Қасқыр мен тырна
Мысал өлеңдер · 2 мин оқу
Бір қасқыр сапар шекті елден жырақ,
Ас таппай неше күндей қалды жарап.
Жемтіктің бір тоғайдан исін сезіп,
Бір күні келе жатыр соған қарап.
Қасқырдың кім білмейді қомағайын,
Кеулінен жемтік көріп кетті уайым.
Келді де бір сүйекті салды ауызға
Шетінде бөлегірек жатқан дайын.
Шайнамай сол сүйекті жұтып қалды,
Тамақтан сүйек жүрмей тұрып қалды.
Алақтап дем ала алмай қысылған соң,
Қасекең жан-жағына көзін салды.
Қақалды сүйек жүрмей тамағына,
Болмады әртүрлі еткен амалына.
Жанынан күдер үзіп тұрғанында
Көрінді көз ұшында жалғыз тырна.
Тырнаны шақырады ишаратпен,
Мәнісін баяндауға тиышы кеткен,
Ойлайды: «Бұл тұрғанда тіл алмас,—деп,—
Кеуілін жұмсатайын алдап еппен».
Бұрынғы қателікті былай қойып,
Тырнаға жалынып тұр кішілікпен.
—Тырнажан, дүнияда ұмытпаймын,
Құтқарсаң мені қазір осы дерттен,
Білуші ем арғы атаңды, тырна, сенің,
Дүнияда кім бар еді онан өткен?!
Ежелден олқылық жоқ нәсіліңде,
Көз салып байқап тұрсам арғы түптен.
Баласы атайының сіз бір асыл,
Сыртыңнан жүрміз әзір зор үмітпен.
Біле алмай не етерін сандалақтап,
Алдыңа ағаң келді сүйек кеткен.
Тырнажан, не қылсаң да енді өзің біл,
Айдынның шалқары едің көпке жеткен.
Өзіңе Құдай оңлап жолықсам деп,
Жүруші ем тілектес боп мен де көптен.
Есітіп мына сөзді тырна тасты,
Қасқырдың тамағына тықты басты.
Суырып сүйекті алып тастағанда,
«Уһ» деп, сонда қасқыр көзін ашты.
Құтқарған зор бәледен тырнасына
Қасекең көрсетпей тұр ықыласты.
«Еңбегін бер!» деп тырна сұрап еді,
Қасекең сау күндегі әнге басты.
—Қой, тырна, ойын ба осы, шын ба,
Қажауға мәжүн жоқ қой сені мұнда.
Ақы алып көрінгеннен дәндеп қапсын,
Ақымақ ойнаймын деп әуре қылма.
Мен саған олжа болғандай ерің бе едім?
Құтқардың сөзім сыйлап, ерінбедің.
Салғанда тамағыма таз басыңды,
Мен шайнап, басыңызды кемірмедім.
Көрінбей шапшаң жоғал көзіме енді,
Түсініп айтқан достық сөзіме енді.
Аш қасқыр неше күндей дәм татпаған,
Ұялмас тап беруге өзіңе енді.
Есітіп мына сөзді тырна сезді,
Етпес деп қасқыр ондай ойламас-ты.
«Садақа бастан құлақ» деген сөз бар,
Бейшара қалбалаңдап тұра қашты.
Қиссасы қасқыр, тырна болды тамам,
Мінездес қасқыр менен кейбір адам.
Басына жұмыс түсіп қысылғанда,
Жалынып-жалпаяды келіп саған.
Құтқарып ол бәледен жіберген соң
Болмайды оған кісі сенен жаман.
Мысалы отқа өртенген мүлкіңдей-ақ,
Қайырып зия кетеді оған қылған.
Қайырды қарап істе адамына,
Қаралас өзің менен шамалыға.