Қасқыр, түлкі, бөдене (І нұсқа) (2-бөлім)
Мысал өлеңдер · 2 мин оқу
Қасқыр айтты:—Кеше көр, қылдым тәуба,
Кетемісің шын тастап мені жауға.
Айла тауып осыдан босатып ал,
Аузымнан ант берейін ойнамауға.
Ойнамасаң, омақап онан да арман,
Ойын түгіл, тіршілік сенен қалған.
Жон теріңді сойғаның көзім көрмей,
Осы ұраның басынан кете қалман.
—Табалама, шырағым, кеш жазамды,
Айтпасаң да тарттым ғой мен сазамды.
Шығармасаң, құдықтың аузынан кет,
Ала бермей күйдіріп көп мазамды.
—Әлі бұйрық айтасың босқа шатып,
Өзің қазір өлгелі орда жатып.
Тіпті көрмей кетпеймін, былшылдама,
Бас теріңді сойғанын ыржыңдатып.
Қасқырға түсті осындай ақырзаман,
Өлімнен де табасы батты жаман.
Аңдаусызда шоңқиып түлкі отырса,
Құйрығы салбырапты орға таман.
Жиналып алды қасқыр оны көріп,
Жабысты сол құйрықтан шапшып келіп.
Түлкіні ор түбіне ала түсті,
Құдайым қасқырға да кезек беріп.
Сонда қасқыр айтады:—Түлкі, шырақ,
Иманыңды айта ғой жылдамырақ.
Өзімнен сені бұрын өлтірейін,
Өлгенімді көре алмай кеттің бірақ.
Түлкі айтады:—Сөйледім қалжың қылып,
Жұмысты бітіріп ем, сүйтіп жүріп.
Тістетіп сізді ордан шығаруға,
Әкеліп ем бір ұзын тал сындырып.
Байқамай орға түстің мені де алып,
Өлдік қой екеуміз де мұнда қалып.
Тым болмаса мен болсам жағасында,
Шығарып алмас па едім талды салып.
Қатты кейіп айтады түлкі сөзін,
Қасқыр нанып тігеді екі көзін:
—Енді бар ма құдықтан шығар айла,
«Тал таптым» деп айтпадың бұрын өзің.
Түлкі айтады:—Айланың орны осы ара,
Сен өрмелеп созылып тұрып қара.
Төбеңе шығып алып секірейін,
Ернеуге шықпас па екем, мен бейшара?!
Онан соң сені алайын талды салып,
Шығарсың ұзын талдан тістеп алып.
Не де болса кешікпей, тез істелік,
Қапы болар қақпаншы келіп қалып.
Бар әлінше созылып қасқыр тұрды,
Төбесіне өрмелеп түлкі жүрді.
Пәрменінше шегініп қарғығанда,
Ернеуге екі аяғы тура ілінді.
Айламен түлкі кетті шығып алып,
Артына қайрылмады қайта айналып.
Қаңқылдап қасқыр ұлып қала берді,
«Мені шығар енді,—деп,—талды салып».
Түлкі сөйтіп кетіпті қасқырды алдап,
Көкжал қалды өз қолын өзі жалмап.
Тобылғының түбінен іздеп жүріп,
Бір бөдене ұстапты түлкі қармап.
Бөдене айтты:—Сен мені не деп жейсің?
Бір уыс жүн жегенді тамақ дейсің.
Ана жерде мен көрдім талай жемтік,
Ерінесің, дөң асып іздемейсің.
Түлкі айтады:—Мынаның қулығын көр,
Мені алдамақ сендерге бірталай жер.
Жалған айтып алдасаң, соны жеймін,
Ұядағы балаңды көрсетіп бер.
Бөдене көрсетіпті өз баласын,
Кепіл беріп босатып алды басын.
—Мен бастайын, артымнан еріп отыр,
Қарқ қылайын жемтікке не қыласың.
Түлкіні алып жүрді сайды өрлетіп,
Бөдене бір бел асты бұрын кетіп.
Түлкі жортып кезеңге таянғанда,
Жалаң қаққан бір тазы келді жетіп.
Байғұсты кетті тазы қуып алып,
Ауызды әні салып, міні салып.
Жүйрік тазы адымын аштырсын ба,
Көк желкеден бас салды бір-ақ шалып.
Мықты қасқыр, айлакер түлкі қайда,
Алдампаз рақымсыздық кімге пайда?
Аяғында түлкі де, қасқыр да өліп,
Бөдене аман қалыпты ол бір сайда.