Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Арыстан, киік, түлкі

Мысал өлеңдер · 1 мин оқу

Бар еді бір зәңгір тау асқан биік,
Әр түрлі мекен еткен аңлар сүйіп.
Жол шеккен тамақ іздеп аш арыстан
Сол таудың арасынан қуды киік.
Жақындап жүрді арыстан «жетемін» деп,
Ойлады: «түстік тамақ етемін» деп.
Келеді киік жылап, зыр жүгіріп,
«Қайткенде мұнан аман кетемін» деп.
Таппастан шыбын жанға қылар айла,
Қорқыныш—у жайылып тұла бойға.
Жанынан киік күдер үзген шақта,
Екеуі кез болады терең сайға.
Қуанды сайды көріп енді киік,
Сайланды өтейін деп күшін жиып.
Зырқырап атқан оқтай киік кетті,
Арыстан қала берді іші күйіп.
Сол жерде түлкі келді арыстанға,
Жанның бәрі асқанда.
—Бұл тұрсың дұшпан түгіл, досқа күлкі,
Киіктен қала қойсаң жарысқанда.
Айтамын мұны саған достықпенен,
Алмаймын еш нәрсеңді алдап сенен.
Тиісті бәйгі істен құр қалады,
Кейбіреу жүрексіздік бостықпенен.
Тілесең, қолдан келмес ісің бар ма,
Тиісті ет-қайратың мен күшің барда.

Сидиған жаман киік өтіп кетіп,
Ұят қой тоқтағаның осы жарға.
Ақырсаң, кім шығарлық айбатыңа,
Дұшпанның қалма мысқыл, қайбатына.
Тұрсам да сайдың көріп тереңдігін,
Сенемін ебің менен қайратыңа.
Желікті мына сөзге енді арыстан,
Қарғуға жар шетіне келді арыстан.
Жете алмай қарғығанмен ар жағына,
Түбіне құлап жардың өлді арыстан.
Түлкі-екең құлап жатқан досын көрді,
Ақыры ойға түсіп жақын келді.
Атаусыз сүйген досын тастасын ба,
Сол жерде кешікпей-ақ асын берді.
Өлтіріп досын алдап түлкі бұзық,
Жеп жатыр өлісімен етін бұзып.
Бір айдай азық етіп түлкі жатты,
Сүйегін жан достының таза мұжып.
Досың көп тіршілік пен амандықта,
Түлкідей сөз беретін жарға жықпа!
Адамды әрбірісін қайрап салып,
Мұжыйтын сүйегіңді жамандықта.
Кісіге таза жолдас табу қиын,
Кейбіреу дос етеді мал мен бұйым,
Досың мен дұшпаныңнан қабат сақтан,
Басыңда, сірә, ақымақ, болса миың.

Мысал өлеңдер

Барлығы: 29 мысал

Тағы оқыңыз