Қарақұс
Мысал өлеңдер · 3 мин оқу
Жаһанда бір қарақұс мекен еткен,
Еңбексіз күн өткізген кезбелікпен.
Басқаның табасынан үзіп-жұлып,
Неше жыл арсыздықпен қорек еткен.
Сонда да семірмеді жұлып жеуден,
Қарғыс ап ұсақ аңдардан зар еңіреткен.
Демеді мынау адал, анау арам,
Қағып сап пұлсыз тамақ шыққан шектен.
Сия алмай жер бетіне жексұрын боп,
Жеті қат көктен асып арман кеткен.
«Көктен де көмейімді толтырам» деп,
Ғарышқа да асуға үміт еткен.
Сол оймен сол қарақұс жоғары ұшқан,
Аралап аспан астын бұлт құшқан.
Ойламай келешекте не боларын,
Ен тамақ табамын деп арпалысқан.
Көк бойлап сайран еткен қарақұсқа,
Қорқыныш, қауіп туды әрбір тұстан.
Әлсіреп қанат талып, күші бітіп,
Және де аштық шіркін келіп қысқан.
Аспанда алты күндей алас ұрып,
Көзіне көрінбеді жалғыз тышқан.
Сонымен сергелдеңге түсті жемқор,
Қаңғырып іші толып көп қарғыстан.
Ақылсыз, дән таба алмай құрғақ күштен,
Сандалып кезбе батыр жерге түскен.
Түйіліп қара бұлттай төңкерілді,
Сақылдап басын шайқап өкінішпен.
Еңбексіз еткен өмір ойға түсіп,
Бойды улап, күйіп жанып танған естен.
Не пайда өкінгенмен өткен келмес,
Жалғыз-ақ тәтті тамақ көкей кескен.
«Қалайда бұрынғыдай табамын» деп,
Кейде ұшып, кейде қонып қалқып ескен.
Даланың барлық аңы жаратпады,
«Сұмырай неге келді, бұл не?» дескен.
Қонады көктен түсіп тау бетіне,
Қарайды мойнын созып әр шетіне.
Ереймен, Тянь-Шянь, Алтай, Орал, Кавказ,
Ешбір жем көрінбеді сол бетінде.
Қарақұс кетті ұшып тауға налып,
Қонады бақша менен бауға барып.
Алма, жүзім-жемістер, баумен-бақша,
Минутта жерге батты тамырланып.
Бақшадан күдер үзіп суға барды,
Мұнартып көтерілген буға барды.
Жалтылдап сылдыр қаққан күміс суда,
Ұстатпады, сарқыраған суға барды.
Жер бетін аспан астын аралады,
Қырмен ой орман тауды салалады.
Жеті күн жерді сүзіп ризық таппай,
Көңілін тамақ шіркін жаралады.
Сонымен жер бетінен кетті налып,
Дарияға тулап жатқан кепті талып.
Қондырмай асау толқын беттен ұрып,
Ақырғы минутіне жетті анық.
Аспанда зарлап жүріп шықты жана,
Құлады дарияға, жеді балық.
Өр кеуде еңбек етпей жұлып жеуде,
Еңбек пен еңбексізде бар ғой парық.
* * *
Екінші бір қарақұс ер болыпты,
Ұшқаны көк, қонғаны жер болыпты.
Не Хақтан соқтығады басқа құсқа,
Өзінше теңдесі жоқ сері болыпты.
Ақылы аз күшке сенген жыртқыш шіркін,
Даурығып босқа жүріп тер болыпты.
Алаңсыз ешнәрседен жүрген байқұс,
Өзінен күші зорға кез келіпті.
Мұнысын жек көріпті бір ақ иық,
Жел тұрып қанатынан қабақ түсіп.
Шыдамай екпініне домалаған,
Топшысын қарақұстың кетті қиып.
Өз басын өзі жойған сотқар аз ба,
Не Хақтан жайға жүрген жұртқа тиіп.
Ақылсыз сотқарлықтың қатері көп,
Күшіңмен ақыл жүрсін бойға сыйып.
* * *
Үшінші бір құс болған өзі момын,
Өмірде көрген талай аштық-тоғын.
Асырап балапанын жемді тасып,
Өткізді дүниенің бар мен жоғын.
Еңбекшіл, өзі ақ көңіл бұл байқұсқа,
Тәңірім қаһар етті, жіберді оғын.
Нажағай күн жарқылдап, бұлт түйіліп,
Әкетті момын құсты келіп құйын.
Аспанға қаңбақтай-ақ кетті алып,
Момын құс есі кетіп қалды талып.
Толғанда тоғыз күнге құйын тарқап,
Шетіне бір дарияның түсті барып.
Халы жоқ, тамақ іздеп ұшам десе,
Құр жайнап екі көзі жатыр ғаріп.
«Құтылар бұл аштықтан күн бар ма?» деп,
Жатыпты қайғыланып қатты налып.
Сол кезде бір қарт жайын істен қалған,
О дағы аш, тамақ таппай көп сандалған.
Жәндікті суда жүзген ұстай алмай,
Бір жерде жасырынып жеп аңдыған.
Бір шортан ажал айдап ағып келіп,
Жайынның ауызына кесе тұрған.
Алжыған, әлі кеткен, тіссіз жайын,
Жұта алмай сол шортанға ол қақалған.
Үстіне жығылғанның жұдырық боп,
Бейшара күдер үзді шыбын жаннан.
Жан шіркін, жайынға да сондай тәтті,
Қақ тұрды көзден аққан қызыл қаннан.
Жанталас судан толқып шықты шетке,
Өмірде жазылмастай қалды дертке.
Талықсып есі ауып жатқан құстың,
Зарланған бір ыстық леп соқты бетке.
Жылысып ақырындап момын келді,
Жайынды талып жатқан көзі көрді.
Шұбырып сілекейі, тіл салақтап,
Күшін жинап шортанды мықтап бүрді.
Кездесіп өлмегенге өлі балық,
Бұған да ойсыз жерден ризық келді.
Шеңгелде улы дене қалып қойып,
Ішек-қарны жайынға да тамақ болды.
Ризығы таусылмаса, өлмес адам,
Арасы өлім-өмір бір-ақ қадам.
Егер бір күн қарны ашса, өлдім дейді,
Көрмеген қиындықты кейбір надан.
Аты арып, тоны тозбас ақпейілдің,
Дүниеде арамдықтан бар ма жаман?
Қашанда «шаршадым» деп қарап жатпа,
Көз салсаң, кездеседі жоғың саған.