Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қаншыр мен бөдене

Мысал өлеңдер · 2 мин оқу

Бір қаншырға айтыпты бөдене кеп:
—Сен үшін қатты уайым қыламын,—деп.—
Солаңдаған байқұстың ұшуға олақ,
Бір күні кетеді ғой тұрымтай жеп.
Қаншыр айтты:—Қаупім жоқ тұрымтайдан,
Шықпаймын қалың қамыс, қопа-сайдан.
Мен сендей жалтаң жерге оттамаймын,
Тығылған соң мені алып жейді қайдан?
Бөдене айтты:—Қамасын тыныс емес,
Босқа арықтап жүргенің дұрыс емес.
Айламен-ақ алғызбай кетіп жүрміз,
Тұрымтайың біздерге жұмыс емес.
Жүз құбылып қуланып, жылпалақтап,
Таңырқатты қаншырды өзін мақтап.

—Тілімді алсаң, екеуміз дос болайық,
Маған ерсең, жүрейін жаудан сақтап.
Аңқау сорлы бір қудан алды сабақ,
Бөденемен дос қылды құлқын, тамақ.
Жау міндеті мойныңда бөдененің,
Екеуі емін-еркін қырда оттамақ.
Қыраңға шығып алып оттап жүрді,
Беттегелі мырғайға әбден кірді.
Тегінде, бөдененің айтқаны рас,
Тарлауға жайылған соң шын семірді.
Бір қырға шығып еді оттай-оттай,
Сырқырап келе жатыр бір тұрымтай.
Бөдене көре салып бұға қойып,
Қаншырға хабар қылды бұқ деп ойбай.
Жалма-жан бұға қалды қаншыр батыр,
Жер еді панасыздай шөпсіз тақыр.
Екеуі тыпыр етпей жатса дағы,
Тұрымтай тұп-тура келе жатыр.
Бөдене әр айланы көп ойлады,
Бір түрлі сол арада еп ойлады.
«Тұрымтай соны көріп алып кетсін,
Қаншырды ұшырайын» деп ойлады.
—Қойыпты бұл тұрымтай бізді көріп,
Мен қашсам, кетер едім бір бұлт беріп.
Сен ертерек қашпасаң, құтылмайсың,
Бұл сені алып жейді тура келіп.
Мендей тарғыл емессің, бараңдаусың,
Қыбырлап, тыныш жатпай алаңдайсың.

Ерте ұшып бір қамысқа тығылып бақ,
Бұл жерде жатып аман қала алмайсын.
Аңдамай алдауға еріп қаншыр ұшты,
Тұрымтай оны көріп тым құнысты.
Қанатының қаққаны көзге ілінбей,
Адым жерге жібермей қағып түсті.
Бөдене ұшып жыпылдап кетті алысқа,
Дос болыңыз осындай алдамышқа,
Қасындағы қаншырды қанға бояп,
Өзі барып тығылды бір қамысқа.
Қамыста жатып алды қылмай қауып,
Құтылды досын беріп, айла тауып.
Қонғаның бөдененің көрген біреу,
Жүгіртіп сол араға келді шауып.
Бөдене жатыр еді қыбыр етпей,
Қарап жүр шыр айналып көзі жетпей.
Ат басып бөденені жаншып кетті,
Жазасын о да тартты аман кетпей.
Жігіттер, осы сөзге құлағың сал,
Басыңда миын болса, мұны ұғып қал.
Алды-артын ойламаған аңқауменен,
Алдампаз, арам достан ғибрат ал.

Мысал өлеңдер

Барлығы: 29 мысал

Тағы оқыңыз