«Ассалаумағалайкөм, жиылған көп...» (1-бөлім)
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 181 жол
Ассалаумағалайкөм, жиылған көп,
Кезіктім ортаңызға дәм тартып кеп.
Ортаңда бір азырақ сөз сөйлейін,
Берген соң халқым атақ – ақынсың деп.
Бұл жерде бірнеше ұлттың адамы бар,
Тең отыр қазақ, ұйғыр, татар, өзбек,
Тысқары шәриғаттан сөз сөйлесем,
Өлеңді кейбіреулер көреді жек,
Егерде ауыс-күйіс жері болса,
Жамағат, қойылмасын сөзіме шек,
Азырақ бәйіт айтып берер едім,
Айтса егер Қазірет Ешен рұқсат деп.
Қали қажы, Мыраут, Әмірасан бай,
Бас қосқан орын екен би менен бек.
Қазақта қос Омар мен Дәмежан бар,
Жамағат, ықыласпен сөзімді аңғар.
Мәлтембай, Төкен зәңгі Дөртуылдан,
Мәмбеттен ердің ұрқы Қанағат бар.
Жұмықтан Қыдырмолда, Зейнолламен.
Және де бір сыпыра жамағат бар.
Өлшейтін артық-кемді әділетпен,
Кәпірде заң, мұһүнде шариғат бар.
Ұлықта екі ханның Халдайы бар.
Бір мақсат бас қосудың жағдайы бар.
Ұлықтың елге айтарлық жарлығы бар,
Қасына еріткен жасауыл – саңылағы бар.
Елінің қасиетін бейнелейтін,
Ақынның бұлбұл құстай талайы бар.
Күй төккен Қайрақбайдай күйшісі бар,
Майысқан буыны наз бишісі бар.
Елітіп естіген жан сүйінетін,
Құбылтқан тамылжытып әншісі бар.
Тамызған сөздің майын шешені бар,
Сүйенген білек күшке есері бар.
Көрсетсе өз өнерін ел алдында,
Халыққа мұның қанша бөтені бар.
Мыңғырған дәулеті асқан байлары бар,
Мінезі талшыбықтай жайдары бар,
Болжайтын болар істі күні бұрын,
Не ғажап, ой иесі қайлалы бар.
Айтатын елге өнеге билері бар,
Сезетін іштегіні киелі бар.
Ел үшін басы кетсе де тайынбайтын,
Ерлердің жасқанбайтын жүрегі бар.
Ұстаған ғалымдардың Құраны бар,
Батырдың жаудан қорғар құралы бар.
Тең болып он саусақ та жаралған жоқ,
Әр жанның арманы бар, мөралы бар.
Дүниенің ағымына көз жіберіп,
Алысты болжайтұғын қыраны бар.
Осындай ұлы жыйын, топты жерде,
Ақынның көмейінен жыр ағылар.
Ұнаса, көкірегіне сөзі қонса,
Тыңдайтын көп қауымның құлағы бар.
Және көп бұл арада басқа адамдар,
Өз тобын серкесі боп бастағандар,
Көпшілік қалаған соң мен сөйлейін,
Сөзіме ілтипат ет, дос-жарандар.
Азырақ шариғаттан сөз сөйлейін
Сөзімді сабырлықпен тос, жарандар!
Жаралған әуен ақыр көп сыйпатың.
Ахаду хұлһуалла және самду,
Оқшаусыз еш мәнге ұлық затың.
Сұрасын аяхари ау уәл беріп,
Құранды отыз пара қылдың хатын.
Әулеті Ибраһымның мекен еткен,
Меке мен Мәдиненің уалайатын,
Қақ жарып қарағыны туғыздың –
Мұхаммед Мұстафалап оның атын,
Әубәкір, Ғұмарменен, Молла Ғұсман,
Ұстаған Қали кезек халифатын,
Алланың он сегіз мың ғаламында,
Аятта аты мәшһүр қала мында.
Өтініп мұқтаж болмас мақұлығы жоқ,
Пері-жын айффа-алнас тәмәмінда.
Құрметті ол қожа ағам Сайдол абрар,
Ұжымақтың орыны дадарұл саламына.
Махраж түн отыру ажып болды ғоян,
Бұл тәртіп аһл Сіләм әдабында.
Бәйтолла хақ ғажайып діні ашылды,
Мүбәрақ хақ мақамы қамамында.
Рухың ұммат үшін болды қамқор,
Ықыласы ақыр заман адамында.
Аһ ұрып да аке деп тағат етіп,
Сөйлеп тұр он салауат қадамында.
Таразы тәңір алдында құрылған құн,
Қылғайсың қадір Алла самалында.
Ғаламның он сегіз мың қақ сәруасы,
Тұрады нұры балқып жамалында.
