Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бұлбұл мен есек

Мысал өлеңдер · 1 мин оқу

Бір күні бұлбұл құсты есек көрді,
Қасына сөз айтпаққа жақын келді.
—Сыртыңнан «сайрағыш» деп

халық мақтайды,
Тыңлайын біраз, достым, сайра!—деді.
Кім білсін мұнан былай көрерімді,
«Сайра!» деп тағы саған келерімді.
Мен тұрмын өзім естін сынамаққа,
Мақтаудай бар ма екен деп өнеріңді.
Есектің сөзін бұлбұл қабыл алды.
Құлағын салып есек тұра қалды.
Дауысын әлде неше жүз құбылтып,
Бұлбұл құс не әдемі әнге салды.
Бұлбұл тұр түрлі-түрлі әнге салып,
Сайрайды бірде нәзік, бірде анық.
Даусындай сыбызғының алыстағы,
Құлаққа кейбір даусы келді талып.
Біресе шыңылдаған ащы дауыс,
Шекеден өте жаздайды құлақ жарып.
Сан мақұлық, қыбырлаған құрт-құмырсқа,
Тыңлады орны-орнында тұра қалып.
Сайрады бірде ақырын, бірде қатты,
Кейде ысқырып, кей кезде таңдай қақты.

Жел тынып, құстар қойып шулағанын,
Қойлар да күйісін тиып, тыңлап жатты.
Көрсетіп бар өнерін болды бұлбұл,
Есекке жақынырақ келді бұлбұл,
Есек тұр екі көзін айырмастан.
«Есегім, ұнай ма?» деп тұрды бұлбұл.
Сонда есек жауап айтты бұлбұл құсқа:
—Өнерлі бар ғой әнпаз әрбір тұста.
Солардың барлығы да әдемі әнге,
Тауықтың қоразындай болмайды ұста.
Айтайын мен бір сөзді, бұлбұл шырақ,
Тыңдаңыз ылтипатпен салып құлақ.
Тауықтың қоразынан ән үйренсең,
Сайрар ең мұнан көрі артығырақ.
Бұл сөзге жәбірленді бұлбұл қатты.
Көп тыңлап онан ары тұра алмапты.
Құдайым сынатпасын есекке деп,
Пыр етіп ұшыпты да кетіп қапты.
Ал енді мұнда қандай ыбырат бар,
Есектей іс істейтін надандар бар.
Асылды жасықпенен айырмайтын,
Дүниеде бар емес пе не жамандар.

Мысал өлеңдер

Барлығы: 29 мысал

Тағы оқыңыз