Қасқыр, түлкі, бөдене (І нұсқа) (1-бөлім)
Мысал өлеңдер · 2 мин оқу
Бір қу түлкі болыпты жұртты құртқан,
Тышқан аулап жейді екен ескі жұрттан.
Жем таба алмай бір жылы арықтапты,
Тышқан ауып кеткен соң мұқыл сырттан.
Түлкінің тышқан жемей «мені» болмас,
Кемірсе сүйек-саяқ, қарны толмас.
«Жемтік түссе, жермін» деп қалғанынан,
Қасқырға іздеп барып болды жолдас.
Қасқыр айтты:—Тоясың маған ерсең,
Болады малды көріп, шалып келсең.
Қарным тойса, қалжыңдап ойнаушы едім,
Ойынға ыза болмай шыдай берсең.
Аш күнімде жатамын шабым жалап,
Ол кезде жақын келме жанасалап.
Тойғаңда тұрпайылау мінезім бар,
Өкпе қылма ойыңды шынға балап.
Көнді түлкі қасқырдың бұл сөзіне:
—Шыдаймын қалжыңдаған мінезіне.
Өлтірмесең болады, ойнай-ақ бер,
Тамақ тапсаң болады күнде өзіме.
Түлкі көріп келеді малды шалып,
Қасқыр бір қой әкетті сүйреп алып.
Екеуі әбден тойып алғаннан соң,
Ойнайды ары-бері асыр салып.
Қасқыр тура жүгірсе көзі жайнап,
Түлкі еркелеп тұрады «ағатайлап».
Алып соғып үстіне ойнағанда,
Азар жаны қалады «а, Құдайлап».
Запы болып ұстатпай жүрсе жортып,
«Уәдені кеттің бе,—дейді,—ұмытып?»
Тамақ үшін амалсыз қайта келсе,
Ойнайды бұрынғыдан қатты мытып.
Түлкі жатып ойлайды әрбір ойды:
«Өсірмеді қасқыр,—деп,—біздің бойды.
Жегенімді желкемнен сығып алып,
Бергені де құрысын жемтік қойды.
Буындырып ойнайды қиқылдатып,
Жегенімді құстырып шиқылдатып.
Тұла бойы сірескен қара қотыр,
Тоғанымның үстіне тырқылдатып.
Осыдан құтылайын өлсем дағы,
Аштықтан қандай азап көрсем дағы.
Тәуекел, өз бетіммен күн көрейін,
Бадамшаның басын жеп жүрсем дағы».
Ойлайды: «Бір мұратқа жетейін, деп,
Қасқырдан кегімді алып кетейін, деп,
Осыны өз көзімше өлтірелік,
Бір хайла не қылсам да етейін»,—деп.
Жер шола түлкі шықты дөңге шауып,
Жылқының бір жемтігін алды тауып.
Қараса қазған оры, жер қақпан бар,
Қойыпты шөп-шарменен бетін жауып.
Түлкі қатты қуанды мұны көріп,
Қасқырды ертіп келді хабар беріп.
Семіз жылқы жемтігін көргеннен соң
Ауызды көкжал батыр салды келіп.
Түлкі жүр жер қақпаннан айтпай қашып,
Арсалақтап аш бөрі жүрді сасып.
Қақпан жаққа қасқырды жіберді алдап,
«Орға түсіп кетсін,—деп,—қапы басып».
Екеуі де тоюға қам қылысып,
Тұс-тұсынан жемтікті жүр жұлысып.
Шегінгенде ернеуін басып алып,
Көкжал ноян ұраға кетті түсіп.
Алаңғасар итіңді Құдай атып,
Терең зындан түбіне кетті батып:
—Ойбай, түлкі, келе гөр, мен қалдым,—деп,
Айғай салып ұлыды орда жатып.
Түлкі келіп ураны жағалайды,
Мазақ қылып арсылдап абалады.
—Мықтысың ғой секіріп шығарсың,—деп,
Күлкіменен қасқырды табалады.
—Үстіме аунап ойнаушы ең тойған сайын,
Сендей арсыз ақымақтың орны дайын.
Осы қазған ұраның иесі кеп,
Көз алдыма сойғанын бір байқайын.