Ат пен Есек
Мысал өлеңдер · 1 мин оқу
Ат пен жолдас болды есек бір күн,
Сұм есек білдірмеді мінез-құлқын.
Ат оған: «дос болайық» деп еді, сонда,
Мақұлдап бас изеді есек шіркін.
Екеуі еңбек етті пікірлесіп,
Ат артық азық жейді өліп-өшіп.
Ішіне есекеңнің түйнек тиіп,
Қалшылдап жата қалды көзін қысып.
Сериіп арам жатыр аяқ жимай,
Жұмысқа кетті досы жылай-жылай.
Қарасы аттың әбден үзілгесін,
Жөнелді азықты алып қу сұмырай.
Ат жолдас болып еді есекпенен,
Еңбексіз арам жеді есеппенен.
Ақысын алдап достың алып кетті,
Адалға арам жібімейді жетекпенен.
Арамның, міне, осында мекерлігі,
Аян ғой жалғанының не екендігі.
Жамандық жақсылыққа жасап нәмәрт,
Өлімге досын тастап кете берді.