Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қойшы мен қасқыр

Мысал өлеңдер · 3 мин оқу

Бір қасқыр талап қылды жемекке қой,
Қай жаққа барайын деп ойлады ой.
Бір биік жота жерге шығып алып,
Қаяқта қой жақын деп созады бой.
Алыстан бір қора қой көрді көзі,
Сол қойға бармақ болды мұның өзі.
Ентігіп әлгі қойға келіп еді,
Қойшының айғай салып айтқан сөзі:
—Сен мені көрмейсің ба сорлы қасқыр,
Айғайға шыдай алмай таудан асқыр.
Ұрлықтың ешбір жайын білмейсіңіз,
Талтүсте нағып жүрсің қара басқыр.
Түн болса қараңғыда келмейсің бе,
Жарқырап тұрған күнді көрмейсің бе?
Талтүсте қыламын деп ұрлық, зорлық,
Қолында бір адамның өлмейсің бе!
Әй, сорлы, мен тұрғанда ала алмайсың,
Шетіне бұл қойымның бара алмайсың!
Мал жиып, егін салып жүрсең бой ма,
Біреудің дүниесіне жалаңдайсың.
Қылғаның күндіз-түні ұрлық-қарлық,
Көресің қолға түссең басқа тарлық.
Қойына көрінгеннің сүмеңдейсің,
Өзіңде бір жүрмейсің сыры бар ғып.

Шетінен бұл қойымның жүргін кейін,
Аулақ жүр демей саған мен не дейін.
Ойлаған ойың сенің ұрлық-қарлық,
Демейсің жалғанда бір жөнделейін.
Әй, қасқыр, өзіңді өзің қор қыласың,
Қалайша көңіліңді зор қыласың.
Жалғанда түсің суық албастыдай,
Үркітіп қой, ешкіні қорқытасың.
Жүрмегін бұл арада кеткін өзің,
Өзіңе үлкен достық айтқан сөзім.
Көзіңді қойға қарап қызартайын,
Мен сенің алайын ба ойып көзің.
Мұндайтып қойшы сонда таяқты алды,
Қасқырды қашырмаққа айғай салды.
Өлсем де бір ауыз сөз айтайын деп,
Бұл қасқыр сөйлеуге сөз тұра қалды.
—Тұра тұр айғайламай қойшы батыр,
Сөйлеуге қасқыр жауап келе жатыр.
Сен мені ұры-қар деп сөкпегін көп,
Сендердің ұрлықтарың мыңға татыр.
Ұрлықты мен қылмасам кім қылады,
Адамзат бізден артық тым қылады.
Ұрлығын адамзаттың айтып берсем,
Бірінен бірі ұрлап жымқырады.
Аң болып жаралыппын әуел баста,
Бұл сөзім болса теріс алып таста.
Біздерді ұрысың деп сөктің неге,
Сіздерде толып жатыр ұялмаста.

Қылуға бір еңбекті жайымыз жоқ,
Бір күн аш, кейбір күні жүреміз тоқ.
Сендерден ұрлық-қарлық қатты шығар,
Онан да ұрлық қалмақ жесеңші боқ.
Қылуға егін салып жеріміз жоқ,
Жер алып жер күтетін беліміз жоқ.
Басында жаралғанда болдық солай,
Адамша әрбір іске ебіміз жоқ.
Мен түгіл арыстан мен аюда бар,
Тыңдасаң әрбір жерден айтам хабар.
Қылмаған ата-баба кәсібі ғой,
Бұ қасқыр егін салып қайда барар?
Адамның қайласы бар, көлігі бар,
Біздерден ақылы артық күрегі бар.
Қылуға кей адамда тіршілік жоқ,
Осындай миы кеткен өлігі бар.
Ей, қойшы, не сөйлейсің маған қарап,
Жүргем жоқ дүниеде әске жарап.
Адамзат бір-біріне ұрлық қылар,
Зұлымдар момындарды алар талап.
Біріңді бірің талап өлтіресің,
Өтірік, жалғанды да келтіресің.
Басыңа не күн туды ұрлық қылып,
Ондай жан аштан өліп тентіресін.
Аш болсаң, жұмыс қылсаң, нан табасың,
Арттырып тамағыңнан мал табасың.
Адамзат, сен ұрлықты қылма ұят,
Қысылған жерде ойлап жол табасың.

Сен мені ұрысың деп нағыласың,
Ашу қып неге маған қағынасың?
Қолыңнан әр іс келер адамзат,
Сен неге ұрлық жолға жаңыласың?
Жалғыз-ақ мен болдым ба көргеніңіз?
Қолыңнан бірер де жоқ бергеніңіз.
Жоқ болса бір-біріңнен сұрап жейсің,
Қылғанша ұрлық жақсы өлгеніңіз.
Қасқырдың байқадың ба мына сөзін,
Алға бас, жолдас-жора ашып көзің.
Қасқырдың айтқан сөзі рас емес пе,
Жарамас ұрлық-зорлық ол мінезің.
Еңбекші ентелей бас көзіңді ашып,
Жолынан адамдықтың жүрген қашып.
Қасқырдың сөккеніне болма душар,
Жаңылып лепсіңізден қара басып.
Ол іске аралассаң болмас бағаң,
Сыйламас бірге туған өзіңді ағаң.
Еңбексіз тегін мал деп қызықпағын,
Бір күні кірлемей ма киген жағаң.
Астыңда атың шапса, бір күн шабар,
Шапқылап кешке дейін көңіл табар.
Ол атың болдырмай ма, шаршамай ма?
Ентігіп терлеген соң қайда барар?

Мысал өлеңдер

Барлығы: 29 мысал

Тағы оқыңыз