Тарғын батыр жыры (5-бөлім)
Ер Тарғын · Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Сол таудың алма деген жемісі көп,
Жүреді тамашалап әрбірін жеп.
Ер Тарғын тауда барып жата тұрсын,
Ертеңгі падишадан естіңіз кеп.
Бұл істі таң атқан соң білді халқы,
Ер Шорман бір енеден туған жалқы.
Бір түнде қырық бір кісі қырып кеткен
Тарғынның қылған ісі емес олқы.
«Патшаның құлады,—деп,—асқар белі»,
Артына иесіз тастап тамам елді.
Бар екен Қасым деген бас уәзірі,
Сол келді падишаға естіргелі.
Шорманды асыраған Қасым өзі,
Жас аққан қан аралас екі көзі.
Падиша уәзіріне қарап тұрып,
Сондағы мынау еді айтқан сөзі:
—Ей, Қасым, жылап келдің қалайшадан,
Соқтыққан әлін білмей қандай надан?
Сені мен жалғызымнан кем көрмеуші ем,
Жыламай, арызыңды айтшы маған.
—Ел билеген патшам-ай,
Дүние ісі қауіпті.
Дәулетіңе мас болып,
Бозбала құрған сауықты.
Кешегі кедей, ит Тарғын
Не деп сізге жауықты?
Һәман байдың қызына
Шорманменен таласып,
Балтаменен шауыпты.
Сабыр ет, тақсыр патшам-ай!
Жолдасымен қырық бір
Жаны жәннәт тауыпты.
Аз ғана қорек біткен соң,
Арам қаны тасыпты.
Жалғыз балаң өткен соң,
Қаһарыңа шыдамай,
Сізден қорқып қашыпты.
Мың кісі келді таба алмай,
Жер-жерден қарап түсіпті.
«Падиша өліп кетер» деп,
Ел-жұртыңыз шошыпты.
Жыламаған адам жоқ,
Ендігі ақыл өзіңнен,
Бір іске Тәңірім қосыпты.
Жетпіс шәһар билеген
Падишам едің сезімді.
Қақсап тұрған алдыңда
Тыңдашы қабыл сөзімді,
Сабыр қыл, тақсыр патшам-ай,
Әлек те қылмай өзіңді!
Падиша мұны естіп күйіп-жанды,
Жығылып, басы айналып, есін танды.
Қасында уәзірі мен бектері бар,
Су бүркіп, тірілтіпті падишаны.
Падиша жалғызы үшін болды дертті,
Бұл Тарғын тамам елді қырып кетті.
Аздан соң есін жиып Ғұмар патша:
—Қайтейін, жалғызым!—деп зар еңірепті.
—Уәзірім болған, ей, Қасым,
Бірталайдан жолдасым!
Тәжі мен тақты көргенде,
Тыйылмас менің көз жасым.
Енді маған қызық жоқ,
Өтіп кетті-ау көп жасым.
Жалғызымнан айрылып,
Қаңғырып қалды-ау қу басым.
Құдай-ау, әуелде
Падиша қылып жараттың.
Жалғыз қылып берсең де,
Мың кісіге балаттың.
Он бес жасқа келгенде,
Жетпіс шәһар қараттың.
Олжадан келген малыңды
Өз қолыңнан тараттың.
«Жарай ма деп бұл ісім?»
Үлкендерге сынаттың.
Бір сағат көрмей тұрмаушы ем,
Тәңірім-ай, қайтіп шыдаттың?!
Қартайғанда сорлы әкең
Артыңа тастап жылаттың.
Падиша жылап-жылап мауқын басты,
Ел-жұрты көңіл айтып амандасты.
Баласын таза арулап қойғаннан соң,
Отырып көп халайық ақылдасты.
—Бұл Тарғын қашып жүрер бір-екі жыл,
Бұл қызға бір айналар сүйіксіз құл.
«Ақылы қырық кісінің ханда» деген,
Тақсыр-ау, не қылсаң да енді өзің біл!
Патша айтады:—Шорманнан өтті заман,
Ол Тарғын қашып кетті бізден аман.
Жиналып осы отырған, жамағаттар,
Барыңдар атқа мініп қызға таман.
Шормандай өлтірді ғой асқар белді,
Артына иесіз тастап тамам елді.
Қорқытпай қыздан жауап жөн сұраңдар,
Не пайда өлтіргенмен бір әйелді.
Жиналып осы отырған қанша адамдар,
Сөзімді менің айтқан аңғарыңдар.
Бұл іске Һәман байдың жазасы жоқ,
Оны да ашуменен қорқытпаңдар.
Ойлаңдар, көп жиналып ақыл-айла,
Көп адам ақылдасса, болар пайда.
Көп қыспай қыз сорлыдан сөз сұраңдар,
Тарғынның қолға түсер түбін ойла.
Ол Тарғын жау боп кетті тамам жанмен,
Кеткен жоқ қызық құрып сауық-сәнмен.
Көрінсе, Тарғынды да өлтірмеңдер,
Жарамас жуғанымыз қанды қанмен.