Көңіл айту
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 12 жол
Өткенге өмір зая өкінгенмен,
Артығы болмайды ғой бекінгеннен.
Адамға адам жуық, дүние алыс,
Пайда жоқ бет қадірін кетіргеннен.
Көкорай қурай болып ол да солар,
Гүлденіп жаз айында жетілгенмен.
Бір тұсау аяғыңа түспей қалмас,
Тірлікте арғымақтай секіргенмен.
Өтіпті Қаракерей Қабанбай да,
Қазақтың арыстаны секілденген.
Тұрлаусыз бұл өмірдің баяны жоқ,
Бір күн сыртын, бір күні бетін берген.