Қой мен қасқыр
Мысал өлеңдер · 2 мин оқу
Сөйлесең, таба алмайсын сөздің ізін,
Шықпайды дегеніңдей шыңғыр мен ызың.
Бұл күнде әдебиеттің жолын білген,
Советтік білімді көп ұл мен қызым.
Жыр етем бір мысалды шама келсе,
Ой, шіркін, оңдырамай оны білсе.
Кестесі келіспесе, кемеңгерлер,
Ақынға анық бір сын—біреу күлсе.
Қой менен қорқау қасқыр дос болыпты,
Бірігіп екеуі бір қос болыпты.
«Ешкімге сені досым, тигізбеспін»
Дегенмен, қойдың көңілі қош болыпты.
Достығы екеуінің болды мұндай,
Талайды жейді қасқыр түнде сондай.
Қасқырдың бұл қылмысын айтпауға
Қой уәде берді еткен ісін ондай.
Жегізген жиырма тауық, біреу келді,
Қойыңнан қасқыр жайын сұрап білді.
«Бас баққан мен бір қойың,—деді,—жуас,
Қасқырды көрмедім»,—деп қойың күлді.
—Кім біледі мені дағы жеп кете ме,
Кездессе қассыз қасқыр, тек кете ме?
Сөзіне қойдың қанып қайтты адам,
«Япырмай, қасқырға,—деп,—кек кете ме?!»
Қасқыр да жатыр еді інде бұғып,
Кеткен соң адам, қасқыр іннен шығып.
Аш өзі, арсалаңдап жөнеп берді,
Жорыққа жортып қасқыр жүнін жығып.
Сол түнгі жорығында дым таппады,
Келер күн тыныштанып ол жатпады.
Сүйкеніп соға берді әр бұтаға,
Қайтсін ол бір күн, бір түн нәр татпады.
Дым қоймай бар құйрығын алды жұлып,
«Достығың қайда?» деді қойың тұрып.
—Достықты бір тоюға сатасың ба?
Жағдайсыз жаман екен қолды ұрып.
Достығым менің еткен қайда кетті,
Жемекке мені дереу қойдың бетті.
Біреуге сынатуға барасың ба?
Ақ едің ерлігі бар, бұздың кетті.
—Көп сөздің керегі не,—деді қасқыр,—
Қолыңнан келсе, мені сен де састыр.
Құйрығын жеп болған соң басқа жағын,
Жеңіне зейін қойды қара басқыр.
Достықты тойтарып тік кетті бұзып,
Болған соң бұзбай нетсін өте бұзық.
Қасекең қорқаулықпен тыңламады,
Жеп қойды қалдырмастан ләпсі қызып.
Іс етпеді қаперімде досқа лайық,
Демеді достың көңлін қош қылайық.
Дос болған қойын жеді тамағы үшін,
Мұндайдан айлақ ерлер бос тұрайық.
Ізімен қой иесі келді жетіп,
Қасқырың інге кіріп алған бекіп.
Қасқырды қақпан құрып, ұстап алды,
Қой иесі іс етеді енді кетіп.
Терісін тірідей тез алды сойып,
Қасқырды қой етіне алған тойып.
Жалаңаш етіп салып, өртеп отқа,
Күйгені сонша, көзін алды ойып.
Босаңдап қойдай жуас қор болмаспыз,
Мысалы, қасқырдай боп зор болмаспыз.
«Тек жүрген—тоқ жүреді» деген анық,
Тек жүрсек, ешкімге де қол болмаспыз.
Қасқырдай қара кеуіл атанбайық,
Достықтың апатына шатылмайық.
Бір жейтін тамақ үшін бұзып достық,
Қақпанға, абайлаңдар, матылмайық.
Ерлерім, етпеңдер іс ләпсің үшін,
Досыңа дұрыс болсын еткен ісің.
Қасқырдай көз ойғызып һәм сойғызып,
Кетпесін түсіп отқа күйіп күшің.