Жолбарыс мінген ұры (2-бөлім)
Мысал өлеңдер · 2 мин оқу
Дүниеде өткенді көз көреді,
Ақынға ойлап айтса, сөз келеді.
Бір маймыл жүруші еді жидек теріп,
Сол маймыл жолбарысқа кез келеді.
—Не болды айтшы маған, шерім,—деді,—
Үстіңнен басылмапты терің, деді.—
Жатырсың өлейін деп барып келіп,
Көрінді саған қандай көрім?—деді.
Жолбарыс айтты:—Маймыл, көріп тұрсың,
Көрмесін еш мақұлық көргенімді.
Үстімнен осы уақытқа шейін түспегенде,
Сен, маймыл, көрер едің өлгенімді.
Маймыл да талай істі ойланады,
Жүгіріп ары-бері айланады.
—Бәлем бар арқамда деп айтасыз,
Бәлеңіз арқаңдағы қайда қалды.
Бұл сөзге жолбарыста нанып қалды,
Маймылға көп сөйлемей талып қалды.
—Маймылым, қайта-қайта езе берме,
Бәлемді анау ағаш алып қалды.
Маймыл да жетіп барды тал ағашқа,
Жолбарыс айтқаннан соң қарамас па.
Басында ол ағаштың бір адам тұр,
Дәнеме көрінбепті онан басқа.
—Жолбарыс, ешнәрседен қылма қауіп,
Тер болған үсті-басың қатты шауып.
Өзіңде елу адам қуатың бар,
Қорықтың сен адамнан мұнша неғып?
—Маймылым көп сөйлеме және, деді,
Қасыма маған жақын келме, деді.
Маймылым, қайта-қайта езе берме,
Ол өзі адам емес, бәле,—деді.—
Демегін ағаштағы оңай бәле,
Бәнденің оған қиын жанаспағы.
Қасына егер оған жақын барсаң,
Арқаңа ұялмайды жармасуға.
—Е, шерім, ол адамға мен барайын,
Адамның көрген едім бірталайын.
Тоғайда сарысуды көп жеп едім,
Е, шерім, әжетіңе бір жарайын.
Маймыл да жетіп барды адамына,
Ұрының абыройын ашпағына.
Бір сойқан бұл маймылға бола қалса,
Жолбарыс оңтайланды қашпағына.
Ағаштың маймыл келді дәл қасына,
Сол кезде шығып кетті шың басына.
Ұрыны сонда маймыл қылды мазақ,
Адамдай әзілдескен құрдасына.
Үйінде әуелдің шаң тұрады,
Басында жақсылардың бар тұрады.
Шырылдап шың басынан сол ағаштың,
Ұрының бастарына тамшылатты.
Ұрыға сонда болды не керегі,
Жақсының болсын деймін бір көмегі.
Аспандап, сасқалақтап бір қараса,
Салбырап тұрған екен бір керегі.
Сол кезде ұры байғұс бір амал тауып алды,
Ағаштың бір бұтағын бұрап алды.
Басына дамбал бауын тұзақ жасап,
Маймылдың «алмасына» тұзақ салды.
Ал енді найза тілді тозғын маймыл,
Ілініп өрмекшідей шыңғырады.
Және де бір бұтақты сындырып ап,
Сабалап қабырғасын сындырады.
Ал жазған найза тілді тозған маймыл,
Ілініп, мың айналып, шыңғырады.
Маймыл да барған еді судай тасып,
Ілінді тұзағына қара басып.
Маймыл да барған еді, болып шықты,
Аузынан дерек-дерек қаны ақты.
Ал жазған найза тілді жазған маймыл
Аралас қаныменен жаны шықты.
Жігіттер, осы сөзді құлаққа алып,
Бекерге маймыл құсап болма мықты.
«Қу құйрығы бір тұтам» деген сөз бар,
Қулығы қу маймылдың өзін жықты.