Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қу түлкі (ІІ нұсқа)

Мысал өлеңдер · 2 мин оқу

Болыпты бір қу түлкі жұртты құртқан,
Жейді екен тышқан аулап ескі жұрттан.
Бір жылы тышқан жемей арықтаған,
Кеткен соң тышқан ауып мұқыл сырттан.
Түлкінің тышқан жемей мәні болмас,
Кемірсе сүйек-саяқ, қарны толмас.
Даладан жемтік түсе қалғанында,
Қасқырды іздеп барып болды жолдас.

—Тоясың,—деді қасқыр,—маған ерсең,
Азырақ малды барып шолып келсең.
Тойғанда қалжыңдайтын мінезім бар,
Ойынды өкпе қылмай шыдап жүрсең.
—Көнемін,—деді түлкі,—бұл сөзіңе,
Шыдаймын қалжыңдаған мінезіңе.
Әйтеуір, өлтірмесең ойнай-ақ қой,
Болады тамақ тапсаң күнде өзіме.
Әкелді қасқыр сүйреп бір қойды алып,
Жарады тұмсық-басын қанға малып.
Екеуі жемтік қойға тойғаннан соң,
Ойнайды арлы-берлі асыр салып.
Қасқырдың талағандай ойнағаны,
Батады тістеп, қуып қоймағаны.
«Жанымды, бүйте берсе, шығарар» деп,
Қасқырдан құтылмақты ойланады.
Ойлайды түлкі тұрып әрбір ойды:
«Бұл қасқыр өсірмеді-ау біздің бойды.
Желкемнен жегенімді сығып алып,
Құрысын жегізгені жемтік қойды».
Ентігіп түлкі шықты тауға шауып,
Жемтігін бір жылқының алды тауып.
Қасында қазған ұра, жер қақпан бар,
Қойыпты шөп-шаламмен бетін жауып.
Қуанды мұны көріп түлкі ғаріп,
Қасқырды ертіп келді хабар беріп.
Жемтігін бір жылқының көргеннен соң,
Ауызды көкжал батыр салды келіп.

Аш қасқыр арсалаңдап жүрді сасып,
Түлкі жүр жер қақпанды айтпай қашып.
Жүргенде қомағайлық есін алып,
Ұраға түсті қасқыр қара басып.
Ұраны түлкі келіп жағалайды,
Ырсылдап мазақ қылып, абалайды.
«Мықтысың ғой, секіріп шығарсың!» деп,
Қасқырды күлкіменен табалайды.
Қасқырға түсті осындай ақырзаман,
Табасы өлімнен де болды жаман.
Байқамай ор шетінде түлкі отырса,
Құйрығы салбырайды орға таман.
Жиналып алды қасқыр мұны көріп,
Ұстады сол құйрықтан шапшып келіп.
Түлкіні ор түбіне алып түсті,
Құдайым қасқырға да кезек беріп.
—Келдің бе, бұл араға, түлкі шырақ,
Айта бер иманыңды жылдамырақ.
Өзімнен сені бұрын өлтірейін,
Кеттің ғой өлгенімді көрмей бір-ақ.
Қасқырды түлкі алдайды айналдырып,
Қуланып, ыржыңдайды жалған күліп:
—Ұрадан сені сүйреп тарту үшін,
Әкеп ем ұзынырақ тал сындырып.
Өлесің босқа сен де орда қалып,
Сенсеңіз, қайғырамын соған налып.
Ұрадан басқа шығар айла бар ма?
Мен шығып әкелейін талды барып.

Жаны үшін иланады сөзге қасқыр,
Деген соң: «Құтқарамын сені тақсыр!».
Ернеуге екі аяқпен тұр асылып,
Үстіңмен жорғалатып мені астыр.
Екі аяқпен созылып қасқыр тұрды,
Жорғалап төбесіне түлкі барды.
Пәрменінше ернеуге секіргенде,
Ернеуге екі аяғы тура ілінді.
Айласын асырады түлкі тағы,
Қасқырды келемеждеп кете барды.
«Қасқыр да қас қылмайды жолдасына»
Дегенді түлкі бұзып сатқан арды.
Әркезде істегенің шығар алдан,
Кезігіп тауда тазы түлкіні алған.
Қақпанның иесі кеп соғып алды,
Қасқырды ажал қамап орда қалған.
Жігіттер, бұл түлкідей болма зәлім,
Әстілі көргенсізден алма тәлім.
«Құйрығы арамзаның бір-ақ тұтам»
Деген сөз осы жырдан болар мәлім.

Мысал өлеңдер

Барлығы: 29 мысал

Тағы оқыңыз