Қаракерей Қабанбай батыр (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Інісінің бұл мінезіне Қабанбай да ерегесіп түйені бермейді. Дәулетбай өз қолын соңынан ертіп ағасымен араздасып аулаққа айрыла көшеді. Арада бірнеше жылдар өтеді.
Күндерде бір күн Қабанбай қатты науқасқа ұшырап, өлім халіне жеткен соң ел-жұртына хабар айтады. Қабанбайдай ел қорғаны ерінің қайғылы хабарын естіген ел-жұрты батырынан бақылдық сұрап, Қабанбайдың мұндай хабарын естіп, халықтың сәуегей қарты Бұқар жырау келеді. Ерінің өлетініне көзі жеткен Бұқар халыққа асқар тауының құлайтынын, жайлау, қыстауды өрт аларын, халық қорғаны Қабанбайдың дүниеден қайтатынын күңірене, күйіне жырлайды:
—Ақберен деген сауыттың
Етегі бар жеңі жоқ.
Ағайынды адамның,
Төбелессе, кегі жоқ.
Мен шын кісі танысам,
Адам болар кебі жоқ.
Шағалақ пен Шынқожа,
Дәулетбайға барыңдар,
Барып та хабар салыңдар.
Мына ағаңды көрсін де,
Өз қолынан көмсін де,
Қияметте қайтеді,
Арыздасып қалсын де.
Мұны естіген Қабанбай:
—Дәулетбайға бармаңдар, «тіріде мені көрмеймін» деп ант берген, келмейді.—дейді. Өз қолынан інісіне айттырып әперген келіні мінез-құлық, ақылы, адамшылық жағынан Қабанбайға аса қатты ұнайды екен. Сол келініне сәлем айтады.
—Келіннің тілін тірі алмас, Дәулетбай сенен хабар алмай, арманы ішінде кетеді,—деп Бұқар жырау Шағалаққа Қубас атты мінгізіп Дәулетбайға шапқызады.
Бұл Дәулетбайға барып Бұқардың сәлемін айтады. Суық хабарды Дәулетбайдан бұрын әйелі сезіп, екі бетін алып зарлап, қайын ағасына қабырғасы қайысып жылап, күйеуін есік алдына қоймай қолма-қол үй жыққызып, ат мініп, тіріде Қабанбайды көріп бақылдасып қалуға асығып жүріп кетеді:
Қасқыр жортпас қалыңнан
Қарғып өтіп барады,
Түлкі жортпас тоғайдан
Түнде жортып барады,
Ертең сәске болғанда
Елге келіп қалады.
Елге келген белгісі,
Қой баққан қойшыдан
«Ағакем тірі бар ма?» деп,
Сұрап хабар алады.
Қойшы:
—Қабанбайдың болар-болмас халі, шығар-шықпас жаны бар, сусын берсе ішпейді, қайғылы болып жылаған барша халық сонда отыр.
Күркілдеп демін алады,
Есіктегі сәулеге
Тесіліп көзін салады,
Сені тосып жатқанға,
Мен білсем, сол ұқсайды.—
дейді. Ашу билеп адасқан Дәулетбай қойшының сөзін естігенде іші-бауыры елжіреп, «ағакем!» деп күңірене шабады. Қубас аттың дүбірін хал үстінде кірпігі қимылдап жатқан Қабанбай сезіп, далаға кісі шығарып білдіреді. «Інің келді» дегенде, Қабанбайға тіл бітіп, шырай кіріп, қайратын жиып басын көтереді. Өлім халінде отырған ағасын көрген Дәулетбай іші күйіп еңіреп, бас салады. Өткен өкініш күндеріне күйініп, екі бірдей ауыр қайғы басына түседі.
Бірін-бірі құшақтап, көптен көрмеген сағыныш, ақырғы көрісу, өлім үстіндегі қайғымен қамығысады:
Қабанбай айтты: «Інімсің,
Қарағым, інім, күнімсің.
Қырғыздың ақбас атанын,
Елімнің ескі кегі үшін.
Айтайын жалғыз серігім, мына иесіз қалған қалың малға өкпелеген түйеңді қоса ал!»—деп, інісіне дүниенің опасыздығын айтады. Інісі Дәулетбайға, жақсы көретін келініне қалған елге ұйтқы боп, берекелі болуды өсиет етеді. Батыр әлсіреп, басын жастыққа сүйейді. Осындай ауыр халдің үстіне ел үстіне тағы бір қара түнек орнайды.
Қабанбайдың жан серік туысы, қанды көйлек жолдасы Шағалақ батыр ел басына төнген хауіпті өлім алдында жатқан Қабанбайға естіртуге бата алмай, батыр, билерге сыбырлап, сасқалақтап тұрғанын сезген Қабанбай қасына шақырып алады.
Шағалақ келді қасына,
Тізесін қойды басына.
Өкіргенде көл болды,
Көзінен аққан жасы да.
—Айналайын Қабеке-ау,
Көзің тірі жатқанда,
Қорлық деген расы ма?
Ауылға жау төніп тұр,
Мың кісіге бас болып,
Атеке жырық келіп тұр.
Көзі тірі жатқанда
Көңіліне дақ болсын деп,
Елін шауып кетем деп,
Бір шетінен қазақты
Бүріктіріп ат қойып,
Суық хабар беріп тұр,—
деген хабарды естіген Қабанбай басын жұлып алады. «Әлі кеткен денеме түске дейін әл бер!»—деп тілек тілеп, жан серігі Қубас атын алдырып ерттетіп, қайраты тасып, орнынан тұрғанда батырдың ақ туы дүрілдеп көкке көтеріледі. Жиырма бестегі күніндей Қабанбай батыр Қубасына мініп, қалың жауға қарсы шабады.
Ағасының қанын жоқтап, көзі тірісінде Қабанбайдан кек алуға келген Аманәлінің жас батыр інісі Қабанбайға жекпе-жекке келеді. Қайратына мініп, қаһарланып алған. Қарт батыр жауының туын құлатып, жығасын жығып, жігері тасып, қашқан жауды бұршақ ұрған егіндей жуып, көзі тірісінде дұшпаннан кегін жібермеген. Қабанбай батыр қару алып, сауыт киген күйінде ел қорғау жолында, ат үстінде ажалды күні жетіп, дүниеден өтеді.