Шыдамсыз мысық
Мысал әңгімелер · 1 мин оқу
Жұпыны лашықта әрі жүдеу, әрі аш мысық тұрған екен. Бір күні дәулетті бай үйдің семіз мысығын көріп:
—Бауырым-ай, осынша семіргенде не жедің?—деп сұрайды ол.
—Бір баймен көршілес тұрамын, әрқашан соның үйіне барып, неше түрлі тағам жеймін,—деп жауап қатады семіз мысық.
—Бауырым, мені де өзіңмен бірге ерте барсаңшы. Ол үйде тым болмаса екі-үш күн тұрып, тамақтан тоя жесем, мен де, бәлкім, қоңымды жиярмын. Жақсылығыңды сонан соң өмірі ұмытпас едім,—деп жалынады арық мысық.
—Жүр барайық, қалағаныңша сол үйде тұр, тойғаныңша ішіп-же, тек байқа, жан-жағыңа қарап алмай тамақты көрген жерден бассалып жүрме, әтпесе таяқ жейсің,—дейді семіз мысық көніп. Сөйтіп, екеуі байдың үйіне келсе, жерге жайған үлкен дас тарханның үстіне даярлаған әртүрлі тағам көз тартқандай екен. Мұны көрген аш мысықтың аузынан сілекейі шұбырады. Семіз мысық:
—Сәл шыда! Үйдің адамдары тамақтанып болған соң сарқытын бізге береді. Сонан соң екеуміз әбден тоямыз,— дейді. Бірақ арық мысық шыдай алмайды. Дастарханға жетіп келіп, бір ыдысқа басын қойып жібереді. Сол-ақ екен, қызметші кіріп келеді де, аш мысықты таяқтап астынан алады, аяғын сындырады. Мысық ақсай басып, қаша жөнеледі. Сол жерде семіз мысық.
—Ей, бауырым-ай! Сәл шыдай тұр деп саған зар илеп ем, бірақ шыдамадың, соның сазайына мінеки аяғыңды сындырдың!— деп табалайды. Сонда арық мысық байдың үйіне барғанына өкініп:
—Жоқ, менің кедей лашығым әлдеқайда артық екен! Бір жақсысы онда аяғыңды сындырмайды,—дейді. Осыны айтып, ол үйіне қарай шойнаңдай жөнеледі.