянның панасында салқындадым.
Халықсың, Қытай елі, кең жаралған,
Нәсілі дүниеге кең таралған.
Саяңнан қысылғандар пана тілеп,
Кеңшілік сыбағаңнан пайдаланған.
Қорғаған Мәншың ханы Қазақ Елін
Болмаса кетуші еді болып телім.
Жоңғардың шапқыншылық лаңынан,
Тазарттың көмектесіп қазақ жерін.
Тығылып қысылған ел қолтығыңа,
Отырсың панайым боп бүгін менің.
Өзін-өзі басқарсын момын ел деп,
Өзіне үкіртайлық бердің шенін.
Кең қолтық, мейірімді ілияңа,
Орнатты міне бүгін халық сенім.
Ашыңдар екі ханның шекарасын,
Шешіңдер әділдікпен жер таласын.
Болыңдар елге тұтқа тапжылмастан,
Еженнің жатқа бермей босағасын, –
дегенде, тыңдаушы қауым қатты разы болып, құрметті
қадақ ұсынып еді, әрі олар екі ат және екі шапан сый тар
тады.
– Уа, шіркін! Әсеттей ақын қайда? Әр адамның
ойындағысын нақтап айтатын адам еді. Тілі мамықтай
жұмсақ, орайы келгенде қанжардай өткір, болаттай қатты
еді. Ақын болса осындай болсын! – деген үн үш күн
бойы ел аузынан түспеп еді деп, сөзін жалғаған Сәмбілей
ақсақал соңғы кезекте ақынның қазақ билері мен болы
старына арнау айтқандағы өлеңі деп, төмендегі өлеңді
жатқа айтып береді:
Ассалаумағалайкөм, болыстарым,
Қайырлы, құтты болсын қоныстарың.
Тостырып осынша елді босқа қамап,
Жатыр ма әлі келмей орыстарың.
Қазақсың қоныстанған екі елге тең,
Емессің біреуіңнен біреуің кем.
Дейді жұрт орыс заңын – темір ноқта,
Қытайдың дейді халық етегі кең.
Халықтың қаны бірге қатар өскен,
Бірінің айтқан сөзің біріңе ем.
Таласса екі қарға бір жемтікке,
Демей ме бір құзғынға түседі жем.
Ушығып, енжарласып дау көбейді.
Шекара лайықты болғаны жөн.
Сұрасаң атым – Әсет, тегім – Арғын,
Ортаңда міне қазір мен де бармын.
Тегіміз бір туысқан адамдармыз,
Ағасы – атам Арғын – Найман шалдың.
Бақшаңда сайрап өскен бұлбұлындай,
Шырқадым, шарықтадым әнге салдым.
Ұрқысың төлегетай басын қосқан,
Мағұлым өздеріңе одан Арғын.
Еліңнің екі елдегі билерісің,
Халқының ері сүймес күйзелісін.
Әзірше тынымдырақ бола тұрсын,
Байырғы болмаса да бұл келісім.
Әділ би енжар дауды табыстырмақ,
Ақылменен жапсарды қабыстырмақ.
Кейбір билер өзінше жол шығарып,
Сөніп жатқан шаланы қағыстырмақ,
Кейбіреу екі беткей тәсіл ұстап,
Өзінің басын қорғап қалыс тұрмақ,
Кейбіреу әзезіл боп қасауына,
Алшақтатып араны шағыстырмақ.
Ақылды адам, аразды дос қылмай ма.
Ашулыны ақылмен қош қылмай ма,
Епсіз аңшы жүрісі тас құлатып,
Атамын деп киікті бостырмай ма.
Бас қосқан елдің көбі – Қаракерей.
Бітіссең ойнап-күліп үлкен мерей.
Екі үкіртай Бәйжігіт, Дөртуыл бір.
Бәріңді кім айтады туыс демей.
Шекараға қатысы болмаса да,
Араласып Найманмен отыр Керей.
Арандағы елжарлықты жыйыстырып,
Өздерің келісіңдер орыс келмей,
Керіссең екі дәулет бітіспейді.
Біріңнің айтқанына бірің көнбей.
Өздерің қоныс үшін енжарлассаң,
Қоздайды май құйғандай шала сөнбей.
Ақылым менің айтар осы ғана,
Көз жібер өзіңе де, досыңа да,
Қанағат, Омар болыс, би Бөкенші,
Жөн айтпай бекер қарап отыра ма.
Зейнолла, Қыдырмолда – екі болыс,
Беруге елге билік қосыла ма.
Алтауың жоғары айтқан орыс елі,
Жер дауы осы өңірдің сонысы еді,
Жұмықтың Таңғыт мырза үкіртайы
Орқашар, Еміл бойы қонысы еді.
Жер шегі жұмық елі өз ішінде,
Бітісу берекемен келіседі.
Келмепті бір себеппен үкіртайы.
Жайсаңға сауда жолын ашып беру,
Секілді осылайша істің жайы.
Дүниенің қараңыздар ағымына,
Ілесіп елеске ерген сағымына,
Қалдырып Тарбағатай күре жолын
Емілдің ауыз салды ағынына,
Емілдің бөлік түссе өзеніне,
Түбінде жайсыз болар өз еліңе.
Емілді алып бойына қала салса,
Шығарар Орқашардың кезеңіне.
Тату ел қоныс үшін түс шайысып,
Өзіңнің у жайылар өзегіңе,
Бұл істі естеріңе салмақшымын,
Келген соң айтар сөздің кезегіне.
Мұны айтқызған он жеті байдың ісі,
Олардың бар бөлікте қай жұмысы.
Жайсаңға саудаларын өткізуге,
Жол таппай қазір отыр құрып мысы.
Бұл сөзді құптайды екен орыс-тағы,
Бәрінің ойлағаны қоныс қамы.
Өз еліңмен енжар боп қайтесіңдер,
Маңырақ пен Ақжардың болыстары.
Әкелме саудагерді дау басына,
Сақина тілеп алма сау басыңа.
Жол беріңдер әзірше береке мен,
Жайсаңға апаратын саудасына.
Халықсың қатар өскен араласып,
Кішіні іні, үлкенді ағаласып,
Ағынына Емілдің бөлік түссе,
Енжар болып жатасың жағаласып.
Екі жақтың айтыңдар халдайына,
Олар да қарар елдің жағдайына.
Жер біздікі, ықтияр халықта деп,
Қағыңдар саудагерді шаужайына,
Емілді шекара деп белгілесе,
Балдай татыр олардың таңдайына,
Үйлеспейтін ақылға іс істесе,
Теңейді халық бізді саудайыға.
Бөкенші, Қанағатпен екі бидің,
Әңгімесін ұғыстым, сырың түйдім.
Енші беріп отаулап қос көтерткен.
Ақсақалы Бөкенші үлкен үйдің.
Ақыныңмын ортаңда, елім, сенің
Артады барлығыңа елің сенім.
Айтқаныңа біріңнің-бірің көнбей
Не бітеді болғанмен телім-телім, –