Шора батыр (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
—Бұл немене?—деп шошып қалды.
Қырық бала мән-жайын айтты.
—Ел мың үйлі Жасыл түрікпен «шабамыз» деген соң үркіп кетті. Сені қимай біз қасыңда қалдық,—деген соң:
—Ай, олай болса, маған бола сендер өлмеңдер. Аманында ел табыңдар!
Қырық қашыр қазынамен
Жалғыз өзім қалайын.
Көтерсе Құдай талайым,
Түрікпеннің басына
Заман ақыр салайын.
Аллам аман сақтаса,
Бір күндерде өзім жетіп,
Соңыңнан барайын,—
деп бәріне де рұқсат берді. Қырық қашыр қазынаны далаға үйді. Қырық қашырды жалғыз өзі жайып тұрды. Әліби келе жатып, анадайдан Шораның қарасын көрді:
—Қата қалғыр, қабысқыр! Жүресінен жатып қан құсқыр! «Хан болса, қазынаға шабар; қара болса, маған шабар!» деп тұрғанын қарашы!—дейді. Сонда Шора сөйледі дейді:
—Қазынаны алсаңызшы,
Алып ханға барсаңызшы.
Қалағаның Шұбар ат болса,
Оны өзің күшіңді асырып алсаңызшы!—дейді.
Сонда Әліби айтады:
—Қазынаны ала білме,
Алып ханға бара білме,
Хан тілегі бұл емес,
Алып, пәлеге қала білме!—дейді.
Шора тұрып айтты:
—Қазынаны алыңыз,
Алып ханға барыңыз!
Алмасаң және өзің біл,
Кеше көрген қарындас
Бір күн тағы керек болар,
Өзіңе олжа жаныңыз,
Төгілмесін қаныңыз!—дейді.
Әлібидің қақырғаны қақсиды,
Түкіргені түксиді,
Ителгі құстай өңештеп,
Балаға қарай ұмтылды,
Сонда Шора ұмтылды,
Қаршыға құстай талпынып.
Ашуына сыймай алқынып, айқаса кеткен жерде Әлібиді-ей тақымына қыстырып, бір төбенің басына апарып тастай берді. Әліби аттан жығылған соң, қалған қырқы сасады, өткелсіз суға қарай қашады. Ебідей мойнын созады, жер басқаннан озады. Қырқын қырық жерге домалатып бықбырт қылып тастайды. Қырық қашыр мен қырық атты алып, елінің соңынан барады. Елі «жасыл түрікпеннің ауыр қосыны келіп қалған екен!» деп мал-жанын тастай қашты дейді. Атты, қашырды бәрін тастай беріп, жалғыз өзі барып елін тоқтатты дейді. Ел тыныштанып қонды. Жатып ұйықтайын деп еді, шешесі:
—Жатпа, балам,—дейді,—Сен бір жатып қалған соң, жиырма күнсіз оянбайсың. Мың үйлі Жасыл түрікпен артымыздан келіп қалса, сені өлтіреді, елді жесір қылып шабады. Қазан деген жерің бар, Тама деген елің бар. Бізден өзің аман кетсең, басың аман күнінде туған-туысқан еліңе жетсең, сен тірі аман күніңде түрікпен келгенмен, біздің бүртігімізге тие алмайды,—деген соң бала ұшып түрегеліп, «Елің бар, жұртың бар» деген сөзді естіп, қуанып кетіп, Шұбар атқа қамшы басып, «Шу!» деп жөнеле берді.
Сонда Шораның жүріп бара жатқанда айтқан сөзі:
—Түрікпеннің төрінде,
Шамбылдың асқар белінде,
Шыға жайлап шет қонған,
Қырық үйлі Тама ішінде
Кірсіз киім кимеген,
Аллаға тілі тимеген,
Күндік жерге жүрмеген,
Өз үйінен басқа үйге
Басын сұғып кірмеген.
Қара басы хан болған,
Өз алдына шар болған,
Нәріктің ұлы Шорамын,
Мен Қазанға барамын.
Мен Қазанға барғанша,
Күн жаумасын, қар жаусын,
Қар жаумасын, мұз жаусын,
Мұз жаумаса, қан жаусын,
Ат басын неге бұрамын?!
Сонда Шора келе жатса, тас бұлақтың басында, Тасыр мерген жатыр екен.
«Атысарға оғы жоқ, шабысарға қылышы жоқ болғандықтан Әлібиді өлтірді»,—деген соң Қарахан жіберген екен:
—Алдынан озып барып, жолын тосып, жасырынып жатып, Шораны көздеп атып, жалғызынан жайратып, зығырданын қайнатып кел!—деп.