Мұратқа ластық пен айып нәзіл,
Жан болар мұны айтқан сауабында.
Лаула қаламға халақ тұл ахлақа – деп.
Бір соның ғалам болдық сәбәбында.
«Інжіл», «Таурат», «Забұр» мен «Қалам шәріп»,
Төрт кітап осылай дейді жауабында.
Қазылар жаза берсе разымын,
Ағаттық, қате болса жауабымда, –
деп кідіргенде, көпшілік және айтуын қолқалапты. Сонда:
Атыңнан айналайын пайғамбарлар,
Қырық шілтен он екі имам шәриялар.
Өтіпті сексен сейт, төрт мазһаппен,
Ұжымақта денесімен Ыдырыс бар.
Тірідей қазірет Ғайса көкке шыққан,
Жарылқап құдіретімен пәруәдігәр.
Дүниеде Ілияс Қыдыр қазір тірі,
Көруге дидарына пенде ынтызар.
Шәһрын байтұл Махмұр періште алған,
Мұхадлдас көтерілмей жерде қалған.
Ішінде кемесінің Нұқ пайғамбар,
Қауымға он сегіз мың тұқым салған.
Жаралдым топырақтан нәсілім адам,
Сел сіләм Қожа Ахмет Ясауидан.
Рухым – Мұхаметім, дінім – ісілам,
Мазһабым Сайтұлы имам ағзам.
Жаратты топырақтан денемізді,
Денеде асыл жаратты екі көзді.
Тамырдан үш жүз алпыс қан таратып,
Етті Алла тілге бұйрық сөйле сөзді.
Бір тамшы су, салбыдан сүйек қылды,
Дененің жан тынысын жүрек қылды.
Буынды жиырма төрт жалғастырып,
Біреуін-біреуіне тиек қылды.
Адамға ерекше ес пен сана берді,
Жер жаратты, тау берді, дала берді.
Астымыз құдіретпен бәрі теңіз,
Көтеріп Көк өгіз тұр қара жерді.
Күн берді дүние жүзін жарық қылып,
Жаратты жер бетінде халық біліп.
(Жаратты жер бетінде халық қылып)
Ай жаратты Күн менен егіз қылып,
Ризық беріп, нәпақа қарық қылып.
Сәулесі күн мен айдың бірдей емес,
Біреуінен біреуін парық қылып.
Жаратты жер мен көкті тамаша қып,
Алланың құдіретіне тұрсаң бағып.
Зейнеттен неше түрлі ұжымақты,
Тозақты таусылмастай қойған жағып.
Жаратқан соның бәрін адам үшін,
Байқасаң бір Алланың қылған ісін.
Ұқсайды жаз жаннатқа, қыс тамұққа,
Дүние мысал қылып осынысын.
Жаратты құдіретпен мұның бәрін,
Көрсетті көзбен көріп ал деп тәлім.
Иман айт, намаз оқы, ораза тұт,
Ал алдап, зекет тасын, байлар малын.
Күші жеткен адамға қажы парыз,
Есігін барып ашу Байтолланың.
Бұл айқын бес парызы – ісіләмнің,
Санаты атқаратын мұсылманның.
Түзетер қате болса айтқанымда,
Бас болған Қазірет Ешен он бір ғалым, –
деп тоқтағанда, Қанағат болыс: – Бұлбұлым, сайрай түс!
Естісін, ұқсын ақынның қандай адам екенін, – дегенде,
Әсет тағы:
Адамға ақыл берді, өнер берді,
Жағаттап көріп жүрміз өнерлі елді.
Басқарған Әділетпен, туралықпен,
Ойы озық елі сүйер кемеңгерді.
Әр түрлі тәсілменен елін алдап,
Жұрт ұнатпас қаскүнем жемеңгерді.
Өнерде бойға біткен талап артық,
Талапты ақыл жұмсайды оймен жатып:
Талпынып байқұс талап мал табады
Ақылға бәрі айналып келер қайтып.
Ақылсыз түк қылмайды құры қайрат,
Оған талап қосылса келеді айдап.
Екеуі тапқанменен ұстай алмас,
Келтірер баянына ақыл байлап.
Жыйылған осы араға үлкен-кіші,
Ұғады сөздің нарқын білген кісі.
Бұлбұл үнін естіген есек ұқсас,
Келмейді ұқпағанның үйге енгісі.
Күндемей, өсек қылмай бағаласа,
Бұ-дағы білгендіктің бір белгісі.
Ұқпағанды ұқтым деп бөжімесе,
Осыған өзі оңай ма күлген кісі.
Жаратты біреуді орыс, біреуді қытай,
Мұсылман қылғаныңа әлхам-дұллай.
Фаман сәйлафла танмғар деген сөз бар,
Тілеймін құдыретіңнен шәйен леллаһи, –
деп тоқтаған екен.