Қара қоңыз
Мысал өлеңдер · 2 мин оқу
Жер жүзін қоңыз қаптайды жаз,
Бір боққа қырық елуден қонбайды аз.
Кетеді бірінікін-бірі алып,
Еркелеп енелеске еткендей наз.
Біреуі қуып барып алысады,
Тым тату өзге жерде, мұнда араз.
Таласып тап Уалидың сарқытындай,
Етеді өте құрмет, көп ағызаз.
Итеріп бірін-бірі, тыраңдатып,
Қылады бір мереке өзіне саз.
Бәрін де жеңгеннен соң, жөнеледі,
Бір мықты домалатып алып сарбаз!
Бір жерге көміп оны, жайластырып,
Қуанып, қожырайып болады мәз.
Бұлайша мың дағы бір боқ жияды,
«Қыс болса, боламын ба,—деп,—мұқтаж?»
Мың боғын бұрын көмген таба алмайды,
Көп қарап, шаршап-жүдеп шабандайды.
Қыс болса, жалғыз боқтың жартысын жеп,
Ендігі жаз болғанша амалдайды.
Мысалы, сол секілді бұл күнгілер,
Дүние үшін бірін-бірі ата, аңдайды.
Әлдісі әлсізінен тартып алып,
Ақ малын оныменен арамдайды.
Қыс қатты болған жылы қырып алып,
Сып-сидам басын сипап алаңдайды.
Он шақты ешкі менен қойды бағып,
Тон киіп, тамақ ішпей жалаңдайды.
Ақыры ат, атанның бәрін құртып,
Аяғы, өгіз мініп, салаңдайды.
Жинаған өліп-талып мал-мүліктің,
Ешбірін іздеп-тауып ала алмайды.
Адамға, кәне, жолдас болғаны мал,
Бұл қалай ара тұрар, келсе ажал?
Қоңыз да осы өзіміз айтып жатқан
Және де осылайша бар бір мысал:
Дарияның Мәһит атты ар жағында
Жазира, Бағыбақ деген бар еді арал.
«Жайылып жазы-қысы жүретұғын
Бір бөлек ат бар онда»,—деді ошал хал.
«Иісі тезегінің ол аттардың,
Жұпардың иісіндей,—деп айтады,—дәл».
Есітіп қоңыз біткен бұл жақтағы,
«Кел, соған барайық!» деп ұшады, ал!
Арада ай мен апта өткеннен соң,
Бойлары божырайды болып дел-сал.
Қарны ашып, күш пен қуат құрыған соң
Бәрі де бұлайынша ойлар қиял.
«Бағыбақты барғанменен табамыз ба?
Иә, таппай, құр далада қаламыз ба?
Кешегі кең далада тастап кеткен,
Тиюші еді таудай тезек дарамызға.
Әр жерден аяқ аузы үңгір қазып,
Тасып ек күн-түн толып шарамызға.
Бір боқ та бұл арада көрінбейді,
Осынша олжа етерлік қарамызға.
Қанағат қолдағыға қылмаған соң
Мініки, кірді аштық арамызға.
Қадірін қара қидың білмеген соң,
Жатқаны жер күңіреніп наламызға.
«Қонысқа қайтайық» деп қарар жасар,
Қатын мен зорлық етпей баламызға.
Аянбай әуелгіден парлап ұшар,
«Боғы көп, барайық,—деп,—саламызға».
Жете алмай, жолда шаршап бәрі де өлер,
Өлмеске қоңыз қайтіп тапсын өнер?!
Сопысын сол сияқты бір паралар,
Кемді күн дін жолына көңілін бөлер.
Жөнінен ақыреттің айтса үгіт,
Жас ағып көздерінен, дөңгеленер.
Шарттарын шариғаттың сұрамаққа,
Қысы-жаз жатпай-тұрмай жортып, желер.
Молда ұстап, мешіт салып, намаз оқып,
Қаріпке қорыққанынан қайыр берер.
Бұзылып өз-өзінен тұзсыз еттей,
Істерін істеп жүрген зиян көрер.
Ібілістің еріп анық алдауына,
Дүниенің қайтауылдап соңына ерер.
Әуресі екі дүниенің болып бірдей,
Қоңыздың осы айтқан кері келер.