Шымшық пен көгершін
Мысал өлеңдер · 1 мин оқу
Бір шымшық торға түсті соры қайнап,
Барды ма кім біледі ажал айдап.
Пәлені қазаменен қайда деме,
Ғарып боп отыр сорлы көзі жайнап.
Жанына жас көгершін ұшып келді:
—Не қара басты торға түсіп,—деді.—
Тал түсте торды көрмей соқыр ме едің,
Есалаң, ақыл жоқ, күшік,—деді.—
Түсер ме есі дұрыс күндіз торға,
Ақылдың жоқтығынан қалдың сорға.
Мәселен мені алдап ешуақытта,
Тор түгіл, түсіре алмассың онан зорға.
Кім күлмес сен жаманның бостығына,
Алдырған айласына бір наданның.
Мен соған қол берейін түспесіме,
Амалы саған ғана мол адамның.
Деседі ақыл серік қонған баққа,
Ем болмас бастан бағың тайған шақта.
Басықсып көгершінім отырғанда,
Қалыпты өзі түсіп қыл тұзаққа.
—Ақылың қайда кетті, данышпаным,
Серт айтып түспеске қол алысқаның.
Біреуге күлсең, келер өз басыңа,
Біреуге мұнан былай күлме, жаным.
Біреуді білмес адам табалайды,
Бақ көшсе, ақылыңа қарамайды.
Ісіңнен бір істеген жазым тапсаң,
Болды деп білмегеннен шамалайды.
«Жазмыштан озмыш болмас» деген сөзді,
Бекер деп пікір айту жарамайды.
Адам басы Алланың добы деген,
Қуса да қалай қарай домалайды.