Түлкі мен қасқыр (І нұсқа)
Мысал өлеңдер · 4 мин оқу
Болыпты бір қу түлкі жерді құртқан,
Жейді екен тышқан аулап ескі жұрттан.
Бір жылы жем табалмай арықтапты,
Кеткен соң тышқан ауып түгіл сырттан.
Түлкінің тышқан жемей мәні келмес,
Кеміріп сүйек-саяқ қарны толмас.
Жейін деп жемдік түссе қалғанынан,
Қасқырға іздеп келіп болды жолдас.
—Тоясың,—қасқыр айтты,—маған ерсең,
Болады малды шолып, біліп келсең.
Қалжыңдап қарным тойса ойнаушы едім,
Ойынға ыза болмай, шыдай берсең.
Қасқырдың түлкі көнді бұл сөзіне,
Шыдаймын қалжыңдаған мінезіңе.
Өлтірмесең болғаны, ойнай-ақ бер,
Әйтеуір, тамақ тапсаң күнде өзіме.
Келіпті түлкі барып малды шалып,
Қасқыр бір қой әкепті сүйреп алып.
Екеуі әбден тойып алған соң,
Ойнайды әрі-бері асыр салып.
Қасқыр тұр жүгірсе көзі жайнап,
Түлкі бұғып жатады «ағатайлап».
Үстіне жығып салып аунағанда,
Қалады зорға жаны «а, Құдайлап».
Ұстатпай запы болып қашса зытып,
«Кеттің бе уәдені,—дейді,—ұмытып».
Амалсыз тамақ үшін қайтып келсе,
Ойнайды бұрынғыдан қатты мыжып.
Ойланды түлкі жатып әрбір ойды:
«Бұл қасқыр өсірмес,—деп,—біздің бойды.
Жегенімді желкемнен сығып алып,
Құрысын бергені де жемтік қойды.
Осыдан құтылайын өлсем дағы,
Аштықтан қандай азап көрсем дағы.
Тәуекел, өз бетіммен күн көрейін,
Басын жеп итмұрынның жүрсем дағы».
Соны ойлап түлкі шықты дөңге шауып,
Бір жылқының жемтігін алды тауып.
Қараса қазған ұра, жерден қақпан,
Қойыпты шөп-шалаңмен бәрін жауып.
Қуанып кетті түлкі мұны көріп,
Қасқырды ертіп келді хабар беріп.
Жемтігін семіз жылқы көргеннен соң,
Ауызды көкжал батыр салды келіп.
Жемтікті жұлып жатыр жатырласып,
«Иесі келіп қалар» деп асып-сасып.
Қақпан жаққа қасқырды жіберді алдап,
Кетсін деп орға түсіп, қаны басып.
Тоюға екеуі де қам қылысып,
Жемтікті тұс-тұсынан жүр жұлысып.
Ернеуін шегінгенде басып алып,
Ұраға көкжал қасқыр кетті түсіп.
Пақырды алаңғасар Құдай атып,
Түбіне терең зындан кетті батып.
«Ойбай, түлкі мен қалдым, жолдасым» деп,
Ұлиды енді қасқыр орда жатып.
Орды түлкі жүгіріп жағалайды,
Мазақ қылып арсылдап абалайды.
«Мықты едің ғой секіріп шыға ғой» деп,
Қасқырды күлкіменен табалайды.
—Үстіме аунап ойнаушы ең тойған сайын,
Сендей ақымақ батырдың орны дайын.
Осы қазған ұраның иесі кеп,
Сойғанын жон-теріңді бір байқайын.
Қасқыр айтты:—Шырағым, еттім тәуба,
Шын тастап кетемісің мені жауға.
Осыдан ебін тауып шығарып ал,
Аузымнан ант берейін ойнамауға.
—Омақа ойнамасаң, онан аран,
Ойын тұрғай, тіршілік сенен қалған.
Ұраның иесі кеп сойған сәтте,
Көзбен көрмей осы жерден кете қалман.
