Шора батыр (5-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Нәріктің ұлы Шора, сені де Құдай көрсететұғын күн бар екен-ау!—деп ұшып түрегеліп,—ой, бауырым, қолқа жүрегім, өкпем бүйрегім!—деп ұшып түрегеліп көрісе бастапты. Әкесінің туысқандары екен.
—Бұл жапанның сары даласында неғып жатырсың?— дейді.
—Уай, шырағым-ай, «Тозған қазды топтанған қарға жейді» деген бар емес пе? Баяғы басымыз түгел, малымыз есен тұрған шақта қазақ қалмақты шапқанда, қоржынның түбіне салып, бір Садырқұл деген бала алып келген екен. Сол Садырқұл ер жетіп, елін тауып, қалмақтан қосын ертіп келіп, елімізді қысқа күнде қырық шауып, жалаң малды алдына салып, айдағанына қанағат қылмай, аспандағы жұлдыздай, маңдайдағы құндыздай іріктеп, таңдап, он қыз алып кетті. Оны іздеп баруға елімізден еркек болып туған ұлдың жоқтығынан тағы шапқалы келе жатыр деген хабар естіп, соның жолына қақпан құрып жатырмын.
—Өзіңнен басқа ер танырлық еліңде жан бар ма?— дейді.
—Бір Есім деген ағаң бар, о да қарап жатқан жоқ шығар. Ас ішіп, аяқ босатарларды жиып: «Аттанайық қалмаққа» деп қалбаң-құлбаң қармалап, атқа мінуге жарамайтын жамандарды арбалап жатқан шығар. Қарсы алдыңнан жолығар,—деп, қош айтып қала берді.
Онан келе жатса, басы құралған көп-көп болып жиылған топ қарсы алдынан дөп келді. Отырған жері омардай, күйген ғана томардай қол бастайтын түрі жоқ біреу отыр екен.
—Жол, жол болсын, жол болсын,
Жеке де басың қол болсын!
Атыңның жүні тасыңқы,
Көп шабуыл көргендей,
Қабағың сенің қатыңқы,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Уыз сүтің аузыңнан
Шығып тұрған баласың!
Жүзің жылы көрініп,
Ішім еріп барады,
Екі көзің алаңдап,
Аш бөрідей жалаңдап,
Қарағым, қайда барасың?—депті.
—Арғы атамды сұрасаң,
«Қара бура» ұранды,
Қырық үйлі жүрген Тамамын.
Өз әкемді сұрасаң,
Нәріктің ұлы Шорамын.
Қазан деген жеріме,
Тама деген еліме
Жол тартып солай барамын,—
дегенде күйген омардай шал өкіріп түрегеліп:
—Қарағым-ай, өңім бе, түсім бе?! Сені көріп тұрғандығым өтірік пе, шын ба?—деп бас салып көрісіп, о жағынан бір сүйіп, бұ жағынан бір сүйіп жалғанның жарық сәулесін жаңа көрдім ғой деп қуанғанда жарылмаған жүрек, енеңді с..н! Шырағымды құшақтап тұрғанда, шығып кетпегеніңді қайтейін!—деп жылап, өксігін баса алмапты.—А, шырағым, Құдай өзіңе өмір берсін, қызығыңды кейінгі ұлан-ұсақ көрсін! Осы бетіңмен Қазанға бар, өзің құрбы балалар бар, шешелерің бар, жеңгелерің бар, олар да сені көріп, қуанып мәре-сәре болсын! «Қалың қосын—ел садағасы, Қарауылшы—қол садағасы». Біз өңшең садаға жұмыртқа болып шыққандар. Енді өлсек те Құдайға ризамыз. Артымыздан жоқтап алар сендей ұл туғанда, бізге өлімнің өзі бір тиген теңдік,—дейді.
—Ой, ағалар, олай деме, былай де: «Берді саған Құдай де. Атысарға жау таппай, алысарға ер таппай, тіресерге тең таппай: «Қайда кеткен бұл жұрттың найза ұстаған батыры? Тап менің тұсымда еркек біткен қырылып, қалған ба жұрттың қатыны?» деп, «Жау қайдалап» жалақтап, екі көзім төрт болып алақтап жүргенімде, мен қалай қалайын?! Қалай қалған ұлан-ұсақ, қатын-қалаштың қасына барайын?! Жүріңдер, жау қайда, «жау қайда бар» деген жаққа мені айда. Таста мына үйілген-төгілген, қара қарғадай шуласқан көбіңді, өзін көргенде, кісінің үрейін ұшырып, құтын қашырады. Мұны көрген жау бізді басынады,—деген соң, көптің бәрін қайырып тастап: