Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шора батыр (6-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

—Қарағымның қызығын көремін, алдан жүріп, ажалды өзім іздеп тауып өлемін!—деп қырық азаматпен Есім ақсақал жүрді.

Көптен былай бөлініп шыққан соң, Шұбар ат біресе олай, біресе былай ойнақшып, басын тұқырып алып қашып, Шораның астына тұрмай, қолын ауыртқан соң:

—Кел, ағалар, елсізде ат сынайық, «бөрі қашты» қылайық. Жақсы жора болсын,—деп,—Ал!—деп жөнелгенде, Шұбар ат басына бой бермей, Шораны алып, көзден ғайып болды да кетті. Көзінен көргендер аузы ашылып аңқиып, танаулары таңқиып, құр көкке қараумен бастары қайқиып: «Жын ба, шайтан ба, бізді алдап жүргендер ме, пері ме, жәдігөй сиқыршының бірі ме?»—деп ілгері басып жүрерін де білмеді, кейін қайтарын да білмеді. Айран асыр, таң-тамаша қалып, ілгері басқан аяқтары кейін кетіп, құр сүлделері келе жатқан сықылды.

Шора сол кеткеннен мол кетіп, жалпақ сары далада тоқтата алмайтұғындығын білген соң, аспан көкпен таласқан, бұлттан бойы әрі асқан Қапсағайдың қара тауының басына зымыраған бойымен ұшқан құстай барды да, шықты. Ар жағына қараса, қара құрттай қыбырлап, құмырсқадай жыбырлап, бақайшағы майысып, қабырғасы қайысып келе жатқан қалмақтың қалың қосынын көрді. «Қой, мұның алдынан шықпайын, асылық болар, артына түсейін»,—деп қыраң жерден қылт етіп, ойпаң жерден бұлт етіп, артынан зып етіп, жетіп келді дейді. Жөн сұрауға да аузына түспей, сасып қалды.

—Неғып жүрген жансың?—дейді.

Сонда Садырқұлға былай деп жауап қайырды:

—Мен бір арық қазғанмын,
Су таба алмай азғанмын.
Жоқ жоғалтқан сергелдең,
Жоқ іздеген жазғанмын.
Аяулыда алты ат жоқ,
Тоқымды жүзде торы ат жоқ.
Оны дағы қайтейін,
Сылдырлаған еді сырғасы,
Сенделіп жүр жорғасы,
Мақпалдан еді дорбасы,
Он атым және қабат жоқ.

Сөз түрін таныды. Жалғыз-ақ сасқаннан, аузына сол сөз түсті:

—Атып таста жалғызды,
Қағып таста жалғызды,
Жұлып таста жалғызды!—
деді дейді. Ол пәлен-паспадан деп былшылдап жүргенде айтқан аузын жиғызбай, тақымына басып, ала қашып, Қапсағайдың Қаратауының басына апарып домалатып тастай берді де, қайта оралып, қалың қосынға топалай тиген қойдай болды. Қынадай қырып, танауларын жырып, тірідей көрін қылып, тырнадай түтіп, жұлып, тып-типыл қылып тастап, жалғыз өзі қалып, Қапсағайдың басына шығып, демін алып отырғанда, кейінгі қырық азамат үрейі ұшып, зәресі қалмай шошып, әрең зорға келіп жетті.

—Не көрдің, не білдің?

—Ел көріне ме, жау көріне ме?—дегенде:

—Дәнеме де көргенім жоқ. Мына жерде домалап біреу жатыр. Сөйлескенім де жоқ,—дейді.

Бұлар барса, Садырқұл екен.

—Неғып жатырсың?—дегенде:

—Өз еркіммен осылай жатуға мені жынданды дейсіңдер ме? Нәрікұлы Шора деген ер шығып, жеке де басы зор шығып, тулақ сабағандай шаңымды қағып, бақайшағымды шағып, ыңыршағымды отқа жағып, көшірменің қу басындай домалатып тастаған соң, жатпағанда не қылмақшымын?!—дейді.

Сонан соң бұлар Садырқұлдың танауын таңқитып кесті, ұртынан тесті. Бәрі бас қосып, көтеріле аттанып барып, қалмақтың қалған елін шауып, шаншып, таптап, жаншып, шек-қарнын әбден аршып, өздерінен олардың қолына түскен малдың, жанның көзін түгел алып, бетіне келгеннің басын шайнап, қарсыласпағанның малын айдап, ұлын—отын, қызын қатын қылып, қызыл ділдә, ақ жамбыға етегі толып, ырғап-жырғап еліне аман-есен қайтып келді, Қазанды бір толтырды дейді.

Баяғы кейін қалған қырық үйлі Таманы мың үйлі Жасыл түрікпен Қарахан бас болып келіп, қайта көшіріп алып кеткен екен. Тасыр мерген:

—Тиме, мұның түбі насырға бір шабар,—деп көп айтқан екен. Жалғыз оның тілін адам алмапты. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпақ па?» Сонан соң Тасыр мерген хабаршыға жалғыз өзі келген екен.

Шора батыр Тасыр мергенді қасына ертіп алып, жапа-жалғыз барып, мың үйлі Жасыл түрікпенді шауып, шаншып, езіп, жаншып, елін көшіріп, ырғап-жырғап, Қазандағы көп үйіріне аман-есен әкеліп бір қосты дейді. Сөйтіп, барша мұрат басына, сақалы көтіне жетті дейді.

Бала күнімізде естуші едік:

«Тама басын сұрасаң, батыр Шора әр жерге ұрыс салды. Ағаш қора, жаз жайлау, қыс қыстаудың бәрін де алды. Балаңды беремісің соған бола. Ақырында: «Бұл жерді орыс алады!» деп Стамбул жұртына ауып кеткен» деп есітеміз.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз