Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қақпанды қасқыр

Мысал өлеңдер · 2 мин оқу

Қаңғыбас қасқыр жортып шапқылады,
Қу лепсі түртіп оны жатқызбады.
Жесе де құнан қойдың құйрық майын,
«Мен тойдым» деген сөзді айтқызбады.
Жұтығып жын соққандай жолға шықты,
Басқадан өзін-өзі санап мықты.
Құныққан бұл көкжалға тура келіп,
Адасқан бір тоқтыны алып шықты.
Тоқтыны жайғастырды жалғыз өзі,
Мақтанып, жан біткенді көрмей көзі.
Шапқылап келсе біреу осы сәтте,
Тұрғандай қорықпастан жайнап жүзі.

Тоқтының жарты етіне анық тойды,
Жартысын ертеңіне алып қойды.
Жүруге әлі келмей іші сыздап,
Жатуға ыңғайланды жазып бойды.
Бір түлкі қой етінің иісін сезді,
Қасына қасекеңнің жетіп келді.
Құйрығын бұлғаңдатып, күлімсіреп,
Ауысқан еттің барын көріп білді.
—Қасеке, таныс едім сыртыңыздан,
Ерлік іс келеді дейтін қолыңыздан.
Көзіммен көріп тұрмын қайратыңды,
Қайтпаңыз осы түскен жолыңыздан.
Жақтырмай қасқыр тұрды түлкі сөзін,
Алартып бір қарады ақты көзін.
—Кет, қазір өлмей тұрып жаның барда,
Көмілмей тұрғаныңда келген ізің.
—«Ақыл—дос, ашу—дұшпан» сенсең, тақсыр,
Ежелден ел білетін атың қасқыр.
Қасыңа жолдас етіп мені де ал,
Көріп кел, барып келді маған тапсыр.
Осындай тату тұрып хас болайық,
Өлгенше айрылмастай дос болайық.
Әзілқой, күлдіргі сөз менде болса,
Қаһарлы батырлық іс сізге лайық.
Ойланып қасқыр тұрды аз кідіріп,
Көнуге ыңғайланды сыр білдіріп.
Түлкінің екі көзі етте болып,
Құйрығын бұлғаңдатып тұр телміріп.

Түлкінің алдауына қасқыр ерді,
Сақтаулы еттен аздап жұлып берді.
—Қалғанын жесең, түлкі, өлесің,—деп,
Көрсетті көметұғын қазып жерді.
—Келгенше сен боласың осы жерде,
Мен кетем жолаушылай сонау елге.
Қайталап тағы айтам, тыңда, түлкі,
Өлсең де мына еттен алып жеме!
Сүйтті де қасқыр кетті ұзақ жолға,
Қуанып түлкі қалды «түс» деп торға.
Артынан қарап тұрған түлкі «досты»,
Жалма-жан қалған етті алды қолға.
Жеп жатыр олжа етті іштей күліп,
Тойғаннан іші-сырты болды тұлып.
«Іздеген шопан болса, есітсін» деп,
Қояды бар дауыспен кейде ұлып.
Есітіп түлкі даусын шопан келді,
Көмулі қойдың етін бұ да көрді.
Қасқырдың қолға түсер жолын байқап,
Білдіртпей көрді қазып, қақпан құрды.
Сұм түлкі қақпанды да көріп жатыр,
Қасқырдың түсетінін біліп жатыр.
Қасқырды шопан соғып ала қойса,
«Барлық ет менікі» деп, сеніп жатыр.
Сандалып бір күндері келді көкжал,
Бұл жолы табылмады өрістен мал.
Ашыққан қасқыр көзі етте болып,
Түлкіден сұрап жатыр ел-ақуал.

—Етіңіз сол күйінде, ашқаным жоқ,
Ұрлар деп өткіншілер жатқаны жоқ.
Осындай жасқа келіп жалған сөзді,
Қасеке, нансаң маған, айтқаным жоқ.
Ашыққан қасқыр тұрды етке қарап,
Түлкі де тұрды ішінен: «А, Құдайлап».
Жақындап етке ауыз қойған кезде,
Қақпанға түсті аяққа қойған кезде.
Сол кезде жетті шопан тап қасына,
Түлкі де шығып тұрды дөң басына.
Алысып қақпаныменен жатқан кезде,
Ашулы шопан ұрды қақ басына.

Мысал өлеңдер

Барлығы: 29 мысал

Тағы оқыңыз