Қасқыр айтты:—Ей, түлкі, кеш жазамды!
Айтпасаң да тарттым ғой мен сазамды.
Шығармасаң ұраның басынан кет,
Ала бермей күйдіріп көп мазамды.
—Әлі бұйрық айтасың бұтып-шатып,
Өзің қазір өлгелі орда жатып.
Тіпті, көрмей кетпеймін, былшылдама,
Сойғанын бас-теріңді ыржыңдатып.
Қасқырға түсті осындай ақырзаман,
Табысы өлімнен де батты жаман.
Ор қасында шоңқайып түлкі отырып,
Құйрығы салбырапты орға таман.
Мықшиды сонда қасқыр мұны көріп,
Тістеді құйрығынан қарғып келіп.
Түлкіні ор түбіне алып кетті,
Құдайы қасқырға да кезек беріп.
Қасқыр депті:—Қош келдің, түлкі, шырақ,
Айта ғой иманыңды жылдамырақ.
Өзімнен сені бұрын өлтірейін,
Кеттің-ау, өлгенімді көрмей бірақ!
Түлкі дейді:—Күліп ем қалжың қылып,
Жұмысты бітіріп еш ойнай жүріп.
Сізді ептеп ұрадан шығаруға,
Бір ұзын әкеп қойғам тал сыдырып.
Шығарып алмақшы едім талды салып,
Шығатын ең сіз талды тістеп алып.
Оны білмей ұраға жұлып алдың,
Өлдік қой екеуміз де жерде қалып.
Түлкі айтыпты мұңайып осы сөзін,
Қасқыр сеніп тігеді екі көзін.
Енді бар ма ұрадан шығар айла,
Мұны неге айтпадың бұрын өзің.
—Шығудың енді күші сізде ғана,
Созылып бар күшіңмен тұрып қара!
Төбеге шығып алып секірейін,
Шығармын, жеңілмін ғой мен бейшара!
Сонан соң сізді аламын талды салып,
Шығасың ұзын талдан тістеп алып.
Кешікпей, тақсыр батыр, тез істейік,
Қақпаншы кесел болар келіп қалып.
Созылып өрге қарап қасқыр тұрды,
Тырмалап арқасымен түлкі жүрді.
Шығып ап төбесіне секіргенде,
Ернеуге алдыңғы аяқ зорға ілінді.
Ұрадан затты түлкі шығып алып,
Артына қарамастан көзін салып.
Жаутаңдап көкке қарап қасқыр тұрды,
«Шығарып алады-ау,—деп,—талды салып».
Құтылып түлкі кетті қасқырды алдап,
Қасқыр қалды бармағын мықтап шайнап.
Түбінен тобылғының бір бөдене,
Ұстады келе жатып түлкі қамап.
Бөдене айтты:—Сен мені не деп жейсің,
Бір уыс жүн жегенді тамақ дейсің.
Дөңнен ассаң, жемтік көп өзі семіз,
Оны неге мені ертіп іздемейсің?
Түлкі айтады:—Мынаның қулығын көр,
Торғайға алдау мені бірталай жер.
Жалған айтып алдасаң, сені жейін,
Ұядағы балаңды көрсетіп бер.
Бөдене көрсетеді өз ұясын,
Кепіл беріп босатып алды басын.
«Артымнан еріп отыр, түлкі мырза,
Сені етке қарқ етейін неғыласың?!
Бөдене бұрын ұшып, қалды кетіп,
Түлкіні ертіп алып сүмеңдетіп.
Сайды өрлеп кезеңге таянғанда,
Бір таз ит салаң қаққан келді жетіп.
Түлкіні кетті таз ит қуып алып,
Ауызды әне салып, міне салып.
Адымын жүйрік қыран ашырсын ба,
Бас салды көк желкеден бір-ақ шалып.
Мықты қасқыр, айлакер түлкі қайтеді,
Алдамшы рақымсыздық кімге пайда!
Аяғында қасқыр да, түлкі де өліп,
Бөдене аман қалды тыныш жайда.