Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қаракерей Қабанбай батыр (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Бір өзін мыңға балап, жауына жалғыз шапқан Аманәлі батыр Қабанбай қолының алдын кес-кестеп, қазақ батырларын иіріп тастайды. Аманәлі сияқты айбынды батырға ә дегенде жекпе-жекке топ жарып ешкім шыға алмай қалады.

Жібермей қолдын алдын иіреді,
Батырлар ыза болып күйіседі.
Ұмтылды шыдай алмай Жантай батыр,
Найзамен түйреп мұны жібереді.

Жекпе-жекке шыққан Бөгембайды да найза шайқап жуытпайды. Көкжарлы Көкжал Барақ барған шақта найзамен іліп тастап, оны тезек құрлы көрмей түсіріп кетеді. Ызаға шыдай алмай сексен сегіздегі қарт Бұқар ұмтылады:

«Кәрі байқұс, сені бейнет айдады» деп,
Оны да іліп тастап жүре берді.

Ат қойып жетіп келген Бердіқожа батыр да алдыңғылардың кебін киеді. Аманәлі қазақтың даңқы жер жарған атақты батырларын жекпе-жекте шыдатпай, бірінен соң бірін түсіре береді. Бір-бірі жүзге салмақ батырларды Аманәлі қаңбақ құрлы көрмейді.

Аманәлінің асқақтығына шыдай аламай, кеудесін кек кернеп, ызаға булығып Қабанбайдың інісі Дәулетбай батыр шығады. Жекпе-жек айқаста Аманәліге Дәулетбай да төтеп бере алмайды. Күші басым Аманәлі Дәулетбайды найза үстіне іліп алып көкке көтереді. Қазақ батырларына бұл қорлық қатты батты, ерлердің еңсесін түсіріп, діңкесін құртып құса қылады. Ту ұстап, майданның аңысын аңдып тұрған қарт қыран Қабанбай бұдан әрі шыдап тұра алмайды. Інісін жауының найзасының ұшында көрген қарт батыр томағасын сыпырған қырадай түйіліп, жетіп келеді.

Қабекең кейін тұрған қолды бастап,
Қырғыздың көрініп тұр өнері асқақ.
Ұмтылды таудан құлай ер Қабанбай,
Ақ туды Шағалаққа бере тастап.

Найзадан Дәулетбайды тастай берді,
Дұшпанын Қабанбайдай көзі көрді.
«Құдайдан тілегенім сен едің» деп,
Ат қойып Қабанбайға жетіп келді.

Қабанбай асқақтаған Аманәліні найзамен іліп алып, басынан тоғыз қабат айналдырып жерге ұрады. Сол кезде қолында жетелеген түйесі бар көштен бір қыз зарлап шығады. Аманәлінің бала дегендегі жалғыз қызы болады. Әкесінің өліміне көкті күңірентіп, жерді тебірентіп жылап, зары адамның сай-сүйегін сырқыратады. Қыз бос зарламайды. Аманәлінің өліміне жүрегі өртене, еңіреумен бірге әкесінің өз елімен араздасып, айтқан тілге көнбей келіп, аңдыған жаудың қармағына ілініп, қаза тапқанын айта зарлайды. Әкесінің бір беткей, теріс мінезінің ажалына себеп болғанын кінәлай күңіренеді.

Әкесін қабырғасы сөгіле жоқтай келіп, Қабанбайдың алдында жекпе-жекке шыққан қазақ батырларынан кек ала өлгенін арман етеді.

Қазақ батырларынан, оның ішінде Қабанбайдан арнап сауға сұрайды:

—Сауға берсең өзің бер,
Сөйлеп бір тұрған сөзің бер!
Қарайған қара басын бер,
Қиылған қара қасын бер!
Елді шауып аларсың,
Олжа қылып барасың.
Бір қойың сойып берерсің,
Көңілсіз мені аларсың.
Көңілді қатын мен болмай,
Орнымды сипап қаларсың,—

деп сауғаға әкесінің сүйегін, өзінің бас бостандығын сұрайды. Әкесінен айрылған мұңлы, анадан ада, аға, інісі жоқ жалғыздығын айтып, өмір қызығын көрмеген жастығын айтып еңірейді:

—Ішкен асың бал шығар,
Артқан бір түйең нар шығар,
Еңіретпе, қазақ, еңіретпе,
Ұлың да, қызың бар шығар!—

деп зарлайды. Сонда Қабанбай:

—Ей, жарандар, жарандар,
Бері маған қараңдар,
Осы қызды тонама,
Тонап олжа бола ма?
Көзінен аққан қанды жас,—

деп қызды азат етіп, әкелген түйесін алады.

Түйе хайуаннан асқан өзгеше бір жануар болады. Басында қырық құлаш алтын бұйда, отыз ер арқасына мінгескендей, аяғының астынан ел көшкендей.

Атанды тамаша етті жұрттың бәрі,
Мұндай хайуан көрген жоқ жас пен кәрі.
Інісі Қабанбайдың ер Дәулетбай
Келіпті ағасынан сұрағалы.

Қабанбай жақсы көретін інісіне:

—Сұрама осы атанды мен десең сен,
Жүрейін өле-өлгенше қосымды артып.

Ағасының бұл сөзіне Дәулетбай ашуланады:

—Бұл түйені бермесең, сені көрмеймін, тіріде жолдас боп соңыңа ермеймін, өлсең, сүйегіңе енбеймін,—деп морт мінезімен, ашумен ауыр сөздер айтады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз